Ауылға кетеміз бе, қайтеміз?

Сабырбек Олжабай, «Ońtústik Qazaqstan».

...Мектепке кетіп бара жатыр едім, алдымнан Камал апай шықты. Олардың үйі көшенің бел ортасында. Ағылшын тілінен сабақ беретін апайымыз ғой, сабақта қаталдау көрінеді. Бірақ, төбемізден әңгіртаяқ ойнатқанын көргеніміз жоқ. Оның сол қаталдау қас-қабағының өзі жеткілікті. 
Міне, сол апайымыз жолдың бойында не әрі, не бері жүрмей, кілт тоқтап тұр. Әлде менің кеше апайды өзімсініп (жақын ағамыздың жұбайы еді) сабағынан қашып кеткеніме ескерту жасағысы келіп тосып тұр ма екен? Ішім қылп ете қалды. Айналып өтуге болмайды. Бұрылып кетуге көше қиылысы емес. Амал жоқ, жақындай түстім.
– Тентек бала, тоқтай тұр, – деді жеңешем.
«Әп, бәлем! Ұсталған деген осы!».
– Бері кел! – деді апайым.
Жанына бардым. Оңашада төбемнен оймақ алмақ па, немене?!
– Әне, атаң келе жатыр. Өтіп кетсін. Тоса тұрайық, – деді Камал апай.
«Е, атадан ұялып тұр екен ғой. Бәсе!».
Бектас ата есегін қайқаңдатып жақындап қалды. Камал апай еңкейіп сәлем жасады.
– Көп жаса, балам!
Атамыз ұзаған соң мектепке қарай жүрдім.
– Үлкен кісінің жолын кеспеу керек. Бұдан кішірейіп қалмайсың, – деді жеңешем. 
Менің кеше сабағынан қасақана қашып кеткенімді білмейтіндей ләм-лим деп тіл қатпады.
Мен ұялып келе жаттым.
Содан бері де талай су ақты, талай жыл зымырап өте шықты. Ауылға барған сайын осы көрініс көз алдыма келеді. Сол замандарда үлкендердің алдын кесіп өткен келін көрмеппіз. Олар түгілі ер балалардың да алдын кесіп өтпей, құрмет көрсеткен жеңешелеріміз бар еді. «Мұныңыз не?» десек, «атаның баласы ғой ол» деп келте жауап беретін. Жас келіндерді былай қойғанда сарықарын жеңгелеріміз де осы салтты ұстанатын. Бұл қалыпты жағдайдай сезінуші едік. Кейде еркелігіміз ұстап кетіп кергіп, әдейі жүрісімізді баяулатамыз. Мұндайда жеңешелер «атаның баласы, жүрісіңді тездетсеңші. Асығып тұрмыз» деп зілсіз ұрсатын. «Қайда асығасыз? Ағама ма?» деп мұндайда тілінің қыршаңқысы бар балалар жас жеңгелерін бір мүйіздеп өтетін. Қарсы дау айту қайда, жас жеңгелер қызарақтап қала беретін. 
Осының бәрі қазақы тәрбие, ізеттілік, ибалылық екеніне кезінде мән бермеппіз. Тәрбиенің тамыры ұлттық құндылықтарда, қазақы қалыпта екеніне терең бойламаппыз.
Өткенде жұмыстан қайтарда автобусқа міндім. Салонда жақын келін отыр екен. Орнынан ұшып тұрып, сәлем жасады. «Көп жаса!» деп бата бердім. Салон іші лық толы еді. Сәлем салудың жоралғысын жасамаса да оған артар кінәм жоқ болатын. Бірақ, оның ибалылығына, тәрбие көргеніне риза болып қалдым. 
Тағы бірде көшеде келе жаттық. Қасымда қалаға танымал үш-төрт қаламгер бар еді. Өзара әлденені әңгімелеп келе жатқанбыз. Кенет алдымыздан бір келіншек көрінді. Жүрісі суыт. «Япырай» дегенімізше болған жоқ, алдымызды кесіп өте шықты. Арамызда жасы сексенге келген үлкен кісі бар еді. Сол кісіге жалт қарадық. Әлдене айтатын шығар деп аузын бақтық. Тырс етіп үн қатпады. Елемеді. Көрмеген болды. Қайтеді, қаланың қақатұяқ келіндері талай жолын кескен шығар. Қайсысымен айтысып-тартыса береді?
Менің есіме Камал апай, асыл жеңешелеріміз түсті. Алдымызды кеспей, жол шетінде тұрып қалғанда өзімізді ересек сезінуші едік-ау. Осылай ерте есеюге де ұмтылдық. Қазір ойлап отырсақ, бұл азамат атыңды асқақтату ғана емес, сыйластықтың, құрметтің ерекше бір үлгісі екен ғой.
Иә, бүгінде заман басқа, заң басқа. Құндылықтар өзгерді. Қалада мың сан әйел бар. Олардың қайсысына жолымызды кеспе деп айта аларсыз? Олардың да жұмысы бар. Жақын танысы болмаса кез келген үлкеннің бәріне жол беріп тұра алар ма? Осыларды ойласам, қазақтың қалыпты осы дәстүрі бірте-бірте ұмытылар ма екен деп зәре-құтым қалмайды. Оның үстіне теріс ағымдағылар «Құдайдан басқаға басыңды име» деп қайдағыны шығарып жүр емес пе?
Қалай ойлайсыз, ұлттық құндылықтарымыз бен қазақы қалпымызды сақтап қала аламыз ба?
Әй, ауылға кетпей болмас, тегі!

Пікір қалдырыңыз