Дөңгелегіңіз жарылса...

Дөңгелектің жарылуы – күтпеген жерден орын алатын өте жағымсыз жағдай. Мұндай жағдайда қалай әрекет ету керектігін алдын-ала білген дұрыс. 
Алдымен, қауіпсіз жылдамдық режимін ұстанудан бастаңыз. Сіз неғұрлым баяу жүрсеңіз, өмір сүру мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады. Себебі, доңғалақтың 80-90 км/сағ. жылдамдықпен жүріп бара жатып жарылуы 140-150 км/сағ. жылдамдықта жарылуға қарағанда әлдеқайда қауіпсіз болады. 
Доңғалақ жарылған жағдайда тежегішті түбіне дейін баспаңыз. Әрине, мұны айту оңай. Өйткені, біз төтенше жағдайға тап болғанда ақыл-ойымыз тежегіш педальды үздіксіз басып отыруға мәжбүр етеді. Ал, шын мәнінде, бұл әрекет көліктің ауытқуын одан сайын күшейтеді. Сондықтан тежегішті басып, қайта жіберіп, осы әрекетті бірнеше рет қайталау керек. Бірақ, тежегіш педальдан аяқты бірден алып тастамаңыз. Егер круиздік бақылауды қосқан болсаңыз, оны дереу өшіріңіз. 
Сондай-ақ, мұндай жағдайда көліктің рулін тік ұстау үшін бар күшіңізді салыңыз. Себебі, доңғалақтың бұрылуы көліктің тіктелуін едәуір қиындатады. Егер автомобиль бір бағытқа ауытқып бара жатса, онда сіз рульді қарама-қарсы бағытқа бұрып, автомобильдің тік траекториясын ұстап тұруыңыз керек. Бұл өте маңызды сәт. Әйтпесе, көлігіңіз жанымен сырғанап, жолдан ұшып кетуі мүмкін. 
Көлікті тұрақтандыру кезінде рөлді қатты бұруға да болмайды. Бұл әрекеттің салдарынан автокөлік аударылып кетуі әбден ықтимал. Мүмкіндік болса, көлікті инерция арқылы тоқтатыңыз. Қажет десеңіз, қозғалтқышты тежеуді де қолдануға болады. 
Кеңестер: 
● Егер автомобиль солға немесе оңға тартып кетсе, және руль ауырласа, онда алдыңғы доңғалақтардың бірі тесілген деген сөз. Ал, көлік дірілдей бастаса, онда артқы доңғалақтың тесілгені. 
● Егер жол талғамайтын көліктің доңғалағы жарылса, оның басқа көліктермен соқтығысу ықтималдылығы өте жоғары болады. Сондықтан мұндай автомобильдерді басқаратындар қауіпсіз жылдамдық режимін сақтауы қажет. 
● Қозғалыс кезінде әрқашан рульді екі қолыңызбен ұстаңыз. Өйткені, кенеттен доңғалақ жарылса, көліктің тұрақтылығын сақтау жалғыз қолға қиын болып қалады. 
● Дөңгелек тесілгенде көліктің басқа бөліктерін де зақымдауы мүмкін. Сол себепті, дөңгелекті ауыстырып, қозғалысты жалғастырмас бұрын, мүмкін болатын зақымдарды тексеріңіз. 
● Егер доңғалақ дымқыл жолда жарылса, жағдай нашарлайды. Сондықтан жаңбыр жауып тұрған кезде қауіпсіз жылдамдық режимін ұстанған дұрыс. 
Ескертулер: 
● Ешқашан көлігіңізге шамадан тыс жүк артпаңыз. Яғни көлігіңіз бен шиналардың рұқсат етілген максималды жүктемесін бұзбауға тырысыңыз. 
● Доңғалақтардың жарылуының ең көп таралған себебі – шина ішіндегі ауа қысымының төмен болуы. Статистикаға сүйенсек, доңғалақ жарылу жағдайларының 75 пайызына дәл осы жайт себеп болады. Өйткені, шинаның төмен қысымы оның қызып кетуіне соқтырады. Сондықтан жолға шықпас бұрын шиналардың қысымын тексеріп отырыңыз. 
● Танымал компаниялардың сапалы шиналарын пайдаланыңыз. Белгісіз өндірушілердің арзан шиналарынан аулақ болыңыз. Ешқашан пайдаланылған шиналарды сатып алмаңыз және ескі шиналарыңызды қалпына келтірмеңіз. 
● Бетон жолдар көлігіңіздің шиналарын қатты қыздырады. Мүмкіндік болса, әр 90-120 минуттық жүрістен кейін өзіңізді ғана емес, шиналар мен тежегіштерді де демалдырған дұрыс. 
● Шиналарыңыздағы протектор тереңдігін тексеріңіз. Егер ол тозған болса, дереу жаңа шиналар жиынтығын сатып алыңыз. 
● Көліктің шиналарына жол жиегінен немесе шұңқырдан зақым тиюі мүмкін. 
● Егер сіздің шиналарыңыздың қолданылғанына бес жылдан немесе жүрісі 40 000 шақырымнан асса, оларды ауыстыру туралы ойлану керек. 
Бастысы, мұның барлығы сіздің амандығыңыз үшін маңызды екенін есте сақтаңыз! 

Бетті дайындаған Бауыржан Ерман.

Пікір қалдырыңыз