Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз ғұмырлы болсын десек

Мемлекет болған соң оның конституциясы болады. Конституциясы жоқ мемлекет кемде-кем. Конституция сол елдің салт-дәстүріне, мақсат-мүддесіне лайықталады. Біздің өмірімізде де Ата Заңның алар орны ерекше. 

Егер тарихты сөйлетсек, Ата Заң – бабалар аманаты. Ғасырлар бойы шапқыншылық болып, астан-кестең оқиғалар мен өзгерістер орын алса да ата-бабамыз екі құндылықты – Сөз құдіреті мен Заң құдіретін мәңгі сақтап қалды. Алғашқы Қазақ хандығы құрылған соң көп ұзамай ата-бабалар дәстүріне сай 1511 жылы 19-баптан тұратын Негізгі заң қабылданған. Оған қазақ «Қасым ханның қасқа жолы» деп ат қойып, айдар таққан. 1690 жылы Тәуке хан «Жеті жарғыны» қабылдады. Бұл Заң – жеті әдеттік құқықтық жүйеден тұратын қоғамдық қатынастарды реттейтін салалардың жиынтығы. «Жеті жарғыны» жасауға Ұлы даланың данагөй билері белсене атсалысыпты. 
1993 жылы 28 қаңтарда тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Конституциясы қабылданды. Ол 4 бөлім, 21 тараудан тұрды. Алайда, уақыт өте келе бұл Конституция заман талабына жауап бере алмады. Сондықтан 1995 жылы 30 тамызда біздің қоғамымызда өзгерістерге, жаңа талаптарға сай толықтырылған жаңа Конституциясы өмірге келді. 1995 жылы 30 тамызда елдің жаңа Конституциясын қабылдау жөнінде бүкілхалықтық референдум өтіп, оған сайлаушылардың 90,58 пайызы қатысты. Олардың 89,14 пайызы жаңа Конституцияның қабылдануын қолдады. 
1995 жылғы Конституцияны талқылау кезеңінде еліміздегі беделді заңгерлерден бөлек, Францияның конституциялық кеңесінің өкілдері, осы елдің мемлекеттік кеңесінің мүшелері, Ресей зерттеу орталығының ең беделді заңгерлері жобалық жұмыстың жоғары талқылау шараларына атсалысты. Айта кетейік, тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет бүкілхалықтық талқылауға салынған да, елдің көптеген пікірі ескерілген  Негізгі заң да осы – 1995 жылы қабылданған Конституция. Қазір келтіріліп жүрген ресми мәліметтерге қарасақ, құжатты талқылауға 3 млн. 345 мың адам қатысыпты. Жұртшылық тарапынан 31 мың 886 ұсыныс түссе, соның 1 мың 100-і Конституция жобасына енгізілген.
Осылайша, дүниеге келген Конституция тәуелсіз мемлекет ретінде дамуымызға даңғыл жол салып, елдің бетке алған бағдарын заңдық тұрғыдан шегелеп берді. Қазіргі Ата Заң 98 баптан, 9 бөлімнен тұрады. Конституция негізінен әлемдік тәжірибеде жиі қолданылатын, халықаралық Адам құқығы туралы декларацияға (1948 жылы 10 желтоқсан, Нью-Йорк) және 1989 жылы 20 қарашада қабылданған Балалар құқығы туралы конвенцияға сәйкестендіріліп жасалған.
Ата Заңның әр бабы шежіре, тарих. Конституциямыз – басты құжатымызға биыл өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның тірегі» атты ХХХІ сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум өткізуді ұсынды. «Конституцияға түбегейлі сипаттағы және елдің саяси жүйесін түбегейлі өзгертетін өзгерістер енгізу бастамасын көтердім. Біз жаңа мемлекеттік модельге, мемлекет пен қоғам арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа форматына көшіп жатырмыз. Мұндай сапалы ауысуды екінші республика деуге болады» деді Президент.
Жұмыс тобы негізгі заңның 33-бабына 56 түзету дайындады. Ал, бұл – бүкіл Конституцияның үштен бірі. Елдің саяси жүйесін түбегейлі өзгертетін  өзгерістердің негізгілеріне еліміздің суперпрезиденттік басқару формасынан Парламентті күшейтуге көшуі, Президенттің туыстарына жоғары мемлекеттік лауазымдарға орналасуға тыйым салуы, халыққа жер мен оның қойнауын бекітіп беруі, азаматтардың Конституциялық сотқа өз бетінше жүгіну мүмкіндігі, өлім жазасын жою, аралас сайлау жүйесі бойынша Мәжілістің депутаттық корпусын қалыптастыру, Сенатта президенттік квотаны қысқарту, Мәжілістегі Ассамблея квотасын жою, Парламент өкілеттігін кеңейту енеді. 
Республикалық референдум 5 маусымда өткені белгілі. Жалпыхалықтық дауыс беруге 8 миллионға жуық ел азаматы қатысты. Бұл референдумға қатысуға құқы бар тұрғындардың 68 пайызы. Олардың 77 пайызы өзгерістерді қолдап, дауыс берді. Жалпы ата заңның 33 бабына 56 түзету енгізілді. 
Сарапшылар атап өткендей, Конституцияға енгізілген түзетулер бойынша референдум өткізу – Қазақстан үшін жаңа саяси тәжірибе. Ең бастысы, Қазақстан мемлекеттігінің нығаюына, еліміздің дамуына, халқымыздың өсіп-өркендеуіне негіз қалап берген Конституция тәуелсіздігімізді тұғырлы етуге де әлеуетті екенін танытып отыр. Ендеше, әрбір қазақстандық Ата Заңымызды сыйлап, құрметтей білсе, сол игі! Сонда ғана тәуелсіздігіміздің тұғырлы, елдігіміздің ғұмырлы, бірлігіміздің бекем болары сөзсіз. 

Саясат бөлімі.
Пікір қалдырыңыз