«Мен қылмыскер емеспін»

Сабырбек Олжабай, «Ońtústik Qazaqstan».

Кеше жеке архивімді ақтарып отырып жазушы Рэй Брэнберидің «Кітапты өртеп жібергеннен де үлкен қылмыс бар. Мысалы, оны оқымау» деген сөзін оқып, денем дір етті. Бүгінде әркім-әркімнің ауызында «қазіргілер кітап оқымайды» деген сөз жүр. Соған қарағанда қоғамда қылмыскерлер көп тәрізді. Оның шет жағасын кешегі «Қасыретті қаңтар» оқиғасынан да көрдік. Ұстаз алдын көрген, ата-анасынан тәрбие алған, руханият әлемінің кәусар бұлағынан қанып ішкен жас мұндай сорақылыққа бармайды. Сонда оларды мұндай лас тірлікке итермелеген не? Әрине, мұндайда ең алғаш есімізге қоғамның бай мен кедей болып екіге жарылғаны түседі. Бүгінге дейін бүкіл билік материалдық игілікті ғана жақтап келді.  Алда қол бұлғап шақырар ешқандай жарық сәуле жоқ, түнекке батып бара жатқан кер заман талайларды адастырғаны ендігі жасырын емес. Сөзден мән кеткен, уәдеден нәр кеткен бейберекет қоғамда байлықты ғана көксеген топтың дегені болды, қолы жүрді, асығы алшысынан тұрды. Ал, адамдардың екінші тобы «қайтсем жанымды бағамын?» деп аласұрды. Сыйлы болуы үшін дилы болу керектігін алғаш түсінгендер бүгінгі бүйірі тоқ, бүйені жемге толған бай-бағландар еді.
Қазір жуан ағайлардың зәулім сарайларына кіріңізші (егер кіргізсе, әрине)  алтынмен апталып, күміспен қапталған небір асыл заттарды көріп, ауызыңыз ашылып қалады. Сөрелердің сан алуан түрін көресіз. Алайда, кітапқа арналған сөре көзге түспейді. Кітап атаулыдан мектеп оқушыларының оқулықтары ғана бар. Оның өзі сөмкелерде жасырынып жатады немесе балалардың жеке бөлмелеріндегі үстел үстінде ғана. Осыншама дүние-мүлкі бар олар кітап жинауды басы артық жұмыс көреді. «Үйіңізде неге кітап жоқ?» деп сұрап көріңізші, «мен пәлен мектепке түген кітап бергенмін» деп мардымсып шыға келеді. Онысы рас енді.  Жомарт болып көріну үшін керексіз дүние болып қалған кітаптарын мектепке толайым сыйлап жіберген біраз кісілерді білеміз. Жасырып қайтеміз, оларды «сізден артық жомарт жоқ» деп арқадан қағып, масайратып та қоямыз. «Е, елге үлкен қайырымдылық жасаған екенмін ғой» деп оның да бөркі қара қазандай болып қалады.
Осы азаматтан «қолыңыз боста ой-өрісіңізді кеңейту үшін кітап оқымайсыз ба?» деп сұрап көріңізші, не деп жауап берер екен? «Кітап оқымасам, осындай дәрежеге қалай жеттім?» деп өзіңізге дүрсе қоя береді. Ой-санасының таяз, қиялының қанаты қырқылғанын сезе тұра сол сөзіне ұйисыз. Расында, ақылды адам ғана осындай бола алады деп бас шұлғып тұрасыз.
Бүгінде кітапханаға кіруден қорқамын. Неге? Өйткені, сөрелерде қаз-қатар тізіліп тұрған кітаптардың көпшілігін оқымағанмын. Демек, мен де қылмыскердің бірімін ғой. Осы ой мені жегідей жейді. «Бүйтіп қылмыскер болғанша кітапханаға жоламайын» деп байлам жасаймын.  Бірақ, кітап іздеп барып қалғанымды сезбей қаламын. Сөрелердегі баспадан жақында ғана шыққан, дизайны керемет, қағаздары сапалы кітаптар маған «мені оқы, мені оқы» деп тұрғандай болады. 
Көрікті кітапханашы келіншек қасыма жақындап келіп:
– Аға, жақында мынадай-мынадай кітаптар түсті. Қайсысын оқығыңыз келеді? – деп сұрады.
Алдымда Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» мен Лев Толстойдың «Анна Каренина» романдары жатты. Екеуін де бір кездері оқып шыққам. Бірақ, мен «Абай жолына» қол создым.
– Бұрын оқымап  па едіңіз? –деп таңырқады келіншек. 
Үндемедім. Өйткені, кітаптардың қасында басқа да туындылар көп еді. «Мейлі ойлай берсін». Бәрібір жүрегімді бір қуаныш кернеп тұрған еді.
Бүгінде кітап дүкендеріне барсаңыз, жастардың кітап сатып алып жатқандарын көресіз.  Бірақ, әуелгі қуанышты көңіл-күй су сепкендей басылып қалады. Өйткені, бүгінгі жастар орыс тілінде шыққан әлем әдебиетіне көбірек қызығатын сияқты. Көздің жауын алатын әсем мұқабалы кітаптарды көріп, сіздің де сол жинақты сатып алғыңыз келеді. Жас оқырмандар қиял-ғажайып оқиғалар желісіне құрылған фантастикалық кітаптарды көбірек оқиды екен. Сосын детектив жанрындағы туындыларды таңдайды. Бір жақсысы оқиды әйтеуір.
Жолай менің «Абай жолын» көтеріп келе жатқанымды бір танысым көріп, кідіртті.
– Әлі көз майыңды тауысып кітап оқып жүрмісің? – деп маған көзі алара қарады.
Бұған енді не дерсің?
– Бұдан да үйіңе бір бөлке нан ала қайтсаң қайтеді? – деп ұрысты танысым.
Байқаймын,  аяп тұр. «Теңгесін босқа шашқан ақымақ адам» көреді мені.
«Егер кітап болмаса мен әлдеқашан түңіліп кетер едім» депті Шопенгауэр. Бір уыс бидай ұрлаған адамның қолын кесетін Қытайда кітап ұрлаған жан жазаға тартылмайды екен. Мұны олар «білімді қадірлегендік» деп ұғындыратын көрінеді. 
Кітап-Рух! Кітаптың түкке де керексіз болып қалған күні –Адамзаттың көз жұмған  күні. Олай болса, Руханият әлемінен  тамыр тартқан ұлы Кітаптың басынан бақ таймасын! Одан  қол үзген адам – мәңгүрт адам! Қоғамда бірең-сараң мәңгүрт адам болуы мүмкін. Бірақ, қоғам мәңгүрт болмайды.
Мен қылмыскер емеспін. Шама-шарқымша қолыма түскен кітапты оқып шығуға барымды салады екенмін.
Ал, Сіз ше?..
Пікір қалдырыңыз