АМАНАТ БӘРІМІЗГЕ ОРТАҚ

Ұлттық байлық-бабаларымыздың бізге тастап кеткен аманаты.

Қазақтың ұлттық байлығы расында талайларды тамсандырып келеді. Жер қойнауындағы қазба байлықтарымыз талай ғасырдан бері ортақ қазына ретінде де пайдаланылды. Кеңес өкіметі тұсында солардың көбіне өзіміздің қолымыз жетпеді. Тәуелсіздік алғалы ұлттық байлықтар есебін тауып жекешелендіріп алғандардың қолында қалды. Айталық, Құдайдың қара суы. Ол барша адамның ортақ қазынасы емес пе? Немесе мұнайды алайық. Оны да біреулер жекешелендіріп алып, шылқып байып отыр. Мұны біліп, көріп отырған былайғы жұрт  тілін тістеп келді.

         Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Білім күнгі білікті Жолдауында көпшіліктің көкейіндегі осы бір сұраққа нақты жауап берді деп ойлаймын.  Президент  «ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру-реформаның басты мақсаты» деп өте орынды айтты. Әрине, ұлттық байлықты бір өзі қолтығының астына басып алатын ол Құдайдың ұлы емес. Мына дамыған елдерде ұлттық байлық халықтың барлығына теңдей бөлінеді екен дегенді баяғыдан еститінбіз. Міне, осы жақсылық бізге де жетті. Ендеше, Президенттің бұл қадамын ілгерілеудің, халық қамын ойлаудың бір көрінісі деп санау керек.  Өз басым осы жолдарды қайта-қайта оқып, разы болдым.

         Иә, ұлттық байлық-бабаларымыздың бізге тастап кеткен аманаты. Аманат бәрімізге ортақ.

                   Созақбай ӘБДІҚҰЛОВ,

                   Облыстық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы.

Пікір қалдырыңыз