Мәселелер оң шешімін табады

Мәслихат өзінің бақылау функциясын заңдылыққа сай зерделей отырып, атқарушы органдармен өзара тіл табыса, бірлесе отырып әрекет етсе ғана жұмыс нәтижелі болатынын өмірдің өзі көрсетіп келеді. Бүгінде Созақ аудандық мәслихаты аудан әкімі аппаратымен, мемлекеттік мекемелермен және ауылдық округтермен тығыз байланыста жұмыс істейді.

Өздеріңізге белгілі, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» ҚР Заңының 21 бабында: «Депутат: өз округінің сайлаушыларымен, сондай-ақ, өзге де жергілікті өзін-өзі басқару орғандарымен және ұйымдармен кездесулер мен жиналыстар өткізуге құқылы» делінген.

Жоғарыда аталған заңның тиісті бабын басшылыққа алған аудандық мәслихаттың депутаттары ресми жазбаша сауалмен әкімге, тағы басқа да тиісті азаматтарға мәслихат құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша депутаттық сауалдар жолдап, олардың орындалуын тұрақты назарда ұстауда.

Осы уақытқа дейін аудандық мәслихат депутаттары тарапынан аудан әкіміне және оның бөлімдеріне барлығы 10 депутаттық сауал жолданған болатын. Олар бойынша аудандық мәслихат аппараты нақты іс-шара жоспарын жасап, депутаттық сауалдарды тұрақты қадағалауға алған. Аппарат қызметкерлері депутаттардың сауалдарына ерекше мән беріп, олардың дер кезінде іске асуына мүдделік танытуда.

Қазіргі таңға дейін жетінші сайланған аудандық мәслихаттың 5 сессиясы өткен болса, оның 2-еуі кезекті, 3-еуі кезектен тыс сессиялар болып табылады. Оларда алдын-ала жоспарланған мәселелер қаралып, тиісті шешімдер қабылданып, олардың орындалуы мәслихат аппараты тарапынан бақылауға алынған. Бүгінгі күнге дейін аудандық мәслихаттың кезектен тыс сессияларында бюджетке 2 рет өзгерістер енгізіліп, қолданыстағы заңдарға сәйкес жұмыстар жүргізіліп келеді.

Аудандық мәслихат депутаттары тарапынан бүгінгі күнге дейін маңызды деген 50 мәселе және сессияны ұйымдастыру жұмыстарына қатысты 11 мәселе қаралып, барлығы 61 шешім қабылданған болса, олардың орындалуы бақылауға алынып, сол бойынша жұмыстар жалғасын табуда.

Депутаттардың өздерімен алдын-ала келісіп жасалған кесте бойынша мәслихат аппаратының қызметкерлері әрбір депутаттың кездесулеріне қатысып, жиналыс барысында айтылған ұсыныс-пікірлерді жинақтап, оларды жүзеге асыру жөнінде іс-шаралар жасап, аудан әкіміне, тиісті мекеме, бөлім басшыларына жеткізіп отырады.

Аудандық мәслихат депутаттары тұрақты түрде қоғамдық қабылдаулар өткізіп, тұрғындардың мәселелерінің оң шешілуіне ықпал жасап келеді.

Ендігі жерде аудандық мәслихатқа келіп түскен хаттар мен арыз-шағымдар және өтініштер, азаматтардың талап-тілектері бойынша жеке қабылдаулардың барысы туралы хабардар етпекпін.

Үстіміздегі жылдың алты айында аудандық мәслихатта 5 арыз-шағым, 1 өтініш тіркелген. Олардың бәрі де дер кезінде тиісті орындарға жіберіліп, орындалуы бақылауға алынды. Нәтижелері бойынша арыз-шағым мен өтініш иелеріне уақтылы хабарлануы тұрақты бақыланды.

Мұнымен бірге, биыл 15 азамат өздерінің әр түрлі талап-тілектері бойынша менің қабылдауымда болды. Олардың көпшілігі жұмысқа орналастыру жөнінде көмек сұрайды. Өз кезегінде оларға азаматтарды жұмысқа орналастырудың тәртібі түсіндірілді.

Биылғы сессияларда аудан әкімдігінің құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің атқарған жұмыстары мен алда тұрған міндеттері туралы есебі, сондай-ақ, аудандық орталық аурухананың атқарған жұмыстарының есебі тыңдалды. Мұнан бөлек Шолаққорған, Жуантөбе ауылдық округі әкімдері есепті баяндама жасады. Жергілікті полиция қызметінің атқарған жұмыстары мен алда тұрған міндеттері де көпшілік талқысына салынды.

Жыл бойы кезекті сессияға дайындық кезінде аудандық мәслихат жанынан тұрақты түрде жұмыс тобы құрылады. Аталған жұмыс тобы салалар бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен көзбе-көз танысып, ұсыныс-пікірлер айтылады. Бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғасын табады.

Бегімбет БАЙҒАРАЕВ, Созақ аудандық мәслихатының хатшысы.

Пікір қалдырыңыз