Алқабиге кімдер үміткер бола алады?

Елімізде алқабилер соты 2007 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс істеп келе жатыр. Содан бері 15 жылға жуық уақыт өтсе де, тұрғындар ол туралы әлі толық біле бермейді. Сол білместіктің салдарынан оларды алқабиге үміткер ретінде сотқа шақырып, хабарлама тарату кезінде: «Бұл не? Мен туралы мәліметтерді қайдан алдыңдар, неге мені шақырып жатырсыңдар?» деп түсініспеушілік танытып, хабарламаны алғылары келмей, қорыққандарынан есіктерін ашпай, телефон шалсаң, тұтқаны көтермей, сот мамандарының жұмыстарына қиындықтар туғызып жатады.

Мұның себебі азаматтардың құқықтық білімінің төмендігінен, жеке азаматтардың азаматтық борышын толық сезінбеуінен деп ойлаймын. Осындай түсінбеушіліктерге байланысты тұрғындарға ҚР «Алқабилер туралы Заңын» түсіндіруді жөн көрдік.
Қазақстан Республикасының алқабилері тең мәртебеге ие. Алқабилерді іріктеу процесіне Қазақстан Республикасы азаматтарының қатысуын қамтамасыз ету мақсатында жергілікті атқарушы органдар жыл сайын 1 желтоқсанға дейін алқабиге кандидаттардың тізімдерін жасайды. Алқабиге кандидаттар қатарына жиырма бес жасқа толмаған, өтелмеген не алынбаған соттылығы бар, сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп таныған адамдар, судьялар, прокурорлар, тергеушілер, адвокаттар, мемлекеттік қызметшілер мен әскери қызметшілер, сондай-ақ, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, наркологиялық немесе психоневрологиялық диспансерде есепте тұрған адамдар енгізілмейді.
Алқабиге кандидаттардың тізімдеріне азаматтарды енгізуге шығу тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге деген көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге мән-жайлар бойынша қандай да бір шек қоюға жол берілмейді.
Алқабиге кандидаттардың тізімдерінен қылмыстық іс бойынша сот ісі жүргізілетін тілді білмейтін адамдар, өздерінің дене кемістігі немесе психикалық кемістігі салдарынан алқабидің міндеттерін атқаруға қабілетсіз адамдар, алпыс бес жастан асқан адамдар, діни қызметшілер өздерінің жазбаша өтініші бойынша алып тасталады.
Алқабидің өз міндеттерін атқармауы, сондай-ақ осы заң баптарында көзделген шектеулерді сақтамауы Қазақстан Республикасының заңында белгіленген жауаптылыққа, сондай-ақ төрағалық етушінің алқабиді істі қарауға одан әрі қатысудан шеттету мүмкіндігіне әкеп соғады.
Азаматтар сотта алқабидің міндеттерін атқаруға жыл ішінде көп дегенде бір рет, қылмыстық іс қаралатын барлық уақытқа шақырылады. Сотқа шақырылған, бірақ алқабилер алқасының құрамына іріктеп алынбаған адамдар басқа сот отырысына алқаби ретінде қатысуы мүмкін. 

Роза СҮЛЕЙМЕНОВА,
Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі
 мамандандырылған ауданаралық сотының кеңсе меңгерушісі.

1 пікір

  • Серик Саденов.
    Серик Саденов.

    Саламатсыз ба.Мен де алқа би ретінде сотқа қатысайын деген едім.Жасым 43-те.Білімім жоғары.Ол үшін қайда және қандай құжат тапсыруым керек.

Пікір қалдырыңыз