Қараспандағы «кішкентай» проблема...

Ысқақ САДЫҚ, «Ońtústik Qazaqstan».

Біздің Қазақстанда проблемасы түгел шешілген ауылдар жоқтың қасы шығар. Бір ауылдың тұрғындары жөні түзу бір көшенің жоқтығын мәселе етіп көтерсе, енді бірі табиғи газдың тартылмағанын сөз етеді. Тағы бірі таңдай жібітетін тұщы суға жарымай отырғандарын айтып шағынады. Осындайда «Алдараспан» әзіл-сықақ театрының «Біздің ауылда бір кішкентай проблема бар, ауылда – жол жоқ!» деген әзілі еріксіз еске түседі. Сол айтпақшы, Ордабасы ауданына қарасты Қараспан ауылдық округінде де бір «кішкентай» проблема бар. 

Негізінен алғанда Қараспан ауылы екі өзеннің – Бадам және Арыс өзендерінің тоғысқан жерінде орналасқан. Тұрғындардың айтуынша, ауылдың бір көшесіне әлі күнге дейін асфальт төселмеген. Жауынды-шашынды күндері адамдар үйлерінен шыға алмай қалатын кездер болады, тіпті, кейде «Жедел жәрдемнің» өзі лайға батып, әбден әбіржиді. Ондайда медбикелер көлік бара алмайтын жерге балшық кешіп, әзер жететін көрінеді. Ауылдағы әйгілі көшенің бұрынғы аты – Гагарин. Қазір осы көше тұрғындары әлеуметтік желіде чат ашып, оны «19 ғасырдың көшесі» деп атайды екен. Ал, шындығында көшенің ресми атауы – Қалмұрза Бекмұратов көшесі. Бірақ, оны көпшілік білмейтін де сияқты. Ауыл адамдары бұл мәселені әкімдікке талай айтқан. Ауылдық округтің бұрынғы әкіміне жолдың жағдайын айтқанда ол оның мұншалықты мүшкіл халде екенін білмейтінін, алдағы уақытта назарға алатынын жеткізген екен. Кейіннен жолы түсіп, әкімнің өзі де бір-екі рет бұл көшеге келген. Бірақ, ол келістен бәрібір нәтиже шықпапты.
«Менің осы ауылға келін болып түскеніме біраз жыл болды. Одан беріде көп нәрсе өзгерді. Тек өзгермеген біздің көшеміз ғана. Жаңбыр жауса батпаққа батып, жазда шаңға көміліп, өмір сүріп келеміз. Жолдасым сынықшы болғасын, үйге келім-кетім адамдар да көп. Бәрі келген сайын: «Жолдарың әлі жөндеу көрмеген бе?» деп базынасын айтып кетеді. Ал, жолдың сиқы мынау. Ерте көктемде аяғы ауыр келінімнің мазасы қашып, «Жедел жәрдем» шақырдық. Ол құрғырың келіп болмайды. Сөйтсек көшенің басына кіргеннен-ақ лайға тығылып, өздерімен өздері әуреге түсіп жатыр екен. «Сіздер бізге қарай шықпасаңыздар, жарты жолда қалып қойдық» деп хабарласып, содан бәріміз әбігерге түстік. Сонда келінім қатты ауырып жатса да, амалсыздан жаяу жүріп барды. Балаларымызға да обал, мектепке барып келгенше уайымдап, іштей аман-есен оралуын тілеп отырамыз» дейді сынықшы Нұржігіт Алтынбек ағамыздың үйіндегі апайымыз, «Күміс алқа» иегері Айша Аяпбергенова. 
Алғашында бұл қуыс көшенің басына ғана асфальт төсеп, қалған бөлігі сол күйі қалып қойған екен. Ал, ауылдық округтің қазіргі әкімі Нұржан Омаров бұл жағдайдан хабардар. Бұл көше күре жолдың бойында әрі әкімшілікке іргелес жатыр. Әкімшіліктің іргесіндегі жол осылайша мүсәпірдің күйін кешіп тұрғанда, оның сәл әрірегіндегі басқа көшелер заман талабына сай жөнделген. Тіпті, жарықтың өзі іргелес жатқан Қажымұқан көшесінде орнатылған. Ал, жеңіл көліктер Қ.Бекмұратов көшесіне түсу үшін Қажымұқан көшесімен айналып келуге мәжбүр. Себебі, бұл көшеге асфальт жол, жарық бағаналары орнатылған. Ал Қ.Бекмұратов көшесінің тұрғындары Қажымұқан көшесінің бел ортасына дейін әкелген көліктен түсіп, заттарын арқалап, үйлеріне жаяулатып жетіп алуға мәжбүр. 
Біз тұрғындардың өтініші бойынша бұл мәселені негізге алып ауылдық округтің бүгінгі әкімі Нұржан Омаровқа сауал жолдаған болатынбыз. Оның айтуынша, биылға жоспарланған инфрақұрылым жұмыстары толығымен жүргізіліп біткен. Бірінші кезекте тас төсеу жұмыстары жүргізіліп, жабынды ауылдағы барлық көшеге толығымен төселгеннен кейін барып асфальт төселеді екен. Бірақ, нақты қай жылы, қай кезеңде іске асатындығы жайлы ауыл әкімі нақты ақпарат берген жоқ. Біз де тәуір жолдың ертерек салынуын тілеп, жолға қарап телміріп отырған тұрғындарға нақты жауап бере алмай қайттық. Иә, Қараспанда «кішкентай» бір проблема бар...
Пікір қалдырыңыз