«Аллаға рахметімді айтамын! Халқыма рахметімді айтамын!»

Қойшығара САЛҒАРАҰЛЫ, 
жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты:

Бір кіндіктен жалғызбын
– Менің балалық шағым соғыстың алдында туған балалардың, оның ішінде малшылардың балаларының өмірімен өзектес. Айырмашылығы – қазақы ауылда өстім. Оны мен мектепке келгенде байқадым. Қойшының баласымын, жалғыз үй тұрдық. Араласып жатқан ел жоқ, келіп-кетіп жатқан жүргінші жоқ, тіпті машина атаулының өзі жоқ, ілуде біреу ғана. Айына бір рет «баскесер» аталып кеткен веттехник келіп, біз терісін сыпырып алып, құдыққа салып сақтап қойған өлген қойды актілеп, есептен шығарып кетеді. Ең жаманы – сасып кеткен малдың басын біздің өзімізге балтамен шаптырады. Өзі анадай жерде нұсқау беріп тұрады. Өлген малдың басы табылмаса, жоғалып кетсе, суға батып кетсе, сені «халық жауысың» деп айыптауға дайын тұрады...
Мен бір кіндіктен жалғызбын, менің мектебім – әкем мен шешем. Төбелестің не екенін білмей өстім. Қалың елді қырқым науқанында ғана көреміз. Жеті жасымнан қой қырқа бастадым.
Мен қойшының баласы ретінде бірінші және екінші класты Ақкөлде, Ахаңның – Ахмет Байтұрсынұлының туған жерінде оқыдым. Баймағанбет атамның алты қатынынан алты ұл мен алты қыз қалған. Сол алты ұлдың үлкені Нұрғалидан туған, колхоз басқармасының төрағасы Шабдан көкемнің үйінде жатып оқыдым. Әжемнен – Мырзағали мен Салғара. Баймағанбет атамның балаларында Шабдан мен Салғара ғана шағын денелі, қалғандарының бәрі алып болған. Сол алып төртеудің өздері де, балалары да ашаршылықта қырылып қалған, біреуінен де ұрпақ жоқ...
Қалған жылдың бәрінде интернатта өстім. Басқарма болған соң оның үйіне жыршылар анда-санда келіп жатады. Ауылдағы ақсақалдардың арасында өспегенім, олардың әңгімесін есітпегенім – менің өмірдегі ең үлкен өкінішім. Жетіжылдықты өзімнің туған ауылым Көгалатта бітірдім. Соңғы үш класты көрші кеңшар – Албарбөгетте оқыдым.
Менің бұлай деп отырғаным, біздің ел кеңес өкіметінің пәрмені жеткенімен, дәрмені жетпеген ел еді. Бір тірі орысты көрмеген, теміржол да, машина жолы да өтпеген, облыс орталығынан 600 шақырым алыста жатқан ел. Ешкім келмейді, рахат. Кедейі көп демесең, кеңес өкіметінің иісі де жоқ жер. Арақты тек соғыстан кейін ішті. Онда да тек интеллигенция, қызметкерлер ішетін. Бірақ, бір нәрсені қолына алса, түбін түсірмей тоқтамайтын қазақпыз ғой, әкесін танытып ішетін.
Есесіне қазақы тұрмыс-салты, әдет-ғұрпы, тәлім-тәрбиесі бұрынғы, 1917 жылғы төңкеріске дейінгі тұнық күйінде еді. Ауылдың кез келген адамы әкеңнен жасы үлкен болса, ол да сенің – әкең, әйелі – әжең! Жасы әкеңнен кіші болса – ағаң, әйелі – жеңешең!..
Шешем жұмсаса, «мынаны Ақжігіт әкеңнің үйіне апарып бер» дейді, бітті. Ағайының ба, басқа рудың адамы ма, бәрібір, ол – сенің әкең. Көшеде тентектік жасасаң, кез келген үлкен кісінің сені ұрсуға хақысы бар. Және бұзықтығың үлкендеу болса, сазайыңды да тартқызады, онымен де қоймайды ғой, «әкеңе айтып бар» дейді. Айтып келсең, өз әкең қосымша тағы жазалайды... Баланы осылайша бүкіл ауыл болып тәрбиелейтін!
Менің іргетасым осы қазақы тәрбиемен қаланды. Мен оны түгел көріп өстім.
– Не деген керемет! Біз оның шет-жағасын көрдік. 1930 жылдан 1960 жылға дейін Тәжік­станда кәмпескеден, Созақ көтерілісінен, ашаршылықтан бас сауғалап барған қазақтар көшіп-қонып жүрсе де, автономды түрде, әйелі, бала-шағасы тәжікпен араласпай, қаймағы бұзылмаған қалпы қазақы өмір сүрді ғой...
– Кейін қарап отырсам, Әбіш те, Ақселеу де мен секілді таза қазақы ауылда өсіпті. Ақселеу «біздің ауылда беріге дейін молда болған жоқ, қайтқан адамды жаназасыз қоя беретін» дейді. Әкесінің ағасы елдің бетке ұстар кісісінің бірі болыпты, ферма басқарыпты. Ақселеу соғыстан қайтпаған әкесінің орнына әке болған осы әкесінің ағасы Аманбек ақсақалдың қолында өсіпті.Осы кісінің үйіне жиылған жақсылардың әңгімесін сол кісінің тізесінде отырып тыңдайды екен. Ал, Әбіштің анасы Айсәуле мықты адам еді. Әбіштің өзі де Құдай бере салған бала ғой.
Менің байқауымда, «алып – анадан, ат – биеден» деген сөз рас екен, жақсыларымыздың көбісінің аналары мықты болып келеді. Генетиктер де қазір баланың қандай болмағы негізінен анаға байланысты екенін дәлелдеп отыр.
– Мен оны өз басым қарапайым түрде элиталы тұқымның құнарлы жер мен құнарсыз жерге себілгенімен салыстырып көрсетемін. Жер құнарсыз болса, жүз жерден элита болсын, тұқым түк істей алмайды. Адамның тұқымы да сондай. Бала тоғыз ай құрсағында жатқан соң, бүкіл нәрді содан алған соң, әйелдің табиғаты жеңбей, өзіне тартқызбай қоймайды ғой. Сіздің анаңыз қандай еді?
– Менің анам палуанның қызы болды.
– Әне, айттым ғой!..
– Өте қарулы және көркем кісі болды. Алып анадан екенін біле тұра біздің игі жақсыларымыз, неге екенін қайдам, түгелдей дерлік өзге ұлттың қыздарына үйленіп, арысы ұрпақсыз қалды бәрі, берісі ұрпағы тегіс өзге ұлтқа айналып кетті. Алаш­орда үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейханов пен өзінің көзі тірісінде-ақ «Қазақтың рухани көсемі» атанған Ахмет Байтұрсынұлынан бастап, кешегі Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Нұртас Оңдасыновтарға дейін.
Менің «Ұйқасқа түскен ойлар» деп аталатын бірқақпай өлеңдерім бар. Осы тақырыпқа байланысты мен былай деп жазғанмын:
Жақсылардан тұқым жоқ. Өтті дүние.
Жаттан қатын алдық та, кетті кие.
Тұлпар құлын тумайды текті айғырдан,
Үйірінде болмаса текті бие...
– Әкеңіз қандай адам еді?
– Ал, әкем орта бойлы, тығыншықтай, шымыр адам еді, бірақ, мен көрген адамдардың ішіндегі әулиесі-тұғын.
– Қай жағынан?
– Барлық жағынан! Адал болғанда айтары жоқ. Алдында 650 еділбай қойы бар, соның бәрін танитын. Бөтен бір мал қосыла қалса, қашан егесі келіп алып кеткенше жан-жаққа хабарлап, тыныштық таппайтын. Әкем – озат шопан, малдың жайын сұмдық жақсы біледі, жыл сайын сыйақыға 20-30 тұяқ алып жатады. Бірақ, тақыр кедей болып өмір сүрдік. Алдындағы малын сұраған жанға беріп жібере салатын. Әкем сондай шайқы еді. Анам адуынды адам болды. Быжылдайды. Әкем көңіл де аудармайды...
– Әкеңіздің болмысын таратып айтыңызшы.
– Маған үнемі кітап оқытатын. Кітапты өзі сатып әкеледі. Тек қана жүрелеп отырады. Жады қандай! Мен оқып отырғанда қалғып кетеді. Сосын мен оқымай қоямын, еркелеумін, «ұйықтап қаласың бәрібір» деймін. «Ұйықтасам да бір құлағыммен естіп, тыңдап отырамын, оқи бер» дейді. Мен таңғаламын, сенбеймін. «Жаңағы оқығанымның соңғы жағын қайталап айтшы» деймін. Әкем, сенесіз бе, қайталап айтып береді ғой. Маған енді оқуды жалғастырғаннан басқа амал қалмайды...
Қойды өзі емдейді. Бұжғын деген шөп бар. Қосқұлақ болып шығады. Әкем соның тамырын алады. (Алатын уақыты болғанда алады ғой). Майға қайнатады да, маған көксау қойды ұстатып, айтатын дұғасын күбірлеп айтып, қойдың аузына құйып жібереді. Күркілдеп, мұрнынан суы ағып, өлуге қолы тимей жүрген қой ертесіне құр аттай ойнап шыға келеді. Мен, ақымақ, сондай нәрсенің бәрін тәптіштеп сұрап, жазып ала бермегенмін ғой...
Мен бір биологқа айтып едім, «біз малға да адам сияқты уыс-уыс дәрі беріп, улаумен боламыз, олар қалай табиғи шөппен, малдың майымен емдеп алған» деп таң қалды.
Іштегі қозы кейде туарда басымен де, аяғымен де келмей, көлденеңінен, белінен бүктетіліп келіп қалатыны болады. Оған ешкім ешнәрсе істей алмайды, қой да, қозы да өледі. Әкем соны маған қойды олай тербет, бұлай тербет, оңға, солға деп отырып, қозыны сыртынан сипалап отырып, аман-есен туғызып алады. Оны айтасыз, қозының іште өліп қалатыны да кездеседі. Өлген соң сасып, қойды ауыртып, ақыры өлтіріп тынады. Әкем сол іште өліп қалған қозыны сол бойда кішкентай бәкі пышағымен бұтарлап сойып, сыртқа шығарып алатын. Қой тірі қалатын.
Қойдың сирағы тұрмақ, жамбасы сынса да орнына салып, жазып алатын. Адамның сынығын да солай салушы еді. Өзі қойға селекция жасайтын. Егіз туған қозының ұрғашысының құлағына ен салып қояды. Етке өткізерде шопанға 30-40 тұяқ тастайды да, қалғанын алып кетеді ғой. Әкем селекциясының арқасында 100 саулықтан 120-дан кем қозы алмайтын. Ол қозылар бағымы жақсы болған соң тоқты кезден-ақ туа бастайтын.
Ерназар есімді алыс туысымыз болды. Аупарткомда ұйымдастыру бөлімінің бастығы еді. Ол кезде бұл үлкен қызмет. Он жыл отасқан әйелі бала көтермеген соң әйелі екеуі келісіп, Ерекең екінші әйел алады. Одан екі ұл, үш қыз көрген кезде, екі әйелі бар деп арыз жазған біреудің кесірінен қызметінен босап, біздің мектепке ботаника сабағынан мұғалім болып келді. Мен сегізінші класқа дейін тек беске оқыдым. Кейінгі үш класта оқыған жоқпын... Мектеп бітіргенде барлық пәннен «үш» деген баға тұрды... Маған қатты сөйлеуді білмеген әкемді жанымдай жақсы көремін, «ренжитін болды-ау» деп қатты уайым қылдым. Бірақ, данышпан әкем оны сұрамады... Сезді.
– Оқымай қоюыңыздың себебі неде?
– Себебі, бір бұзық балаларға ілесіп, солардың қолбаласы болып кеттім. Карта ойнаймыз. Бізден бұрынғы мектептің тұңғыш түлектерінің оқуға түсе алмай, ауылға қайтып келгендері бар. Картаны алғашқыда қызық көргенім бар. Интернаттағы досымның үйінен студенттің стипендиясы сияқты ақша келеді де тұрады. Ал, ол заман тамақтың аз кезі. Ол мен үшін ақша төлейді...
Сөйтіп жүріп мектепті бітірдім де қойға келдім. Үкімет «екінші тың» деп жариялап, қазақ балаларды тұтастай класыменен қой бағуға жіберіп жатқан. Бұл кезде Ерназар ағай қайтадан көтеріліп, колхоздың төрағасы болып істейтін. Маған жолыққан бойда «қой бағылмай қалады дедің бе» деп жатып кеп ұрысты. Сөйтсем, ол кеңес өкіметінің қой бағудың сыртында қазақ баласын қараңғылықта ұстау туралы саясаты тұрғанын түсініп тұр екен. Ол кісі менің қабілетімнің қандай екенін біледі ғой...
Әкем қайтыс болды. Өкіметтің дақпыртымен мен озат қойшы болдым да кеттім. Екі жылда жасым жетпесе де партияға өткізіп жіберді. Қазақ­станның өзінің ең жоғары марапаты – Жоғарғы Кеңестің Құрмет грамотасын алдым. Аудан, облыстағы жиналыстан қалдырмайды.
Сөйтіп жүргенде басқармамыз Ерназар ағай атпенен, қыстың көзі қырауда арнайы маған келді. «Сен оқуың керек. Қазаққа қойшы емес, оқыған адам керек (Тура осылай айтты). Сенен біз үміт күтеміз. Жазатайым ұйықтап қалып па, боранға ұшырап па, малдан айрылып қалсаң, болашағың да, тағдырың да быт-шыт болады. Мен сені жұмыстан босатайын, оқуға кет» деді.
Сонда мен не дедім? «Аға, жанашырлығыңызға рахмет! Бірақ, білесіз ғой, біз кедейшіліктен көз ашпаған отбасымыз. Киімімнің бәрі қолдан тоқылған киім. Мен жазға дейін шыдайын, өзім де жалғыздықтан қиналып, зорға жүрмін, сосын барайын» дедім. Ағай риза болып, келісімін берді. «Тек бұл әңгімені тісіңнен шығарма, шығарсаң құримыз!» деді. Содан тамызда бір топ адам комиссиясын, қойшысын ерте келіп, менің қолымнан малды санап алды. Ақшаның құдіретін сонда көрдім. «Екі жылдық еңбекақың» деп бір дорба ақша берді. «Оқуға түспей келмейтін бол! Түспей қалсаң, екінші рет мен сені жібере алмаймын» деп әбден пысықтады. Құдай абырой беріп, түсіп кеттім. Қасымдағы балалар дүкенге апарып, мәйкі-түрсиден бастап, барлық киімімді жаңалатты ғой.
Мен осылайша Ерназар ағайдың шарапатын көрдім.
– Өмірлік ұстазыңыз болған кісі бар ма?
– Жоқ. Менің ұстазым, пір тұтқан адамым – Ахаң, Ахмет Байтұрсынұлы. Ол кісі менің ұстазымның да ролін ойнаған екен, мен оны кейін түсіндім. Жерлеспіз, Жыланшық деген бір өзеннің бойында қатар жатқан екі ауылдың бірінен, Аққұмнан – мен, Ақкөлден – Ахаң ғой.
Ахаңды ұстаз тұтуым – өзім әдебиетке келгеннен кейін. Ұстаз тұтқызған – оның еңбегі. Алған білімі – Торғайдың екі кластық орысша-қазақша мектебі мен Орынбордың мұғалімдер даярлайтын төрт жылдық бастауыш мектебі. Сөйткен адам қазақта екі бірдей ғылымның – тіл тану мен әдебиет танудың негізін қалайды. Бұл неткен құдірет?! Ойлаңызшы! Мені таң қалдырған, тәнті еткен нәрсе, түйген қорытындым – сен өз ұлтыңды туған ата-анаңдай жақсы көрсең, сол ұлтыңа не қажет екенін білсең және оны сенен басқа ешкім істей алмайтынын түсінсең, сонда сен болмайтынды болдырады екенсің. Мен алғашқы адамдар қай тілде сөйлегенін зерттеуге кіріскенімде, ол жайлы ешқандай дерек жоқ екенін, оны зерттеу ешкімнің ойына келмегенін көрдім. Сол кезде есіме Ахаң түсті, Ахаңның келбеті көз алдымда көлбеп тұрып алды.
Жалпы, мен кімнен болсын, титтей бір керек зат көрсем, соны алып қалуға тырысамын. Іргелі білім жоқ менде. Мектепті айттым. Университеттің 1-курсында жақсы оқыдым. 2-курста үйлендім де, жұмысқа тұрып кеттім. Әрі оқыдым, әрі жұмыс істедім. Ал, маған туған әкемдей жанашырлық көрсеткен адам қостанайлық Хайролла Тілемісов болды.
– Сіздің кіміңіз еді ол кісі?
– Ешкімім де емес! Екінші курста практикаға Қазақ радиосына барғанымызда, ол кісі «Ауыл өмірі» редакциясының бас редакторы екен, менің жұмысымды көріп, «сенің қолыңнан жазу келеді екен, мұғалімдеріңмен өзім сөйлесемін» деді-дағы, толыққанды қызметкер етіп алды.
1965 жылы оқу бітірдім. Ағама кірдім. «Шешем Алматыға келмейді. Әкеме жақсылық көрсете алмадым, ең болмаса шешеме адам болып, еңбегімнің нанын жегізейін, елге кетемін» дедім. (Шешем «Қостанайға келсең, қолыңа барайын» деген). Ағам тыңдап болып, «балалық жасама!» деді. «Үйдің кезегінде тұрсың, осы жерде істеп тұрсам, мен саған оны алып беремін. Қолыңнан іс келетін баласың. Ауылыңа барсаң, қолыңнан келетін іс таба алмай қаласың. Ал, мен саған уәде беремін, үйіңді алғаннан кейін өзіңмен бірге барып, анаңды осында алып келемін!»
– Шынында да, сізге әкеңіз істей алмайтын жақсылықты істеп беріп жатқан адамды Алла жолықтырыпты ғой...
– Айтпа! Бірақ, менің бір жаман мінезім бар – бірнәрсені істеймін деген шешімге келсем, соны істемей тынбаймын.
– Ешкімнің айтқан ақыл-кеңесін тыңдамайсыз?
– Тыңдауын тыңдаймын. Бірақ, бәрібір өзімдікін істеймін. Ағама қарсы уәж айта алмадым... Сөйтіп жүргенде ағамды он күнге Мәскеуге оқуға жіберді. Мен ертесіне Қазақ телерадио комитетінің төрағасына кірдім де арыз бердім. Ол мені радионың Қостанайдағы меншікті тілшісі етіп жіберді де тастады. Жалақысы жақсы, астымда қызметтік көлігім болады екен, қуана-қуана кеттім де қалдым...
Естіп жаттым, ағам менің айтқанын тыңдамай кетіп қалғаныма қатты ренжіпті. Бес жыл Қостанайда істедім, одан соң бес жыл Арқалықта, Торғай облыстық телерадио комитетінің бас редакторы болдым.
– Анаңыз Қостанайға, қолыңызға келді ме?
– Келді. Бірақ, екі ай өтпей, «мынауың түрме екен» деп ауылға қайтып кетті... Ауылдағы кемпірлердің басшысы өзі, бәрін жатқызып-өргізетін, соларды сағынды ма, көнбеді. Айына бір рет келіп кетеді, болды.

Біздің елдің жігіттері – жігіттердің төресі!»
Сонымен, он жыл өткенде мен Алматыға қайтып оралдым. Ойым – әдеби газеттер мен журналдардың біріне жұмысқа тұру. Кәсіби жазушы болғым келді. Бір өлең кітабым шыққан, «Жалынның» жабық бәйгесінде 2-орын алғанмын. Өзімді жазушы болып қалғандай сезіндім. Келсем, мені күтіп отырған ешкім жоқ екен. Басқа жерлерге барғым келмейді. Сөйтіп жүргенде ақшам бітті. Ағама баруға бет жоқ... Бірақ, бәрібір жолығып қалдым. Горький саябағында. Бұрылып кете алмадым. Ұрлығымның үстінен түскендей өте жаман күйде болдым. Сонда да сәлем бердім. Менің түр-әлпетімнен бәрі көрініп тұрды ғой деймін, ағам мені қинамады. «Ай, батыр бала, бәрін де естіп жатырмын» деді. «Кезінде дұрыс істемедің, жарайды, өтті-кетті. Ертең жұмысқа кел, бірдеңе ойластырармыз».
– Қайда тұрып жатырсыздар?
– Пәтер жалдағанбыз.
– Қостанайдағы, Арқалықтағы үй не болды?
– Қызметтік пәтер ғой, шығып жүре бергенбіз. Әйтпесе, әйелімнің шешесіне қалдырып кетуге болады екен, ондай ешнәрсе ойламағанмын.
Қамығып жүрген кезім. Оған дейін бетім қайтып көрмеген ғой. Содан ағамды құшақтап, егіліп жыладым... Арқамнан қақты. Үйге келіп, әйеліме айттым: «ағама жолығып қалдым. «Қайнар» баспасына жұмысқа тұратын болдым».
Ертесіне бардым. Біреуге телефон соқты. «Иә, иә» деп отырды. Тұтқаны қойған соң маған «бала, «Социалистік Қазақстанға» тілші болуыңмен құттықтаймын!» деді. «Сенің жұмыс таба алмай, маған келуге бата алмай жүргеніңді естігенмін. Сен нан табу үшін емес, жазушы боламын деп келіп отырсың ғой, сондықтан түбі бір соғар деп Сапар Байжановпен келісіп қойған едім... Ғабит бастаған дөкей жазушының бәрі ол газетке тәуелді, бәрімен сол жерде кездесесің» деді...
Мен сол кіргеннен «Социалистік Қазақстанда», кейін оның аты Шерхан Мұртазаның ұсынысымен «Егемен Қазақтан» болып өзгертілді, он жеті жыл жұмыс істедім. Алматыға келген соң бірге оқыған достарыммен, Кәрібай Ахметбеков, Кәдірбек Сегізбаев, Оралхан Бөкеев, Серік Әбдірайымов және Қуанышбай Құрманғалиевпен қайта қауыштым. Қостанай мен Арқалықта «өзім би, өзім қожа» болып, бетімнен ешкім қақпай, көкірегім аяққаптай болып келген мен әлгілердің ортасына түскенімде, желі шыққан шардай болып пұштидым да қалдым. Нанасың ба, нанбайсың ба, өмірімде ондай қорланып көрген жоқ едім. Олардың қай әңгімесіне болсын араласа алмаймын... Сұмдық, оқымағандары, білмейтіндері жоқ. Мен болсам Арқада апта сайын кеңшар директорларымен (рас, олар өз істерінің мамандары – менің сол аптадағы хабарымның қаһармандары, алдымен жұмысымды бітіріп тастаймын...) карта ойнап, арақ ішіп мәз болып жүргенімде, бұлар шығандап кетіп қалыпты. Алды бір емес, екі роман беріп тастаған. Мен бар болғаны 1966 жылы сықақ өлеңдерімнің жинағын шығарғанмын (Рас, дайындап келген повестерім мен әңгімелерім 1984 жылға дейін төрт рет төрт кітап болып басылды). Содан менің намыстанғаным сондай, алты жыл бойы кешкі сағат алтыдан кейін тапжылмастан бір күні Ғылым Академиясының, бір күні Ұлттық кітапхананың сирек қолжазбалар қорында отырдым. Себебі, мен жазушы боламын, қай тақырыпты шығармашылығымның басты өзегі етемін дегенде, қазақтың жері туралы жазамын деген тоқтамға келген болатынмын. Қазақ үшін одан қымбат құндылық жоқ екеніне көзім жетті. Алты жылда қоржыным толғандай болды...
– Сіздің сол сексенінші жылдардың аяғы, тоқсаныншы жылдардың басында бірінен соң бірі шыққан «Алтын тамыр», «Көмбе», «Қазақтың қилы тарихы», «Қазақтар» деген кітаптарыңыз ұлттың өз тарихына деген шөлін басқан, кеуіп қалған кенезесін жібіткен алғашқы жүйелі де сүбелі еңбектер болды ғой...
– Мен қоржынымдағыны жазуға біржолата отыру үшін 17 жыл жұмыс істеген «Социалистік Қазақстаннан» кеттім. Бірақ, бір-екі айдан кейін қор таусылып, қызмет іздеуге тура келді. Ақселеу досым өзі жұмыс істейтін Әдебиет институтына апарып, директорына айтып, кіші ғылыми қызметкер етіп кіргізіп жіберді. Директорымыз академик Серік Қирабаев ғажап адам екен, арада бір ай өтті ме, шақырып алып «не істеп жатырсың?» деді. «Бергендерін орындап жүрмін» дедім. «Оны айтпаймын, диссертацияңның тақырыбын таңдадың ба?» деді. «Қандай тақырып?» деппін. Кещелігімді қарасайшы... «Ай, қарағым, мұны ғылыми-зерттеу институты дейді, ғылым кандидаты деген мәртебең болуы керек, оған бір тақырып алып, қорғауың қажет. Бар, Мекемтаспен ақылдас» деді. Мекемтас Мырзахметов, Қайым Мұхаметханов, Жұмағали Исмағұлов, тағы кім, кіл мықтылар істейтін абайтану бөліміндемін. Бастық – Мекемтас аға.
– Сонда қорғау керек екендігін Ақселеу айтпады ма?
– Айтқан жоқ, ол мені өзі біледі деп ойлаған ғой...
Мекемтас ағама кірдім: «Маған қорғау керек екен, тақырып беріңіз». «Тарихи дүниелер жазып жүрсің ғой, «Абайдың тарихи танымы және әдеби көздер» деген тақырып ал» деді Мекең. Мен, бірақ, екі жұмысты қатар істей алмайтын адаммын. Кітап жазуды қоя тұрдым-дағы, Абайға отырдым. Тура 15 күнде бітірдім. Ертесіне Секеңе кірдім: «Аға, бітірдім». Ол кісі маған біртүрлі қарады: «диссертацияны жазып қойдым» дедің бе?» «Иә, кеше. Соны сізге айтайын деп кірдім» «Басқа кімге айттың?» «Ешкімге». «Ендеше, айтпа! Әр тарауын әр тоқсанда ғылыми хатшыға апарып, «жазғаным осы» деп есеп беріп өткізіп тұр. Ал, өзің кітаптарыңмен айналыса бер».
– Ой, аға, «нағыз ғалым әпенді болады» деуші еді, сол сізге айтылған сөз екен ғой...
– Содан Секең бір күні тағы шақырды. «Сен осы жұмысыңды баяғыда бітіріп қойған жоқ па едің?» «Иә, дұрыс айтасыз». «Онда қорғамай, ай қарап жүрсің бе?..»
– Кинокомедияға сұранып тұр ғой, аға, өміріңіз!..
– «Жақсы, аға, қорғайын» дедім. «Онда Мекемтасқа айт, мына күнге қойсын. Менімен келіскеніңді де айт».
Ал, енді мен қорқа бастайын. Қорғау жайлы неше түрлі сөз естіп те, өзім көріп те жүрмін ғой. Жаңғалақ адаммын, өзіме өзім әбден ұрыстым. «Қартайғанда нең бар еді? Болмашы бір сұраққа жауап бере алмасаң құрыды ғой!..» Оның алдында реферат жазып, оны орысшаға аудару керек екен, оған ақша таппай бір қиналғаным бар. Оны, жатқан жерің жайлы болғыр Жұмағали ағай «бала, біз бармыз ғой» деп тегін аудартып әкеп берген. Сонда өзі докторлық қорғайын деп мұрнына су жетпей жүргеніне қарамастан...
Өңкей қағазға қарамай сөйлейтін адам, жаңылысып кетуден қорқып, қағазға бастырып алдым. Мінбеге шыққан соң зуылдатып оқи бастадым... Сол кезде біреу «Әй!» деді. Жүзбен келе жатқан шопырдай кілт тоқтадым. Қарасам – Зейнолла Қабдолов! «Әй!» деді тағы. Даусы және жағымсыз естілді. Жұрт сілтідей тынды. Менің зәрем зәр түбіне кетті. «Басталды!» деп ойладым. Зекең қолын былай, саусақтары ашылған күйі маған қарап созды: «сен осы не қорғап жатсың, кандидаттық па, докторлық па?» Мен жауап берем дегенше, басқа біреу айтып үлгерді: «кандидаттық қой». Мен де қайталадым. Зекең даусын өзгертпеген күйі тағы сөйледі: «әй, біз сені докторлық қорғайды» деп жүрміз ғой!..»
Қорғау ... осымен аяқталды. Ешкім сөйлеген де жоқ, мені де сөйлеткен жоқ, комиссияда 19 адам екен, бәрі маған дауыс берді...
Артынан білсем, ғалымдардың құлататынын білетін, жүзге бөлінетінін білетін, небір талқыны көрген Зекеңнің мені сондайларға арандап қалмасын деп, алдын алған әрекеті екен. Әйтпесе, даусын жай шығарып та сұраса болады ғой. Жоқ, қатты, жақтырмайтын дауыспен айтты. Сондай адамдарға тап келтірген Алла-Тағалаға алғысым шексіз. Мен ол кісімен содан кейін барып араластым. Көрген сайын «Сәуле апайың сенің кітаптарыңды мақтаумен болады» деп қоятын.
Мен өмірімде осындай айдаладағы адамдардың шарапатын, шапағатын көп көрдім. Мысалы, атыраулық Иманғалидың. Ақжайықтық Қадыр ағам мемлекеттік сыйлық алуыма көмектесті. Екі рет ұсынылып, екеуінде де комиссиядан өте алмай құладым. Содан үшінші рет Жазушылар Одағынан ұсынылғанда қойшы ауылға келген машинамен жағаласып, біраз жерге дейін үріп баратын, сосын қызметін адал атқарғанына көңілі тоғайып кейін қайтатын иттер сияқты болмайын деп одақтың басшысы Қалдарбек Найманбаевқа барып арыз жазып, өзімді тізімнен алдырып тастадым. Сол тұста сәті түсіп Қадыр ағамен танысып қалдым. Ол кісі маған бір шаруасын айтты. Мен бұл кезде Мемлекеттік саясат жөніндегі Ұлттық кеңестің хатшысымын. Төраға – Назарбаев!. «Вертушка» дейтін жансыз «Құдай» бар. Қай басшыға болсын одан қоңырау соғып, «пәленшемін, мынадай өтініш бар еді» десең, елп ете қалады. Қадекеңнің де жұмысын бір күнде тындырып бергенмін. Содан танысып, сұхбаттасып отырғанымызда ол кісі «сыйлықты не істеп жатырсың?» деді. Не істегенімді айттым. «Бекер олай істепсің, биыл алатын едің» деді. «Неге биыл алуға тиіспін?» деп сұрадым. «Өзің ойла. Қатыса салып, сыйлықты бөктеріп кететіндей не тындырып тастадың? Небір мүйізі қарағайдай азаматтар тұр алдыңда. Алу – солардың кезегі. Мен бірінші жыл қатысқанда екі дауыс алғанмын. Сен де сонша алған шығарсың?» «Бір дауыс алғанмын» дедім. Соның алдында үш жазушы Түркияда 20 күн бірге болғанбыз. Біреуіміз комиссияның мүшесі екен. Мені сызып тастаған екі адамның біреуі әлгі бірге жүріп, бірге тұрған, уәдені үйіп-төккен жігіт екен... «Мен де үшінші ретте алғанмын. Екіншіде 50 дауыс алдың ба?» деді Қадекең. «Иә. Мен де 50 дауыс алғанмын. Ал, енді үшінші ретке келгеніңде ол жердегілер ойланады. Сенің өндіртіп жұмыс істеп жатқаныңды көріп жүр. Обал-сауап деген нәрсені еске алады. Содан барып сенің алатын ретің солай туады...»
Пендемін ғой, екі ойлы болып қалдым... Бір күні шаруаммен қызылордалық Қалтай Мұхамеджановқа, «Түркістан» газетінің редакторына бардым. Шаруаны бітірген соң аз-кем әңгімелестік. Ол кісі де «жолбарысым, сыйлықты не істеп жатырсың?» дегені. Ол кісі жолыққан сайын «жолбарысым, кітаптарыңды оқып жатырмын, ырзамын» деп мақтап қоятын. Мен оған мәзбін, сөйтсем ол кісі жұрттың бәрін солай айтады екен...
– Қойшының иті туралы мысалды тағы да айттыңыз?
– Тағы да айттым. «Құлағанда да бір нәрсең күйіп кететін бе еді?» деді Қалекең. «Сен енді бәрінің алдынан өт». Сосын сәл отырып, «сен менің кім екенімді білесің бе?» деді. «Сізді кім білмейді» дегендей аңырайып бетіне қарадым. Менің айтар жауабым түрімнен көрініп тұрса керек, «мені «қожа» дейді, бірақ бұлар (сірә, жазушыларды меңзесе керек) мені Кіші жүзге жатқызады» деді. «Комиссияда бір туысым бар, соған сен жайлы айтамын» деп қосып қойды. Ондай туысқаны «кім екен» деп отырмын ғой. «Си-маш-ко» деді даусын созып. «Біреуміз Исмайылдан, біреуміз Ысқақтан тараймыз, Ибрахим пайғамбардан қосыламыз». Әйгілі әзілқой адам ғой... «Түйе секілді теріс сиетін Әбдіжәміл досым бар, соған да айтамын». Сол кезде мен «ырымшыл адаммын, киелі аты бар газеттің басшысысыз, өзіңіз ұсыныңызшы» деп қалдым. Ой, азамат-ай, сол күні газет қаулы қабылдап, хаттаманы жіберіп те үлгерді...
Бала күнімнен Құдайдан сұраған үш тілегім бар болатын. Ол соның үшеуін де берді ғой. Біріншісі, «өзім қатарлы ешкімнің алдына барып, бірнәрсе сұратпа» дейтінмін. Ал, енді біреуге барып, «даусыңды басқаға емес, маған бер» деп қалай айтамын? Қатты қиналдым.
Осының бәрін еске ала келіп, «бәрінің алдынан өтуді» сол комиссияның «Абылай аспас Арқаның сары белі» секілді белді мүшесі, тараздық Шерханнан бастайын дедім. Барсам, түскі асқа үйіне шығып бара жатыр екен, үйіне қарай жолай сөйлестік. Шынымды айттым: «қатты қиналып тұрмын. Не істесем дұрыс боларын шеше алмай, сізбен ақылдасуға келдім».
Шекеңнің бір жаман күлкісі болатын, соған салып «һе!» деді. «Менен артық лайық жоқ десең ешкімнің алдына барма! Бұған дейін екі рет түстің. Екеуінде де менің алдыма келген жоқсың. Сенен басқаның бәрі келді. Мен де «сенген біреуі бар шығар» деп сенің атыңды екі ретте де сызып тастадым».
Мен «осы жолы сызбайтын шығарсыз, алдыңызға келіп тұрмын ғой» деген сөзді тілімнің ұшына келіп тұрса да айтпадым. Бірақ, Шекеңнің ақылын тыңдамай, «не болса да талайымнан көрейін» деп ешкімнің алдынан өтпедім. Сөйтсем де, сыйлыққа іліндім. Өзім үйде жатсам да, Қажығали Мұханбетқали секілді маған сырттай жанашыр болып жүрген жігіттер жақсы жұмыс істеді...

Екі жылдан кейін Назарбаевты танымай қалдым...
– Жоғарыда аталған және басқа да кітаптарыңыз үшін Мемлекеттік саясат жөніндегі Ұлттық кеңес хатшысының орынбасары, хатшысы болдыңыз. Сізден жоғары тек Президент отырды. Кейін қаптаған кәсіби тарихшылардың біреуі емес, Сіз Қытайға елшінің кеңесшісі болып кеттіңіз. Жұрт баспаған жерден түрен салдыңыз. Осы тұста Нұрсұлтан Назарбаев туралы өзіңіздің көзқарасыңызды, ой-пікіріңізді айта кетіңізші.
– Иә, мен Нұрсұлтан Назарбаевпен төрт-бес жыл тығыз қатынаста болдым. Сол жылдарда мен «Нұреке, мынауыңыз дұрыс емес қой» деп айтқан адамды көрмедім.
– Олай деп айтпауға, қайта тек қоштауға тырысты ғой бәрі...
– Назарбаев билікке келген алғашқы жылдардың бірінде ол ақын-жазушыларды, шалдардың бәрі бар кез, таудың баурайына жинады. Сонда ол былай деді: «Сіздер тәуелсіз елде тұрып көрген жоқсыздар, мен тәуелсіз елді басқарып көрген жоқпын. Қалай ел боламыз, қандай ел боламыз? Ашығын айту керек, біз Мәскеу не айтса, соны орындап келген жандармыз. Сіздер де, мен де. Ал, екі тізгін, бір шылбыр өз қолымызға тиген кезде не істеуіміз керек? Соны көп болып ақылдасайық. Менің қате кеткен жерім болса айтып отырыңыздар. Мен оған өкпелемеймін. Өкпелеуге хақым жоқ, өйткені бұл көптің ісі, елдің ісі».
Сонда бір ағамыз тұрып, марқұм болып кетті, не айтты дейсің бе? «Ой, айналайын, сенің ісіңнің бәрі дұрыс, сен кереметсің, сен данышпансың, саған альтернатива жоқ» деді (Мен «альтернатива» деген сөзді сонда тұңғыш рет есіттім). Сол сол екен, бірінен бірі асып түсіп жатты... Назарбаев кетіп бара жатып көмекшілеріне «дұрыс айтылған сөз болса, эфирден беріңдер» деді. Бір ай шамасында ғалымдармен кездесті. Ол жиынға мен барған жоқпын, тек Назарбаевтың түтігіп келгенін көрдім... «Түгел беріңдер, ғалымдардың кім екенін жұрт көрсін!» деді. Ішім қылп ете қалды. Содан былай қарай тек «сен – мықтысың!» деген сөз естілетін болды ғой...
Бұдан соң өз пікірін ашық айтатын бірлі-жарым адам табыла қалса, Нұрекең оларға атақ берді, қызметін көтерді, баласын өсірді, өзіне қаратып алды ғой.
– «Жер сатылмасын!» деп үндеу жазған қазақтың жақсысы мен жайсаңының бәрі кейін «жер сатылсын» деп қол көтерген жоқ па...
– Жалпы, мен Назарбаевтың қызметін үш кезеңге бөліп қараймын. Бірінші кезең – Назарбаев тәуелсіз елді басқаруға қорықты, оған қатты дайындалды. Бәріміз, оның ішінде мен де бармын, «бұл біздің несібемізге берілген адам ғой» дестік. Менің тарих туралы екі кітабымды оқығаннан кейін мені, жалаңаяқ журналисті Президент әкімшілігі мен Қауіпсіздік кеңесінен ғана төмен тұрған Мемлекеттік саясат жөніндегі ұлттық кеңес хатшысының орынбасары, хатшысы етіп қойды. Әйтпесе ешқандай туыстығым, жуыстығым жоқ. Есесіне мен талай ақыл-кеңес бердім. Бірақ, бәрін Шыңғыс ханның, Әмір Темірдің, т.б. сөзі деп жазып беріп отырдым. Тіпті, сондай жазбамның біреуін «үстелімнің үстіне, әйнектің астына қойып қойдым» деп өзі айтып жүрді. Обалы не керек, мені қатты сыйлап, қолдап отырды. Мәжілістерде шетке келіп отырсам, қасына шақырып алатын.
Менің беріле қызмет істеген себебім, ол менің ащы пікірімді де, тұщы пікірімді де қабылдай білді. Қытайға тарихи дерек жинауға кәсіби тарихшының біреуін емес, мені жіберді. Бір жарым жылдан кейін тапсырманы артығымен орындап қайтып келгенімде мені бұрынғы Назарбаев емес, мүлдем басқа Назарбаев қарсы алды. Мен Қытайдан он кітап алып келдім – бесеуін баспадан шығарып, бесеуін қолжазба күйінде. Менің бақ-талайыма қарай сол жыл «тарих жылы» болып белгіленді ғой...
– Қалай үлгердіңіз, екі ай сайын бір кітап шығарып тұрғансыз ба?
– Он кітапты қолтықтап есеп беруге кіргенімде Президенттің кітаптарды қарап болып, бірінші айтқан сөзі «Қойшеке, ұйықтамапсың ғой!..» болды. «Қалай ұйықтаймын? – дедім. – Мен түк бітірмей келсем, сөз кімге тиер еді? Әрине, сізге тиер еді. Сіз болсаңыз маған сендіңіз. Адамның сенімінен артық не бар?»
Назарбаев қатты ырза болды. Содан бір жыл бойы аузынан тастамай, мені мақтаумен болды. Осы бір жыл менің атымды шығарып кетті.
– Жұрттың бәрі Президент мақтаған кітапты оқығысы келеді ғой...
– Мен есеп беруге Қытайдан келген соң бір айдан кейін кірдім. Сол бір айдың ішінде туған жеріме бардым, елді араладым. Ел тозып кетіпті. Соны айтып едім, Назарбаев «сенен басқа адамның елге жаны ашымай ма?» деп шатыр ете қалды. Одан әлдеқайда ащы сөздерді ешқандай шамданбай қабылдайтын адамның мынадай реакциясын көрген соң, көңілім бір түрлі пәс түсіп, лапылдаған жалыным жалп етіп сөнгендей болды. «Сіз жалғызсыз, бәрін бірдей біле алмайсыз ғой деп айтып отырмын, біліп отырған болсаңыз нұр үстіне нұр» дедім-дағы қоя салдым.
Президент енді маған «бұрынғы қызметіңе барып алаңсыз жұмыс істей бер» деді. Ал, мен «алып келген тамаша деректерімді ыстық-суығы басылмай тұрып, кітап қып шығарайын да» дедім. Ол енді сәл ойланып отырды да Мәдениет минис­трі Алтынбек марқұмға телефон соқты: «Менің алдымда Қойшығара отыр. Қытайдан керемет деректер әкелдім дейді. Оның жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін жерге орналастыр». Тура осылай деді. Айтқанын айтты деу керек қой...
Ертесіне Алтынбекке бардым. Ол маған «министрдің кеңесшісі» деген қызмет берді. Екі-үш айдай үйде отырып, кітаптарымды жаздым. Адамның ойы бөлінбесе, жұмысы өнетін әдеті бар ғой. Бірақ, өмір бойы кеңседе отырған басым біртүрлі ұрлық істегендей ыңғайсызданып, кітаптарды реттеп алған соң Алтынбекке рахметімді айтып, өз еркіммен жұмыстан босадым...
Мен сол есеп беріп шыққаннан кейін Назарбаев туралы ешнәрсе жазған емеспін. Жаппай мақтап жатқан кезде де. Арым таза...
Екіншіден, мен бөлістің кезінде жұмыс істедім ғой. Қазір өзім қатарлылардың шалқып жүргенін көргенде кейде «өзіме обал істеген жоқпын ба осы?» деген ой да келетіні бар. Ең болмаса жай ғана 5-6 гектар жер алғанымда, мен де соны пайдаланып, жағдайымды жасап алар едім-дағы, жазуыммен алаңсыз айналысып жүрер едім ғой. Бірақ, алсам, оған қарыздар болып қалмаймын ба? Бір түйір нәрсе алмадым...
– Алланың беріп тұрған несібесі ғой, алу керек пе еді...
– Алла несібені берер болса, басқа жағынан да береді екен... Мына отырған төрт бөлмелі үйді де маған өкімет берген жоқ. Қырықтан аса кітап шығардым. Ауырғанға дейін жылына біреуі шығып жатты. Соның бәрі де мемлекеттің қаржысына емес, «елім!» деген ерлердің қаржысына шықты. Әр облыстан бар. Және мен олардың ешқайсысына өтініш жасаған емеспін ғой... Күні бүгінге дейін сол. Кеше ғана «Адамзаттың ата тілі» деген кітап шығардым. Енді соны Саматбек Бөкебай есімді бір архитектор азамат өз ақшасына ағылшыншаға аудартыпты. Бәрін тындырып болып, «аға, осылай істеп едім» дейді... Ой, Алла-ай! Құдайға рахметімді айтам! Халқыма рахметімді айтам. Біздің қазақтай халық жоқ қой...
– Марқұм Герольд Бельгер ағамыз «Мен кітап жазамын, оны қазақ басып шығарады. Неміс те, орыс та керек етпейді. Керек ететін тек қазақтар» деуші еді...
– Отыз жетінші жылдан бастап қазақтың санасын үрей билеп алды ғой. Мен қойшының бір кіндіктен жалғыз баласымын. Айдалада жалғыз үйміз. Соның өзінде әкем бірнәрсе айтқысы келсе, «байқа!» дейтін. Ол сондай болғанда, елдің ішінде, ұстап әкетіп жатқандарды естіп, көріп жүргендердің психологиясы қаншалықты бұзылғаны жайлы ойлаудың өзі ауыр...
Бірді айтып, бірге кетем-ау. Жаңағы сәулетші жігіт «дайын кітабыңызды шығартып берейін» дейді. «Айналайын, шырағым, бір адамға екі іс ауыр болар, басқа бір азамат табылар» деп тоқтатып тұрмын...
– Рахмет, аға! Шөлім басылмай қалды. Амандық болса, тағы да жолығып қалармыз. Сау-саламат болыңыз!

Сұхбаттасқан Өмірзақ АҚЖІГІТ,
«Ońtústik Qazaqstan».

1 пікір

  • Динар
    Динар

    Сұхбат оқылымды екен. Рақмет!

Пікір қалдырыңыз