Марат Әлиханов, облыс прокуроры: «Азаматтардың құқықтарын қорғауға әрдайым дайынбыз!»

Бәріміз білетіндей, биылғы жалпыхалықтық референдумның нәтижесінде Ата Заңымызға бірқатар өзгерістер енгізілді. Әсіресе, құқық қорғау саласына арналған ережелерді реформалауға басымдық берілді. Ата Заңға енген өзгерістердің қоғамның түрлі салаларына тигізер пайдасы қандай болмақ? Осы және басқа да сауалдардың жауабын табу мақсатында таяуда облыс прокуроры Марат Әлихановпен сұхбаттасқан болатынбыз. 

– Марат Тілеуқабылұлы, алдымен өз өмірбаяныңыз, еңбек жолыңыз жайында айтып өтсеңіз.
– Мен 1965 жылы бұрынғы Целиноград, қазіргі Ақмола облысына қарасты Есіл қаласында дүниеге келгенмін. Мектеп бітірген соң Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде «Құқықтану» мамандығы бойынша жоғары білім алдым. Ал, прокуратура органдарындағы еңбек жолымды 1989 жылдың қыркүйек айында Ақтөбе қалалық прокуратурасында тергеуші болып бастадым. Одан кейін Павлодар облысы, Ақсу аудандық сотының судьясы, сол облыстың Екібастұз, Павлодар аудандары мен Ақсу қаласының прокуроры, Бас прокуратураның заңды күшіне енген сот қаулыларының заңдылығын қадағалау басқармасының бастығы, Павлодар облысы прокурорының орынбасары, Бас прокуратураның сот актілерінің заңдылығын қадағалау және қылмыстық істер бойынша мемлекет мүддесіне өкілдік ету департаменті бастығының орынбасары лауазымдарын атқардым. 2012 жылдың наурыз айынан бастап ҚР Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарына қарсы күрес агенттігі Жамбыл және Ақмола облысы бойынша департаменттерінің бастығы қызметтерін атқардым. 2014 жылдың қарашасынан 2016 жылдың желтоқсанына дейін Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары және бірінші орынбасары болып, одан кейін Бас көлік прокуроры лауазымын атқардым. Одан кейін Павлодар облысы прокурорының бірінші орынбасары қызметін атқарып, 2020 жылдың ақпанында Түркістан облысының прокуроры қызметіне тағайындалдым. 
– Бүгінгі таңда облыс прокуратурасының қоғамдағы құқықтық рөлі қандай?
– Облыс орталығы атанған Түркістан қаласы еліміздің ғана емес, бүкіл Орта Азияның, тұтас түркі әлемінің рухани әрі мәдени орталығына айналды. Осы орайда облыс халқының әл-ауқатының артуына, ел мәртебесінің биіктеуіне өзіндік тарихы бар облыс прокуратурасының да қосып жүрген үлесі мол. Қысқа ғана уақыттың ішінде Түркістан облысының прокуратурасы аймақтағы заңдылықтың сақталуына қадағалауды күшейтіп, құқық қорғау органдары мен өзге де мемлекеттік органдардың заңдылықты, құқық тәртібін және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі қызметін тиімді үйлестіріп келеді. 
Өз кезегінде, Ата Заңның 83-бабына сәйкес, прокуратура мемлекет атынан Қазақстан Республикасының аумағында заңдылықтың сақталуына заңда белгіленген шекте және нысандарда жоғары қадағалауды іске асырып, сотта мемлекеттің мүддесiн бiлдiредi және мемлекет атынан қылмыстық қудалауды орындайды. Сондықтан біз үнемі заңдылықтың сақталуын бақылап, мемлекет мүддесі мен азаматтардың құқықтарын қорғауға айрықша назар аударамыз. Себебі, Ата Заңның 1-бабында «мемлекет үшін ең қымбат қазына – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп тайға таңба басқандай айқын көрсетілген.
Атап өтсек, осы бағытта 2022 жылдың басынан бері 122 мыңға жуық азаматтың, оның ішінде 38 мыңға жуық кәмелеттік жасқа толмаған баланың және жалақылары мерзімінде төленбеген 7 мың жұмысшының, 4 мың мүмкіндігі шектеулі жанның конституциялық құқықтары қорғалды. Облыс көлемінде 123 әлеуметтік нысанда мүгедектердің кіріп-шығуына жағдай жасалмағаны анықталып, 48 нысан қалпына келтірілді. Басқа да нысандар бойынша жұмыстар үздіксіз жүргізілуде.
– Жуырда Конституцияға енгізілген өзгерістер жайлы толығырақ айтып беріңізші. Ата Заңдағы сол өзгерістердің қоғамға және прокуратура саласына тигізер пайдасы қандай? 
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың референдум қорытындысы бойынша Қазақстан халқына жасаған Үндеуінде «Құқықтық реформа аясында Конституциялық сот қайта құрылады. Оның қаулыларына жедел әрекет ету тетігін енгізу қажет. Сонда азаматтарымыз осы аса маңызды институт қызметінің пайдасын сезіне алады. Жаңа, Әділетті Қазақстанда полицейлердің озбырлығына, біліксіз прокурорлар мен біржақты судьяларға жол берілмейді» деген болатын. Бас прокурор мен Адам құқығы жөніндегі уәкілге де Конституциялық сотқа жүгіну мүмкіндігін берген жөн. Бұл бастамалар әділ әрі құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды қадам болады деп сенемін. Сондай-ақ, институционалдық тұрғыдан тепе-теңдікті сақтауға ықпал етеді. Оған қоса азаматтарымыздың конституциялық құқығының қорғалуын жақсарта түседі.
Сонымен қатар, Конституцияға енгізілген түзетулердің арасынан мына төрт жағдайды ерекше атап өткім келеді. Біріншіден, Конституциялық Кеңестің Конституциялық Сот болып өзгеруі. Ол азаматтардың өтініштері бойынша олардың Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарына тікелей қатысты ҚР нормативтік-құқықтық актілерінің Республика Конституциясына сәйкестігін қарайтын болады. Екіншіден, өлім жазасына тыйым салынсын деген шешім қабылданды. Өйткені, ешкімнің өз бетінше адам өмірін қиюға хақысы жоқ. Үшіншіден, прокуратураның құзыреті, оның жасақталуы мен қызмет тәртібі Конституциялық заңмен белгіленді. Бұл құқық қорғау қызметінің жүйелі жұмыс істеуін және заңда белгіленген тәртіпке сәйкес мемлекет атынан ҚР аумағында заңдылықтың сақталуын қадағалауды күшейтеді. Төртіншіден, Конституцияның жаңа 83-1-бабының нормалары Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің құзіретін арттырады. Тиісінше, бұл уәкіл адамдардың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіруге жәрдемдеседі. Сондай-ақ, ол азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғау кезінде қандай да бір мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғаларға тәуелді болмайтын болды, ешкімге есеп те бермейді. Өз жұмысы барысында Конституциялық Сотқа жүгіне алады. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің құқықтық мәртебесі мен қызметін ұйымдастыру Конституциялық заңмен айқындалған. Осылайша прокуратура органдарының қызметкерлері азаматтардың елді басқару ісіне қатысу мүмкіндігін арттырып, саяси үдерістерді шын мәнінде демократияландыруға өз үлестерін қоса алады.
– Бұрынғысы бар, кейінгісі бар, Ата Заңымыз қабылданғалы бері қанша рет өзгерді?
– Жалпы, Заң уақыттың тынысын дөп басуы қажет. Уақыт талабы өзгергенде заңдарға да өзгерістер еніп жатады. Ата-бабаларымыз қолданған Дала Заңы ежелден-ақ құқықтық саясатымыздың негізі болған. «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» және Тәуке ханның «Жеті Жарғысы» секілді халқымыздың тарихи заңынан бастау алған бұл Ата Заңымызға да бірнеше рет өзгертулер енгізіліп, толықтырылды. Себебі, Ата Заң – қоғамдық және мемлекеттік құрылыс негіздерін, мемлекеттік органдар жүйесін, олардың түзілу реттілігі мен қызметін, азаматтардың құқықтары мен міндеттерін айқындайтын мемлекеттік заң. Ол – еліміздің саяси, әлеуметтік, экономикалық дамуының тұрақтылығын да, серпінділігін де қамтамасыз етуге негіз болатын бүкіл құқықтық жүйенің тірегі. Ата Заң барлық мемлекеттік органдардың жоғарыдан төменге дейін ұйымдастырылуын, оның қызмет істеуінің демократиялық қағидаларын айқындап қана қоймай, олардың құқықтық жағдайларын үздіксіз жетілдіруге мүмкіндік туғызуда. Сол құнды құжатымыздың талаптарын орындап, жаңа заңдар қабылдап, барлық мемлекеттік органдардың құқықтық мәртебесін жан-жақты анықтадық. Бұл заңдар үнемі жетілдіріліп, өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, жаңа сипатқа ие болған сайын еліміздегі демократиялық реформалар тереңдей түсті. Бір сөзбен айтқанда, еліміздің басты саяси-құқықтық құжаты – біздің бүкіл жарқын істеріміздің қайнар бастауына айналды. Бұл мызғымас мемлекетіміздің алтын қазығы, бірлігі мен ынтымағы жарасқан елдігіміздің айнымас бағдары, келешегіміздің кепілі. Сондықтан өз Отанының патриоты болып, оның заңдарына бағыну – әрбір азаматтың борышы болып саналады.
Конституция қабылданғаннан кейінгі жылдарда еліміз барлық салада жетістіктерге жетіп, іргелі елге айналып, құқықтық-саяси тұрғыда дамудың жаңа кезеңіне өтті. Ата-бабаларымыз аңсаған Тәуелсіздікке қол жеткізіп, еліміздің еңсесі нығайып, көпұлтты Қазақстанымыз көркейіп, экономикасы өсіп-өркендеп, халқымыздың әл-ауқаты артып, дамудың даңғыл жолына түстік. Бұл жолда қыруар жұмыстар атқарып, ерен еңбекті қажет ететін күрделі өткелдерінен өтіп, алуан асуларды, биік белестерді бағындырудамыз. Мұның барлығы кезең-кезеңімен уақыт талабына сай жаңғырып келе жатқан Конституцияның арқасында орын алып жатқан жағдайлар.
– Қазір халықтың көзі ашық. Дегенмен, кей жағдайларда адамдардың құқықтары бұзылып жатады. Оларға қандай кеңес берер едіңіз?
– Қазіргі заманда әрбір азамат Ата Заңымызды, сол арқылы өз құқығын жақсы білуі керек. Әрбір істі Заң шеңберінде шешуге тырысу қажет. Себебі кез келген қателік Конституция ережелерімен қаралады. Ал, құқығы бұзылған азаматтар құзырлы органдарға өтінішхатпен жүгінуі тиіс. Осы орайда облыс прокуратурасы азаматтардың құқықтарын қорғауға әрдайым дайын екендігін айтқым келеді. Мәселен, өңірдегі қала, аудан прокурорлары күнделікті азаматтармен жеке қабылдау өткізеді. Облыстық деңгейдегі мәселелер бойынша жеке қабылдауға алдын-ала жазбаша өтініш беріп жазылуға және сенім телефонына (8 725 33 4-12-66) хабарласуға болады. 
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Бауыржан ЕРМАН,
«Ońtústik Qazaqstan».
Пікір қалдырыңыз