Біздерде мынадай бар, мынадай бар...

Сабырбек Олжабай, «Ońtústik Qazaqstan».

Бүгінде алтыннан сарай салдырып, жұртты таң қалдырып жүргендер көп.  Еліңнің, қазақ халқының байып жатқанына қуанасыз! Мың өліп, мың тірілген халқымыздың Тәуелсіздік жылдары аңсар арманы орындалып, тұрмысы түзеліп, керуен-көшінің көлікті болғанына және шаттанасыз! Осындайда «бермесе де бай жақсы, жемесең де май жақсы» деген сөз ойға оралады. Бұл жерде бай біткеннен дүдәмалы дәметіп отырғанымыз жоқ. Әңгіме басқада.

Менің бір танысым болды. Пысық жігіт. Шаруасына қанттай.Тірліктері тап-тұйнақтай. Коммерциялық нысандарында не шаруамыз бар, бірақ, құжыраханасына барып жүрміз ғой, «патша сарайы осындай-ақ болсын!» дейтұғын баспанасы бар. Жердің бетіне шығып тұрған қабырғасының өзі үш қабатты. Жердің астында тағы бір қабат кең де жарық бөлмелерін көрдік. Бильярд ойнайтын бөлме дейсіз бе, сауна дейсіз бе, осы жерден табылады. Бұдан бөлек, тынығатын, шынығатын бөлмелері тағы бар.
Осы танысым үйіне барған сайын «бізде мынадай бар, мынадай бар» деп қонақ күтетін үлкенді-кішілі залдарын, әкесінің, шешесінің, әйелінің, өзінің, балаларының, немерелерінің жататын бөлмелерін көрсетуден жалықпайды.  Әр барған сайын үйіне бір өзгеріс жасап қояды. Оны көрсету оған да, бізге де қызық. Жоқ жерден әлдебір жаңалық ойлап табатын оның ізденімпаздығына тамсанамыз да.
Бір байқайтыным, қаншама бөлмесі болғанымен, бұл үйден кітапхана таппайсыз. Кітапхана түгілі бұл үйде кітаптың өзі ырымға жоқ.
– Мына бөлмеңіз кітапханаға лайық екен, – деп жорта ұсыныс айтқан боламын.
– Сен де айтады екенсің. Кітапхананың не керегі бар?  Кітап дегенің шаң-тозаң жинайтын нәрсе екен ғой. Онымен бір бөлмені толтырғанда ұтарым қайсы? – деп өзіме қарсы сұрақ қояды.
Иә, оның ұтары көп қой. Көп. Кітап – замана толқынында тербеліп, ішіндегі қымбат қазынасын  ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келе жатқан ой кемесі. Кітап – қарым-қатынастың, еңбектің, күрестің құдіретті құралы. Ол адамды өмір мен күрес тәжірибесімен байытады, оның өрісін кеңейтеді, оған білім береді. Бірақ, бұл досым мұны білгісі де келмейді. Оған дүние-мүлік жинағаннан, оларды дембіл-дембіл ауыстырып отырғаннан басқа қызық та, рахат та жоқ. Материалдық жағынан ешкімге тәуелді емес осы танысымның рухани аштыққа ұрынғанын, енді оның орнын ештеңемен де толтыра алмайтынын түсіндіре алмағаныма күйінемін.
Байлықты бақыт деп ойлаған әлгі досым  қолына кітап ұстап көрмесе де өзін зиялы қауым өкілімін деп есептейді. Үлкен, барлы-бағланды кісілермен шай ішкенін місе тұтады. Өзін зиялылар қатарынанмын деп санайды. «Кітап аяулы досы бола бастаған шақтан былай ғана әрбір жан өзін интеллигент бола бастадым деп санауына болады» демеп пе еді ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезов. Бірақ, қолына кітап ұстап көрмеген ол мұны қайдан білсін?
Жан дүниесі руханият әлемімен сусындаған, көкірек көзі ояу, көңілі ашық азамат әдебиет әлеміне де біртабан жақын тұрса керек-ті. Кітап бетін ашпаған, тек баюды ғана мақсат еткен адамның жүрегінен жылу іздей аламыз ба?  Асылық айтпайық, оның мына тапқан дүниелерінің ішінде нахақ көзден тамған жастың қаншалықты екенін Жаратқаннан соң өзі ғана біледі. Кей жұмысшыларының кейіп жүргеніне қарағанда  мұның да сау сиырдың тезегі емес екеніне көз жеткендей.
Дүниеден бай да өткен, жарлы да өткен. Алайда, олардың аты соңына қалдырған игілікті амалдарымен ұмытылмайды. Дін адамдарының сөзінше айтсақ, адамның тіршілігінде жасаған ізгі амалдары кейін өзіне сауап болып барып тұрады. Бірақ, мұны байлыққа көзі байланғандар білгілері келмейді. Өкініштісі де осы!
Бай-бағландардың барлығына бірдей топырақ шашудан аулақпыз. Өзіне лайық дүние біткен, айналасындағыларға қарапайымдылығымен, қайырымдылығымен ұнайтын зиялы, оқыған-тоқығаны көп кәсіпкерлерді де білеміз. Айталық, Шымкент қаласында Қилыбек Тұрлыбек деген азамат бар. Кітапты жастанып оқиды. Үйінің бір бөлмесі кітапқа толы. Оқып біткен кітаптарының бір бөлігін өзі оқыған мектепке тарту еткенінен де хабардармыз. Жетісай ауданындағы кәсіпкер Зиядин Ахметовтің  де үйінде  кітапхана бар. Қай қалаға барса да кітап дүкендеріне соғып, кітапханасын байытып отырады. Сосын Зиядиннің келген қонағына Абайдың өлеңдері  мен қара сөздері жинақталған кітап сыйлайтын дәстүрі бар. 
Осыдан шығатын қорытынды: кітап оқуға және жинауға ештеңе де кедергі келтіре алмайды екен. Тек көкірек көзіңіз соқыр болмаса болғаны...
Пікір қалдырыңыз