Мәселелер оң шешімін табады

Облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысын кеңес төрағасы Б.Жылқышиев ашып, жүргізіп отырды. Аталған жиынға қоғамдық кеңес мүшелері, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Самат Нұрдәулет және салалық басқарма басшылары қатысты.

Күн тәртібіне 12 мәселе шығарылып, тиісті басқарма басшылары баяндама жасады. Алғашқы болып сөз кезегін алған облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараев өңірдегі дене шынықтыру және спорт саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды жүзеге асыру бойынша атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың базалық негіздемесі Жобалық басқару кеңсесімен бірлесе отырып қызмет атқару екендігін айтқан баяндамашы басқарма қызметкерлері мен басқармаға қарасты мемлекеттік мекемелерде Қазақстан Республикасының заңдарымен тыйым салынған іс-әрекеттерді жасамауға, заң бұзушылыққа жол бермеуге, мемлекеттік қызмет тәртібін және Әдеп кодексі нормаларын қатаң сақтау, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау бойынша апта сайын өткізілетін лездемелік жиналыстарда ескертілетіндігін тілге тиек етті. Аталған басқармада былтыр сыбайлас жемқорлық көрінісі орын алғаны белгілі. Осыған байланысты сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында басқарманың жауапты қызметкерлерінен жұмыс тобы құрылыпты. Бұл топ басқарма және басқармаға қарасты мекемелер мен квазимемлекеттік секторларда сыбайластыққа қарсы түсіндіру жұмыстарын жүргізумен айналысады. 

Кеңес мәжілісіне қатысушылар, сондай-ақ, «Түркістан облысындағы жасыл екпелерді күтіп ұстаудың және қорғаудың қағидаларын сақтау, сондай-ақ, қалалар мен елді мекендерінің аумақтарында қағидаларды бекіту туралы» мәселені талқылады. Бұл жөнінде облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқарма басшысының міндетін уақытша атқарушы С.Далиев баяндама жасады. Оның сөзінше, қағида мемлекеттік орман қоры учаскелеріне, республикалық және жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда, азаматтардың саяжай учаскелерінде өсетін жасыл екпелерге қолданылмайды. Ол облыста жасыл екпелерді күтіп-ұстау және қорғау саласындағы тәртіпті айқындайды, қатынастарды реттейді.

Сондай-ақ, «Түркістан облысы бойынша әлеуметтік маңызы бар қатынастардың тізбесін айқындау туралы» шешіміне өзгеріс енгізу туралы» Түркістан облыстық мәслихаты шешімінің жобасымен облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Р.Ибрагимов таныстырды. Жоба бойынша облыстық мәслихаттың шешімі қабылданған жағдайда тасымалдаушылардың тасымалдау шығындары аудан, қала әкімдіктері тарапынан субсидияланып, тұрақты жолаушылар тасымалы атқарылады. Яғни жобаны қабылдаудың басты мақсаты – елді мекендерді тұрақты жолаушылар тасымалымен қамтамасыз ету.

Кеңес мүшелері күн тәртібіндегі барлық мәселелерді жан-жақты талқылап, тиісті шешімдер қабылдады.

«Оңтүстік»-ақпарат.

Пікір қалдырыңыз