Нан иісі

Ажар Бермұханова, «Ońtústik Qazaqstan».

Украинаның Харьков қаласын жаудан азат ету шайқасында  жерлесіміз Ахмет Анарбаев батальон командирінің бұйрығымен  жау траншеясына түсіп, екі немістің көзін жояды. Граната лақтырып, сақылдаған пулемет үнін өшіреді. Кескілескен сұрапыл соғыста ауыр жарақат алып, 6 ай госпитальда жатады. Кавказдық ұлты құмық мұсылман дәрігер қазақ жауынгерін ажалдан арашалап қалады. 

  Жолым түсіп сол Ахмет ағаның қызы Бейбіткүлмен әңгімелесіп қалдым. «Балалық шақта бір түйір нанға зар болдым. Аштықтан қырылған адамдарды көрдім. Үлкендер өздерін өлімге қиып, соңғы асын бізге берді. Сол кездегі жеген нанның дәмі әлі ауыздан кетпейді. 1941 жылы 17 жасқа толғанымда соғыс басталып, 20 жаста деген құжатпен майданға аттандым. Жау оғы жағыма тиіп, 6 ай тілден қалып, тамақ жей алмадым, түтікшемен ас ішкізді. Жарақат жанымды қинаса да, өмірден үмітімді үзбедім. Бөлмеге нан иісі келсе, дегбірсізденіп, қабырғаны тырнаймын. Міне, содан  бері талай жыл өтсе де әлемдегі ең керемет иіс нан иісі» деп әкем  көзі тірісінде бізге айтып отыратын еді» дейді қызы.
Ахмет Анарбаев Қазығұрт ауданы, Жігерген ауылдық округінде 1924 жылы туған екен. Ата-анасынан ерте айрылып, бұғанасы бекімей, кеңшардың тірлігіне араласады. Жалғыз әпкесі Күләндә екеуі күнкөріс қамымен жүргенде Ұлы Отан соғысы басталып, әскерге алынады. Ташкент облысына қарасты Шыршық жерінде жауынгерлік дайындықтан өтеді.  Одан соң №153 гвардиялық атқыштар дивизиясында кіші сержант шенімен соғыс қимылдарына қатысады. «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады.
Соғыс бітіп, елге оралған соң партия жолдамасымен Мақтаарал ауданына «Достық» каналын қазуға барады. Бейбіт күндердегі еңбек  майданында жемісті еңбек етеді. Жеңістің  20, 30, 40 жылдық мерекелік медальдарын тағады. Мақта-арал ауданы, «Жетісай» кеңшары, Амангелді бөлімшесінде мақта шаруашылығына белсене араласады.
Құдай қосқан қосағы Сәрсенкүл екеуі 5 ұл, 8 қыз тәрбиелеп, олардан  немере, шөбере, шөпшек сүйді. Өнегелі отбасынан тараған ұл-қыздары бүгінде өз тіршіліктерін жасап жатыр. 
– Әкеміз бізге нанды қадірлеу жөнінде көп айтып кетті. «Ас атасы – нан! Оны адал кәсіппен тапқанда ғана сіңімді». Әкеміздің осы сөзі  жадымызда қалыпты. Сондықтан одан өрбіген біз ысырапшылдыққа жол бермей, нанымызды адалдан тауып жүрміз, – дейді  ұлы Маханбет.
Ахмет атаның ұрпақтары ауласындағы пеште нан жабылады. Нан иісі бұрқыраған отбасыда береке бар. Майдангердің үйінде болып, ұл-қыздарымен әңгімелесіп қайтқан мен осындай ой түйдім.

Қазығұрт ауданы.
Пікір қалдырыңыз