Әлеуметтің жағдайын түзеймін десеңіз, әйелдің жағдайын түзеңіз

«1. Әркімнің еңбек ету бостандығына, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауына құқығы бар. Еріксіз еңбекке қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық жасауға кінәлі деп тану сот актісінің негізінде не төтенше жағдайда немесе соғыс жағдайында ғана жол беріледі».

(ҚР Конституциясы 24-бап, 1-тармақ).  

19 тамызда Нұр-Сұлтан қаласында «Ауыл әйелдерінің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту тәсілдерін іздеу және іске асыру» атты оңтүстік облыстардың өңірлік форумы өтті. Онлайн форматта өткен форумда Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарындағы ауыл әйелдерінің ахуалы баяндалды.
Аталған іс-шара Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауын, Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын іске асыруды мақсат тұтады. Ауылды тұрақты дамыту, әйелдер кәсіпкерлігін өркендету, ауыл тұрғындарының өнімді жұмыспен қамтылуы және өзін-өзі жұмыспен қамту арқылы әл-ауқат пен өмір сүру сапасын көтеруді міндет еткен форумда осы мәселелердің барлығы да әңгіме өзегіне айналды. 
Қазақстан ауыл әйелдері форумын ұйымдастыру комитетінің төрайымы, Мәжілістің экс- депутаты Майра Айсина қазіргі таңда ауыл әйелдерін жұмыспен қамту өте маңызды мәселе екендігін атап өтті.
БҰҰ мәліметтері бойынша  дамушы елдерде ауыл әйелдері жұмыс күшінің шамамен 43 пайызын құрайды. Қазақстанда ауылдық жерлерде әйелдер жұмыс күшінің 38 пайызын қамтиды.   
– Бүгінде жаңа Қазақстанды құрамыз, әділетті қоғам орнатамыз, халықтың әл-ауқатын арттыруға жағдай жасаймыз деген мақсат қойылды. Сондықтан ауыл әйелдері форумының бізге берері мол деп ойлаймын. Қазақстан халқының 40%-ы ауылда тұратынын ескерсек, форумда ауыл әйелдерінің ортақ мүддесіне қатысты мәселелер көтеріліп қана қоймай, ол оң шешім қабылданатын алаңға айналды, – деді комитет төрайымы.
Оның айтуынша, 2013 жылдан бері 50 мыңнан аса ауыл әйеліне «жасыл» технологияларды пайдалана отырып, бизнес құру және жүргізу бойынша қысқа мерзімді тренингтер өткізілген. Аталған іс-шара шалғай ауылдардағы іскер әйелдердің білімін жетілдіріп, олардың өзі қалаған кәсібімен айналысуларына мүмкіндік береді. Бұл жұмыс биыл да жалғасын табуда. «Коалиция арнайы әзірлеген farmerschool.kz платформасы өткен жылдан бері ауылдағы бизнестің 17 түрі бойынша оқыту курстарын ұсынып келеді. Олар «Мал шаруашылығы», «Саңырауқұлақтарды жабық жерде өсіру», «Құс шаруашылығы». «Үйрек-қаз өсіру», «Омарта шаруашылығы», «Кондитер цехы» және тағы басқа» деді Майра Айсина.
Соңғы 4 жыл бойы ауыл әйелдері мен жастары арасында 2030 тұрақты даму мақсаттарының көшбасшыларын анықтау бойынша жұмыс істеліп жатқанын атап өткен комитет төрайымы ауыл әйелдері мен жастарына жоғары мотивация, ақпараттық, әдістемелік және консультациялық қолдау көрсетуді мақсат етіп отырғандарын айтады. Олар жыл сайын «Ауыл әйелдерінің 100 жетістікке жеткен тарихы» жинағын шығарып, әр ауылдан мақтан тұтып, үлгі ететін халық батырларын қалыптастырмақ. «Олардың есімдері табысты оқиғалардың келесі төртінші кітабына енеді» деді комитет төрайымы.
Жасыл экономиканы қолдау коалициясы сарапшылары жүргізген зерттеу қорытындысына сәйкес, ауыл әйелдерінің басым бөлігі осы оңтүстік өңірлерде шоғырланған. 
Әйелдің мұңы – қоғамның мұңы деген қағиданы ұстанған форум ауыл әйелдерін алаңдататын басты мәселені де анықтап үлгеріпті. Бұл ретте жұмыссыздық мәселесі өзекті. Майра Айсинаның сөзінше, оңтүстік өңірлері бойынша, әсіресе, Алматы облысында әйелдер арасындағы жұмыссыздық көрсеткіші жоғары болып тұр. Осыған орай Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов бұл проблеманы  шешу үшін қандай жұмыстар қолға алынып жатқанын айтып берді.
– Әйелдер арасындағы жұмыссыздық мәселесін шешу үшін соңғы жылдары ауылдағы шағын бизнеске басымдық бере бастадық. Алматы өңіріндегі кәсіпкер арулардың саны да жыл санап арта түскен. Қазір облыс бойынша тіркелген шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 125 мың болса, оның 35%-ын әйелдер қауымы құрайды, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Оның айтуынша, мемлекет қолдауының арқасында көптеген әйел ауылда наубайхана, дүкен, жекеменшік балабақша, тігін шеберханаларын ашып, өз нәсібін табуға мүмкіндік алған.
Форумда Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының экономикалық мәселелер бойынша орынбасары  Жанна Тілеубекова өңірдегі жағдайды баяндады.
– Мұндағы тұрғындардың дені ауыл шаруашылығымен айналысады. Кәсіпкер әйелдердің де көпшілігі осы салада тер төгіп жүр. Оларды қолдау үшін алғаш рет облыста Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы ашылды. Орталықта әйелдер тегін оқиды. Оқытудың түрлері де бүгінгі қоғам сұранысына сай, – деді Жанна Асылбекқызы.
Сонымен қатар, онлайн өткен форумда Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев та сөз сөйлеп, өңірде ауыл әйелдерінің мәртебесін көтеру үшін жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Ал, Қызылорда облысында бүгінде тұрғындардың 49%-ын әйелдер құрайды. Олардың 54,5%-ы ауылда тұрады. Әйел педагогтардың үлесі – 73%, әйел медицина қызметкерлерінің үлесі – 87%. Өңірдегі кәсіпкер-әйелдердің 48,3%-ы ауылда еңбек етіп жатыр. 2022 жылғы 6 айда 171 жобаға қаржылай қолдау көрсетілген болса, оның 31-і ауылдардағы кәсіпкер әйелдердің үлесінде.
Форумды ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстары әкімдіктерінің қолдауымен «Жасыл» экономиканы қолдау және G-Global дамыту коалициясы» ЗТБ ұйымдастырды.
Айта кетейік, осыған дейін өткен форум Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстары мен батыс өңірлердегі белсенді, іскер, кәсіпкер әйелдердің басын қосқан еді. Жиында ауылдарды дамыту, олардың дамуына жағдай жасау, экономикалық белсенділікті арттыру, ауылдардағы жұмыспен қамту мәселесін шешу, әйелдердің өз кәсібін ашуға жаңа мүмкіндіктер беру мәселелері талқыланған болатын.
Бүгінде ауыл әйелдерінің отандық бизнесті дамыту бағытындағы жұмыстарын одан әрі жетілдіру керек. Өңірлерде жеке кәсібін ашқысы келетін әйелдер саны көбейіп келе жатыр. Үкімет тұрғылықты жеріне, жынысына, жасына қарамастан халықтың білім алуына, кәсіпкерлікті дамытуына және жұмысқа орналасуына жағдай жасау бойынша кешенді шаралар қабылдауда. Ауылдық жердегі әрбір үшінші әйел өзін- өзі жұмыспен қамтыған, соның ішінде үй шаруашылығындағы табыспен күн көретіндер де бар. Ауыл шаруашылығымен қатар өзін-өзі жұмыспен қамтыған әйелдердің басым бөлігі көтерме және бөлшек саудамен айналысады.
Еске салсақ, ауыл әйелдерінің форумы алғаш рет 2018 жылы ұйымдастырылған болатын. Осы айналдырған төрт жыл аралығында түрлі деңгейде өткен форум 7200 қатысушыны қамтып, ауыл әйелдерінің кәсіпкерлікке келуі, оны іске асыруы, қиындықты жеңіп, табысқа қол жеткізуі сынды 100 тақырыпта семинар-тренингтер ұйымдастырылды, оған 326 селолық аудандардан  400 спикер тартылды. Ауыл қыз келіншектерінің кәсібін қолдауда бұл форумның берері мол. 2018-2021 жылдар аралығында 97 кәсіпкер-әйел арнайы грантқа ие болып, олардың жүргізіп отырған кәсібінің арқасында жаңа 300 жұмыс орны ашылды. 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту мақсатындағы ұлттық жобаны жүзеге асыруға 6,5 млрд. теңге бөлінген.

Б.ДӘРІҚОЖА.   
Пікір қалдырыңыз