Қарызың қайтпаса, нотариусқа жүгін

Биыл Тәуелсіз Қазақстан нотариатына 25 жыл толып отыр. Біз осы мерейлі датаға орай Шымкент қаласының нотариусы Гүлстан ЖАНҰЗАҚПЕН сұхбаттасқан болатынбыз.

– Гүлстан Әбдірахманқызы, әңгімемізді нотариат тарихынан бастасақ...
– Тарихқа көз жүгіртсек, нотариаттың пайда болуы тым әріден басталады. «Нотариус» термині латынның «белгі» деген ұғымды білдіреді. Оның пайда болуы жекеменшіктің құқықтық қатынасын реттеу қажеттілігінен туындады. Кейін Ресей империясының құрамына кіруіне байланысты билер сотынан туындаған құқықтық қатынастарды реттеудің жаңа жүйесіне көшірілді. Кеңес өкіметі орнаған соң нотариаттық столдар жойылып, оның қызметтері мемлекеттік құрылымдарға берілді. Алайда, олар бұл жұмыстың үдесінен шыға алған жоқ. Сөйтіп, 1923 жылы «Мемлекеттік нотариат туралы» ереже қабылданды. 
КСРО ыдыраған соң Қазақстанның өз құқықтық базасы қалыптаса бастады. 1994 жылы «Құқықтық реформалардың мемлекеттік бағдарламасы туралы» қаулы қабылданып, онда нотариатты дамыту мен жеке нотариустар институтын енгізу мәселелері қарастырылды. Осылайша 1997 жылы Қазақстан Республикасының «Нотариат туралы» Заңы қабылданып, Қазақстандағы нотариустардың құқықтық мәртебесі айқындалды. Тәуелсіз Қазақстанның құқықтық тәжірибесінде «жеке нотариат», «нотариалдық палата» сияқты жаңа ұғымдар пайда болды. Міне, ширек ғасыр көлемінде бұл заң өзінің маңыздылығын дәлелдеді деп айта аламыз.
– Нотариус қызметінің бүгінгі қоғамдағы орны мен рөлі қандай?
– Бүгінде еліміз құқықтық қоғам құруға талпынып жатыр. Соған байланысты ел азаматтарының заңгерлік қызметке деген сұранысы ұлғайып келеді. Өздеріңізге мәлім, адамның құқығы мен бостандығын қорғаудағы өзінің басты міндетін біздің ел құқықтық институттар арқылы жүзеге асырады. Ал, осы тұрғыда, яғни халыққа білікті заңгерлік көмек көрсетуде нотариалдық кеңселердің атқаратын рөлі өте зор. Өйткені, кез келген құжатының заңды екенін куәландырғысы келген адам ең бірінші нотариустар қызметіне жүгінеді. Түрлі мәмілелердің шарттарына құқықтық сараптама жасау, тараптарға кеңес беру, іс жағдайын түсіндіру, жасалатын келісімдердің құқықтық зардаптарынан хабардар ету, олардың әрекеттерін заңнамалық актілерге сәйкес келетінін тексеру сияқты жұмыстардың барлығы – нотариустардың міндеттері. Осыған қарап-ақ, нотариустардың қоғамдағы орнын бағамдай беруге болады.
– Соңғы жылдары «Нотариат туралы» Заңға бірқатар өзгерістер енгізілді. Соған сәйкес, азаматтық істердің бір бөлігі судьялардан нотариустардың құзырына өтті. Бұл жүктеме нотариустарға қиындық тудырып жатқан жоқ па?
– Мен мұны заңнаманың жетістігі дер едім. Неге десеңіз, біріншіден, бұл берешекті өндіріп алу туралы талап-арыздар бойынша қағазбастылықтан арылтып, соттардың жұмысын едәуір жеңілдетуге мүмкіндік беріп отыр. Енді соттар оған жұмсаған уақытын күрделі істерге бөледі. Екіншіден, берешекті өндіріп алу жұмыстары да бұрынғыға қарағанда жеңілдей түсті. Ол үшін талапкерлерге сотқа жүгінудің қажеті жоқ, кез келген нотариус арызды қабылдай береді. Егер растау дәлелдері жеткілікті болса, нотариустың шешімімен қарызды туыстарынан, жұмыс берушіден немесе коммуналдық қызметтердің тұтынушысынан өндіріп алуға болады.
– Нотариаттық қызметті цифрландыруда қандай жаңалықтар ендірілуде?
– Нотариатты цифрландыру үрдісі осыдан он шақты жыл бұрын Бірыңғай ақпараттық жүйенің құрылған сәтінен басталған болатын. Содан бері бұл жедел қарқынмен дамып келеді. Былтыр цифрландыруға қатысты ҚР «Нотариат туралы» Заңына бірқатар өзгерістер енгізілді. Соның бірі – жылжымайтын мүлікке қатысты мәмілелерді ресімдеуде экоаумақтық қағидатының енгізілуі. Бұл азаматтардың уақыты мен қаражатын үнемдеп, мүлкін республиканың кез келген жерінде ресімдеуге мүмкіндік береді. Яғни тараптар мүліктің орналасқан жеріне қарамастан кез келген нотариусқа жүгіне алады. Сосын әрбір нотариаттық құжатқа автоматты түрде бірегей QR-код берілетін болады. Бұл құжатты бұрмаланудан сақтайды. Тағы бір жаңашылдық, енді азаматтар өз қалауымен нотариаттық іс-әрекеттерді электронды цифрлық қолтаңбасымен немесе цифрлық қолтаңбаға арналған графикалық планшеттің көмегін электрондық нысанда жасай алады. 
– Қазақстандық нотариаттың болашағын қалай елестетесіз?
– Еліміздегі нотариат жүйесі ең үздік заң жүйелерінің бірі екеніне сенімім мол. Ол ешқандай бюджет шығындарынсыз, мемлекеттің барынша аз қатысуымен жұмыс істеп жатыр. Бүгінгі нотариат әр азаматтың заң көмегіне деген конституциялық құқығын іске асырып отырған, әрі қолжетімді, барлық адам жүгіне алатын дербес жүйе ретінде қызмет көрсетеді. Былайша айтқанда, мемлекет ешқандай шығын шығармастан нотариат арқылы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отыр. Нотариат арқылы қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру және терроризмді қаржыландыруға қарсы әрекеттер бойынша да жекелеген бағыттарда жұмыс жүреді. Бір сөзбен айтқанда, нотариустар айрықша осындай мемлекеттік қызметтерді де атқарады.
– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Дәулет ЖҮСІП.




Пікір қалдырыңыз