Салтанат енесіне еліктейді

Салтанат Сәбетбекқызы 1981 жылы Созақ ауданындағы Ф.Энгельс атындағы кеңшарда дүниеге келген. Ол ері Дархан Қаманұлымен 2002 жылы отбасын құрады. Өмірге Аружан, Асылжан, Сағи, Мағжан, Нұржан, Жанайым, Нұрхан есімді 7 ұл-қыз келіп, шаңырақтарын шаттыққа бөлейді. Балаларының алды жоғары оқу орындарының студенттері, кейінгі төртеуі ауылдағы Бәтима Батырбекова атындағы жалпы орта мектебінде білім алуда. Барлығы да оқу озаттары.
Ері Дархан Жақсыбаев – отбасының барлық жүгін көтеріп, маңдай терімен, адал бейнетімен жүрген жан. Ол «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК-ға қарасты «Оңтүстік-волковгеология» өндірістік мекемесінде вахталық жұмыс атқарады. Салтанат та жарына сүйеу болып, үй шаруашылығының бір шетінде жүреді. Салтанат көп балалы отбасыдан шыққан екен. Сондықтан өз отбасының да көп балалы болғанын қалапты. Салтанат бірнеше рет аудан әкімінің, аудандық мәслихаттың Алғыс хаттарымен марапатталып, ардақты аналармен бірге аудан басшысының қабылдауында болды. Өткен жылы Наурыз мерекесі қарсаңында «Алтын алқа» төсбелгісін алды.
– Жаратқанға шүкір, бақыттымын! Енем өте жақсы адам. Келін болып түскеннен бері білгенін үйретіп келеді. Отбасының ұйытқысы. Бүгінде көргенді келін атандым. Бұл ауылдастарыма барынша адал қызмет етіп, жасы үлкендерден алған ақ алғыс пен батаның арқасы деп білемін. Балаларымызды жастайынан еңбекке баулыдық. Ертең өскенде қиналмасын деп ұлдарды қора-қопсы жөндеуге, отын-су әкелу сияқты жұмыстарға әкесі ұдайы баулып жүреді. Әкем Сәбетбек шаруашылықта механизатор болып өмірінің соңғы жылдарына дейін халыққа қалтқысыз қызмет етті. Анам Несібелді Қалекеқызы өмірге сегіз қыз, екі ұл әкелген ардақты ана, – дейді Салтанат ағынан жарылып.
Салтанаттың енесі Қуанышкүл Рымбаева апамыз да еңбекпен шыңдалған адам. Екінші топтағы мүгедек болса да қарап отырғанын көрмейсіз. Ол кісіні жер қарайғаннан бақшалықтың ішінен көресіз. Қазір де «балаларым әркімге жаутаңдамай, бау-бақша ішінен қалағанын үзіп жесін» деп қызанақ, қияр, қауын-қарбыз өсіріп, баптап отыр. Еңбектің арқасы болса керек, апамыз әлі де ширақ. Қуанышкүл апамыз 1942 жылы 8 наурызда туған. Анасы «соғыс ертерек бітіп, тезірек қуанышты күн болсын!» деп қызының есімін Қуанышкүл деп қойған екен. Расында, ол отбасының берекесі мен қуанышына айналып отыр. Салтанат үй шаруасынан қолы қалт еткенде Қуанышкүл апаның жанынан табылады. 
Сүйікті жар, аяулы ана, инабатты келін Салтанат шынында да жарасымды отбасымен бақытты.

Мақсат ҚАРҒАБАЙ.
Созақ ауданы.
Пікір қалдырыңыз