Жаңа кадрлар жастар арасынан іріктеледі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дарынды жастар үшін ашық және тиімді әлеуметтік лифт құру идеясын ұсынды, бұл неғұрлым даярланған адамдарға басқару жүйесінде де, квазимемлекеттік секторда да басшы лауазымдарға орналасуға мүмкіндік береді. Бұл тапсырма қалай жүзеге асырылып жатқаны туралы, яғни Президенттік жастар кадрлық резерві жөнінде біз Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Өркен Балажановпен тілдескен едік.

– Өркен Байділханұлы, Сіздер осы резервке тестілеуге қатысуға ниет білдірушілер үшін жергілікті жерлерде қандай дайындық жұмыстарын жүргіздіңіздер?
– Департамент қызметкерлері Түркістан облысының аумақтық департаменттерінде, облыстық басқармаларында және аудан мен қала әкімдіктерінде Президенттік жастар кадрлық резервін (ПЖКР) іріктеу кезеңдері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Сонымен қатар, департаменттің интернет-ресурстарында (facebook, instagram) іріктеу кезеңдері туралы бейнесюжеттер жарияланды, сондай-ақ, мамандар ПЖКР мәселелері бойынша тікелей эфирлерге шықты.
Түркістан облыстық жастар ресурстық орталығында Президенттік жастар кадрлық резервінің мақсатын түсіндіру бойынша өңірдің белсенді жастарымен кездесу өткізілді. Сондай-ақ, «Түркістан» телеарнасындағы «Жаңа толқын» бағдарламасында сұхбат бердік.
Айта кету керек, департаментте осы іріктеуге қатысуға ниет білдірушілер үшін арнайы тіркеу бұрышы ашылған болатын, онда үміткерлер pkrezerv.gov.kz. сандық платформа бойынша іріктеуге құжаттарды тапсыру мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар, аталған бұрышта департамент мамандары іріктеуге қатысуға ниет білдірушілер үшін кеңестер мен түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
– Үміткерлерге қандай талаптар қойылады?
– «Президенттік жастар кадр резервінің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 27 тамыздағы № 141 Жарлығымен бекітілген Президенттік жастар кадр резервін қалыптастыру қағидаларына сәйкес, резервке іріктеуге отыз бес жастан аспаған, жоғары білімі бар және еңбек өтілі бес жылдан кем емес Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады.
– Қанша өтінім түсті, тестілеу қалай өтті? Осы жөнінде айта отырсаңыз?
– 2019 жылы ПЖКР-ға бірінші іріктеу кезінде қатысуға республика бойынша 7312 өтінім келіп түсті. Ал, 2021 жылы өтініш бергендердің саны 8638 адамға жетті, оның 564-і Түркістан облысынан.
Ережеге сәйкес резервке іріктеу 6 кезеңнен тұрды: 1) кандидаттардың құжаттарын қабылдау; 2) мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау; 3) ахуалдық міндеттерді шешу; 
4) құзыреттерді бағалау; 
5) резервке іріктеу жөніндегі сараптама комиссиясында кандидаттармен әңгімелесу; 6) сарапшылық комиссия резервке алу үшін ұсынған кандидаттарды Ұлттық комиссияның отырысында қарау.
Резервке іріктеу кезеңдері ақпараттық жүйелерді пайдалана отырып жүргізілді.
– Іріктеуден қай аймақтардың үміткерлері көбірек өтті? Оның ішінде қанша түркістандық болды?
– Іріктеу кезеңдерінен Нұр-Сұлтан қаласынан өткен үміткерлер шамамен 35-40 пайызды құрады, алайда,  олардың көбі еліміздің басқа өңірлерінің тумалары болып табылады. 2019 жылы іріктеуде Түркістан облысынан – 19 үміткер, 2021 жылы 
2 үміткер іріктеудің барлық кезеңдерінен өтті.
– Резервтегілер немен айналысады? Қызметі көтерілгендер бар ма?
– Екі іріктеу қорытындысы бойынша республика бойынша 350 резервші қабылданды. Қазіргі уақытта соның 245-і жұмысқа орналастырылды. Оның ішінде, орталық мемлекеттік органдарға – 120 резервші, жергілікті органдарға – 42, ұлттық компанияларға – 47, өзге де мекемелерге және жеке ұйымдарға 36 резервші тағайындалды. Бұл ретте саяси лауазымдарды 18 резервші атқарады.
Түркістан облысы бойынша екі іріктеу қорытындысы бойынша ПЖКР-ға 21 резервші қабылданды. Айта кету керек, бірінші іріктеу кезінде осы резервке алынған Түркістан облысының 19 тумасы бүгінгі таңда халық шаруашылығының түрлі салаларында табысты еңбек етуде.
ПЖКР-нің бірінші іріктеу резервшісі, Алматы қаласының тумасы И.Досқожаев Түркістан облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары қызметін атқарады. Қазіргі уақытта екінші іріктеу қорытындысы бойынша кадр резервіне алынған үміткерлерден Түркістан облысының 2 тумасы жоғары лауазымды қызмет атқарып отыр. Атап айтқанда, А.Әбен – Әділет министрлігінің халықаралық экономикалық интеграция бойынша жобаларды сараптау департаменті директорының орынбасары, М.Байсалов – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы лауазымын атқарады.
– Өркен Байділханұлы, сөз соңында департамент резервшілерді басшылық лауазымдарға жылжыту үшін қандай шаралар қолданатыны жөнінде айтып өтсеңіз.
– Елімізде ПЖКР-ға үміткерлерді тарту  және резервшілерді жұмысқа орналастыру  жалғастырылады. Қазіргі уақытта Түркістан облысы әкімі аппаратының алдына резервшілерді басшылық лауазымдарға ілгерілету міндеті қойылды. Департамент мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган ретінде осы жобаны іске асыруда іріктеудің дайындық кезеңінде, сондай-ақ, резервшілерді одан әрі ілгерілетуде көмек көрсетеді. Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 91-бабының 1-бөлігіне сәйкес, осы Кодексте көзделген жағдайларда, әкімшілік рәсімге қатысушы әкімшілік актіні қабылдауға байланысты әкімшілік әрекетке (әрекетсіздікке) шағым жасауға құқылы.
– Сұхбатыңызға рахмет! Еңбектеріңіз жемісті болсын!

    Сұхбаттасқан Баян ДАРҒОЖИНА,
«Ońtústik Qazaqstan».
Пікір қалдырыңыз