Халықтық коалиция өкілдері жастармен «Bir tolqynda»

Президент сайлауының маңыздылығы мен жастардың мемлекет саясатындағы рөлі жайлы да әңгіме өрбіді.

Бүгін Түркістанда «Жаңа Қазақстан: әлемдегі жаңа геосаяси жағдай» тақырыбымен «Bir tolqynda» диалог алаңы ұйымдастырылды. Аталған іс-шараға «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының Атқарушы хатшысы, ҚР Президенттігіне кандидат Қ.Тоқаевты қолдауға арналған облыстық қоғамдық штабтың төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Бейсен Тәжібаев, Қазақстан Халық партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ысқақ Ахметов, “Ақжол” демакратиялық партиясының мүшесі, облыстық мәслихат депутаты Ержан Үсентаев және өңірдегі белсенді жастар қатысты.

 

Ал, диалог алаңын «Jastar ruhy» Түркістан облыстық филиалының төрағасы Жансерік Жұман жүргізіп отырды. Әлемдегі геосаяси ахуал, «ақпараттық соғыс» тақырыптары талқыға түскен жиында алдағы Президент сайлауының маңыздылығы мен жастардың мемлекет саясатындағы рөлі жайлы да әңгіме өрбіді.

 

«Бүгінгі таңда кейбір алыс-жақын шет мемлекеттердің арасындағы геосаяси ахуал шиеленісіп тұр. Тіпті, ашық соғысқа кірісіп кеткендері де бар. Тиісінше, бұл жағдайлар Қазақстанды да айналып өтпейді. Сондықтан қай уақытта болмасын, кез келген жағдайға дайын болуымыз қажет. Алдағы Президент сайлауы да ел бірлігін нығайтып, геосаяси ахуалдарға сақадай сай болу үшін қолға алынып отыр. Сонымен қатар, қазіргі технология дамыған заманда әр адам, әсіресе жастар танымалдылықты емес, ең алдымен өздерінің қандай ақпарат таратып жатқанын ойлауы қажет. Өйткені, кез келген бұрыс ақпарат ұлтаралық, тіпті еларалық дау туғызып жіберуі мүмкін. Тағы бір айта кететін жағдай – Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде жастар саясатына ерекше көңіл бөлініп жатқандығы. Бұл сіздер сияқты белсенді, кез келген жағдайға бейімделген, талапты да табанды азаматтар үшін мол мүмкіндік сыйлайды. Өйткені, сіздер түрлі саяси кезеңдердің бел ортасында жүріп, тәжірибе жинап жатырсыздар. Ал, мемлекет басқару ісінде ең қажетті нәрсе – дәл осы тәжірибе. Сондықтан халық саны да, сайлаушылары да ең көп өңірдің жастары ретінде бір сәтке де белсенділіктеріңізді жоғалтпау маңызды. Сонда ғана өз армандарыңызға қол жеткізесіздер», - деді алғаш болып сөз алған Бейсен Дәулетұлы.

 

Ал, Ержан Рақымұлы осыған дейін Қ.Тоқаевтың бастамасымен елімізде жастарға көптеген қолдау қарастырылғанын атап өтті.

 

«Жастар – еліміздің болашағы. Сондықтан осыған дейінгі қолдаулар алдағы жылдарда да жалғасын табады. ҚР Президенттігіне кандидат Қ.Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында айтылған жастар саясатына жасалатын ерекше қолдаулар, кәсіп бастаймын деген жастарға 2,5 пайызбен берілетін несие сынды бастамалар соның бір дәлелі», - деді ол өз сөзінде.

 

Сондай-ақ, Ысқақ Жұмағалиұлы алдағы сайлаудың мән-маңызына тоқталды. Одан бөлек, жастардың сұрағына сәйкес, коалиция өкілі ретінде кандидат Қасым-Жомарт Кемелұлының өзге үміткерлерден басым тұстарын атап өтті.

 

«Біз қолдаған кандидат ең алдымен өте тәжірибелі, мықты дипломат. Екіншіден, ел басқару ісінде де тәжірибесі толысқан. Үшіншіден, халық соңғы жылдары Қ.Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған реформалардың тиімділігін көріп келе жатыр. Тиісінше, Қ.Тоқаев дәл осы реформаларды жалғастыра бермек», - деді ол.

 

Диалог алаңында сөз кезегін алған белсенді жас Бақдәулет Сейітжанов болса, «жастарды кәсіпке баулу процесін мектеп бағдарламасынан бастау қажет» деген ұсынысын айтты. Ерекше форматта өткен кездесу барысында қоғамдық штаб мүшелері әрбір 18 жастан асқан жас саяси науқанда азаматтық ұстанымын таныта алатынын атап өтіп, сайлауға белсене қатысуға шақырды.

Пікір қалдырыңыз