Баланы оқытып қана қою аздық етеді...

Тәрбие – жеке тұлғаның адамдық бейнесін, ұнамды мінез-құлқын қалыптастырып, өмірге бейімдеу мақсатында жүргізілетін жүйелі процесс. Бесік тәрбиесі, балдырған тәрбиесі, өрен тәрбиесі, жасөспірім тәрбиесі, жастар тәрбиесі бір-бірімен жалғасып, өз ерекшеліктеріне сай жүзеге асырылады. Тәрбиенің мақсаты – адам бойында ізгілік, инабаттылық қасиеттерін және тіршілікке қажетті дағдыларды қалыптастыру.

Қазақстанның қазіргі даму кезеңі қоғам өмірінің барлық саласындағы терең өзгерістермен сипатталады.  Осыған орай қазіргі заман адамға өз іс-әрекетіне жауапты болу, әлеуметтік өзгерістер жағдайына тез бейімделе отырып, байыпты шешім қабылдай білу және тағы сол сияқты  жаңа талаптар қоюымен ерекшеленеді. Сондай елеулі өзгерістердің бірі – демократиялық-құқықтық мемлекет құру міндетін шешу. Мемлекеттік саяси-құқықтық қайта құрудың маңызды құрамдас бөлігі – адамның құқықтық мәдениетінің деңгейін көтеруге тікелей тәуелді. Өйткені, құқықтық мемлекетке азаматтардың жоғары саяси және құқықтық білімділігі, құқық бұзушылыққа қарсы тұра білу қабілеттілігі мен дайындығы тән. 
Өркениетті қоғам үшін қымбат қазына – адам, адамның бостандығы мен өмірі десек, бүгінгі жас ұрпақтың осы қымбат қазынаны бағалай білуі аса маңызды. Оны қалыптастыру үшін жүйелі де мазмұнды тәрбие қажет.  Осыған орай құқықтық тәрбиенің мақсаты – оқушыны мемлекет заңдары мен қоғамда өмір сүру ережелерін құрметтеуге, заңды бұзуға төзбеуге, қоғамдық тәртіпті сақтауға тәрбиелеу болып табылады. 
Жасөспірімдер өздерінің жалпы психофизиологиялық даму ерекшеліктері негізінде, ересектермен салыстырғанда өзге адамдардың ықпалына оңай түседі.  Формальды емес топтың «лидері» ересектермен салыстырғанда жасөспірімдерге әлдеқайда көп ықпал етеді.  Бұл жағдайда қылмысты болдыртпау әрі оның алдын алу үшін әрбір топтағы «лидер» тұлғасын, оның топ мүшелеріне ықпал ету тәсілдерін және топ мүшелерінің «лидерге» деген қатынасын ескере отырып, дифференцияланған ыңғайда қарау қажет.  Мұндай жасөпірімдерді ұжымдық әрекеттің қандай да бір түріне тартқан кезде жасөспірімге басшылық етуші жетекші алғашқыда жасөспірімді өзі қалаған, оны орындаудан қанағаттану сезіміне ие болатын әрі қоршаған ортаға өзін танытуға мүмкіндік алатын әрекетке тартуы тиімді. Сондықтан да, жастар мен жасөспірімдерге арналған әлеуметтік қызметтер кешенін, оның ішінде әлеуметтік-психологиялық көмек орталықтарын, наркологиялық қызметтер, жасы кәмелетке толмаған құқық бұзушыларға арналған әлеуметтік-сауықтыру мекемелерін, заңдық көмек беру және демалыс орталықтарын жер-жерде көптеп құру өзінің тиімді нәтижесін берер еді. 
Әдетте, баламен тәрбие жұмысын жүргізу барысында (отбасында, мектепте және қоғамдық ұйымдарда) оларға өмірдің қандай қиын екендігі, онда жақсылық пен жамандық араласып жатқандығы, тек жеңілдіктер ғана емес, қиындықтар да жиі кездесіп тұратындығы туралы айтыла бермейді.  Балалар мен жасөспірімдерді жамандықтар мен жат қылықтардан үнемі қорғаштап отыру, өмірде кездесетін қиындықтар жөнінде сөз қозғамау, олардан жекелеген адамдар тарапынан жасалатын бейморальдық және қоғамға қарсы әрекеттерді, әділетсіздік пен жалғандықты жасыру, мұндай құбылыстар кездескен жағдайда оған төтеп беріп, қажет болған жерлерде шыдамдылық танытуға, қастандық әрекеттермен күрес жүргізуге тәрбиелемеу олардың тұлғасының әлсіздігіне, қиындыққа шыдай алмай теріс жолға оңай түсіп кетуіне, қиындықпен бетпе-бет кездескен кезде олардың бойында өмірден түңілу сезімі қалыптасып, армандары мен сенімдерінің күйреуіне әкеп соғады.  
Кез келген адам өз бетінше әрекет етуге, өзін-өзі реттеуге, тәрбиелеуге қабілетті, өзін-өзі ұйымдастырушы жүйе ретінде таныла отырып, тәрбиелеудің тек объектісі ғана емес, сонымен бірге субъектісі болып танылады.  Сондықтан да баланы жай оқытып және тәрбиелеп қана қою аз.  Дәл осы кезеңде жасөспірімдерге психологтың көмегі өте қажет. Сондай-ақ, оны өзін-өзі тәрбиелеумен саналы түрде айналысуға үйрету қажет. Бұл үшін балаға танымдық мəселелерді шешумен бірге игерілген білімдерді практикада қолдану қажеттігі де тəн болуы тиіс.  Себебі, еңбектегі белсенділік тұлғаны өзінің рухани жəне адамгершілік дүниесін тез арада жəне тиімді қалыптастыруға ынталандырады, оны көп жəне нəтижелі еңбектенуге бағыттайды. Жалпы мектептік тəрбиенің өзгерістер ізімен үлгере орындалуы өте қиын, солай да болса, əрқандай тəрбиелік іс мезетінен бір де кешікпей жүргізіліп, түрлі келеңсіз салдарлардың алдын алып отыруы қажет.  Тұлғаның дамуы кез келген əсерден болмайды, солардың ішінде адамның өз қажетіне сай келген, оның тұлғасына жарасымды болған, шынайы болмысқа деген оның жеке көзқарастарына сəйкес ықпал болса ғана бала дамуы қарқынды жүреді. 
Мұндай эстетикалық тәрбие жұмыстары арнаулы білімі бар педагогтар арқылы жүрізілуі тиіс.  Негізі, эстетикалық тәрбие беру жасөспірімнің бүкіл бейнесіне ықпал ететін болғандықтан, өзіндік ерекшеліктері бар.  Эстетикалық тәрбие барысында олардың өмірге деген талғамы мен көзқарасы қалыптасып, дами түседі, шығармашылық белсенділігі артады. Ал, мұның барлығы, жастар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алуға өз септігін тигізеді. 
 Эстетикалық тәрбиені жүзеге асыруда жастар клубының ролі үлкен.  Жастар клубы қоғамдық белсенділікті арттырудың көзі болып табылады.  Бала өзінің қарқынды энергиясын күш көрсету түрінде көшеде жұмсай алады, ал, колледж және отбасы оның мұндай жасөспірімдердің қоғамға қарсы психологиясының қалыптасуында үлкен роль атқарады. Бала бойында еңбекке деген сүйіспеншілікті қалыптастыру өте маңызды іс болып табылады. Өйткені, кез келген жасөспірімді ең әуелі отбасы, одан кейін мектеп және барлық жағдайда еңбек тәрбиелейді. Адамның сан қырлы әлемін танып-білуді, өмірге ұрпақ келмей тұрып, ана құрсағында бастау алатынын, яғни  болмысы қалыптасу үшін қам-қарекет жасау керектігін әрбір әке-шеше жете ұғынуы қажет.   
Осы мақсатта М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті колледжінде апта сайын «Жас ұрпақ тәрбиесі – заңдылықтың қозғаушы күші» тақырыптарына орайластырылған «дөңгелек үстел» мәжілістері мен түсіндірме жұмыстары жүргізіліп келеді. 

Нұрлыбек Досыбай,
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне 
қарасты колледждің, Қазақстан тарихы пәнінің оқытушысы.
Пікір қалдырыңыз