Кандидаттарды ұсыну басталды

Қазақстан тұрғындарын алда маңызы жоғары саяси науқан күтіп тұр.  Қазақ елі жаңа Президентін сайлайды. Осыған орай Президент сайлауына кандидаттарды ұсыну 23 қыркүйекте басталып, 11 қазан күні сағат 18.00-де аяқталатыны белгілі болды. Сондай-ақ, кандидаттарға қойылатын талаптар да ескертілді. Ол ҚР азаматы болуы; ҚР аумағында соңғы 15 жыл бойы тұруы; жоғары білімінің болуы; жасы 40-қа толған болуы; белсенді сайлау құқығының болуы; мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы лауазымда кемінде 
5 жыл жұмыс тәжірибесінің болуы; мемлекеттік тілді еркін меңгеруі тиіс.
Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петровтың айтуынша, әр кандидатты қолдау үшін 118 273 сайлаушының қолы жиналуы тиіс. Сондай-ақ, президенттікке кандидаттар қазынаға 3 млн. теңге жарна төлейтіндігі айтылды.
«Сайлау туралы Конституциялық Заңның 55-бабының 1-тармағына сәйкес президенттікке кандидаттар ұсыну құқығы белгіленген тәртіппен тіркелген республикалық қоғамдық бірлестіктерге тиесілі. Ұсыну туралы шешім республикалық қоғамдық бірлестіктің жоғары органы мүшесінің жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады» деді ол.
Сондай-ақ, ОСК төрағасының орынбасары кандидаттарды заң талаптарына сәйкес келетіндігі өтініш бергеннен кейін 5 күннің ішінде тексерілетінін айтты.
Ал, бұдан өткен кандидаттар үгіт-насихат жүргізуді 21 қазанда бастайды. Аталған шара 28 күнге созылады. Яғни үгіт жүргізу 18 қараша күні сағат 18.00-де тоқтатылады.
ҚР Президенті сайлауы бюллетеньдерінде «Барлығына қарсымын» графасы болады. Яғни сайлаушылар барлық кандидатқа қарсы дауыс бере алады. 
20 қараша дауыс беру күні, яғни сайлау өткеннен кейін, 21 қарашадан 27 қарашаға дейін сайлаудың алдын-ала қорытындысын шығару жүргізіледі. 
27 қарашадан кейін нәтижелерді белгілеу және сайланған президентті тіркеу іске асады деп белгіленген.
    
Саясат бөлімі.
Пікір қалдырыңыз