Таныс та бейтаныс қарақалпақтар

Асылында жуас адам болуы мүмкін, алайда, жуас халық болмайды. Шамына тисең кез келген халық шамырқанып шыға келеді. Ондайда ол халық дүниені төңкеріп тастауға бейіл болады. Бұрын көшеде бір-біріне амандаспай жүретіндер мұндайда бастары бірігіп кетеді. Бұған әлемнің кез келген аймағында орын алып жатқан ереуілдер мен шерулер арқылы-ақ көз жеткізуге болады.
Осы күнге дейін қарақалпақ деген жұрт өзімен- өзі тыныш жатқан ел еді. Статистикалық деректер бойынша, Өзбекстанның құрамына кіретін, сол мемлекеттің территориясының 40 пайызын алып жатқан автономиялы республика. Халқы екі миллионға жуық. Оның 30%-ға жуығы қарақалпақтар мен өзбектер, қалғандары қазақтар, орыстар, украиндар және т.б. Екі ресми тіл бар: қарақалпақ және өзбек тілі. Республиканың өз елтаңбасы, туы, әнұраны, конституциясы және үкіметі бар. Ол өзінің әкімшілік-аумақтық құрылымы мәселелерін дербес шешеді.
Осы шілде айының басында Қарақалпақстан астанасы Нөкіс пен аймақтың өзге қалаларында жаппай наразылық тұтанды. Оған Өзбекстанның жаңа Конституциясы жобасының жариялануы себеп болды. Жаңа конституцияға Қарақалпақстанның егемен мәртебесін алып тастау жөнінде өзгерістер енгізілетіні мәлім болған еді. Дәл осы жоба қарақалпақ ағайындардың шамына тиді. Шамына тигені сол, жүруге жарайтын қарақалпақтар сол күні тегіс алаңнан табылды. Иә, билік қақтығысты басты. Екі жақты қақтығыстан кейін 4 шілдеде Өзбекстан билігі 18 адам қаза болғанын, 516 адамның ұсталғанын хабарлады. Президент Шавкат Мирзиёев автономды республикада бір айға дейін төтенше жағдай жариялады. Өзбекстан парламенті Конституция жобасында Қарақалпақстанның егемен мәртебесін сақтау туралы шешім қабылдады. Қарақалпақстанның Өзбекстаннан «референдум жолымен» бөлініп шығу құқығы да өзгеріссіз қалатын болды.
Біз қарақалпақ ұлты туралы не білеміз?
Қарақалпақтар – көшпелі түркі тілдес халық, мұсылман ұрпағы. Бай ұлттық тілі, өзгеге ұқсамайтын мәдениеті, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы бар ел.
Қарақалпақтардың тарихы бірнеше ғасырларға созылады. Халықтың ежелгі ата-бабалары біздің дәуірімізге дейінгі ІІ-V ғасырларда Арал теңізінің оңтүстік жағалауында өмір сүрген сақ-массагет тайпалары (иран тілдес көшпенділер) болып табылады. Қарақалпақ хандары – Алтын Орда хандарының ұрпақтары. Әрбір руды би (аға, түркі атағы) – ауқатты әулеттің өкілі басқарды. Олар жерді, жайылымдарды, суару арналарын реттеп отырды.
1924 жылы Қарақалпақ автономиялық облысы құрылды. Келесі жылы ол Қырғыз АССР құрамына бекітілді, 1930 жылы РКФСР құрамына қайта бекітілді, ал, 1932 жылы АССР болып өзгертілді. Нүкіс қаласы астанасы болды. 1933 жылы АССР Өзбек КСР-інің құрамына енді. 1964 жылы Қарақалпақ болып аталды.
1990 жылы Қарақалпақ АССР Жоғарғы Кеңесінің сессиясында мемлекеттік егемендік туралы Декларацияға қол қойылды. Бұл мемлекет өз халқының жалпы референдумы негізінде толық тәуелсіздік ала алады деген сөз.
1992 жылы АССР Қарақалпақстан Республикасы болып қайта құрылып, Өзбекстанның құрамында қалды. Келесі жылы Өзбекстан құрамына кіру туралы 20 жылдық мемлекетаралық келісімге қол қойылды. Құжатқа сәйкес, Қарақалпақстан Өзбекстаннан ажыратылуы мүмкін, бірақ, тек қарақалпақтардың өздернің келісімімен ғана. Қарақалпақстанның Өзбекстан құрамына кіруі туралы шарттың мерзімі 2013 жылы аяқталды.
Дәстүрлі киімнің негізі – шапан
Қарақалпақтардың ұлттық киімдері Орта Азия мен Қазақстан халықтарының киімдеріне, Хорезм өзбектерінің киіміне өте ұқсас. Дәстүрлі киімнің негізі – шапан. Қымбат жібек матадан тігілген, қолтығында арнайы саңылаулары болады. Түйе жүнінен тоқылған көйлектер мен шекпендер киеді. Аяқ киім – өкшелі былғары етік, үшкір ұшы сәл жоғары бүгілген.
Киім киюде аға буын дәстүрлі канондарды ұстанады. Ерлер кең мақта көйлек пен балағы етікке тығылған шалбар киеді. Қыста тон киеді, ал, қара тоннан жасалған қалпақ жыл бойы бас киім қызметін атқарады.
Әйелдер киімі – көйлек, шалбар, өзбек жамылғысы тәрізді шапан және шапан түріндегі кең көйлектен тұрады. Қыста олар да тон киеді.
Қарақалпақ әйелдері ашық жүзбен жүреді. Әйелдер күміс білезіктер, сырғалар, сақиналар, кеудеге арналған кулондар және тұмарлы алқалар тағып жүреді.
Қазіргі жас ұрпақ, тіпті алыс ауылдарда да ұлттық киімдерді сирек киеді, бірақ, кейбір элементтер бас киімдер мен белдіктерде, етіктерде бәрібір сақталған.
Қарақалпақ халқы сыртқы түрі жағынан моңғолоидтық ерекшеліктерімен қазақтарға көбірек ұқсайды, буряттар мен қалмақтарға да келіңкірейді.
Тілі мен діні
Өзбек және қарақалпақ тілдерінің диалектикалық салалары әртүрлі. Өзбек тілі бірнеше түркі және иран тілдерінің қосылуынан пайда болса, қарақалпақ тілі – қыпшақ тобына кіретін түркі тілдерінің ықпалында. Тілі қазақ пен ноғайға жақын. Халықтың әдеби тілі солтүстік диалекті негізінде қалыптасты.
Барлық оқу орындарында оқу қарақалпақ тілінде жүргізіледі. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарына дейін қарақалпақтарда араб жазуы болды. Бірақ, ғасыр соңында ұлт толығымен латынға көшті. Сөйлеу тілі өзбек диалектісіне қарағанда қазақ және қалмақ диалектілеріне жақын.
Мәдениеті мен дәстүрі
Қарақалпақтардың мәдениеті көп қырлы және Азия халықтарының мәдениетімен тығыз байланысты. Түркі тайпаларының этникалық элементтері салт-дәстүрде, әдет-ғұрыптарда кездеседі. Қарақалпақтардың мәдениеті мен салт-дәстүрінде әртүрлі рулар мен тайпалардан біршама айырмашылықтар бар.
Халықтың мәдени мұрасын фольклордан, қолданбалы өнерден байқауға болады. Мұнда олар отбасылық әдет-ғұрыптар мен дәстүрлерді ұстанады. Халық ауыз әдебиетінде ертегілер, аңыздар, ғұрыптық әндер мен би түрлері бар. Барлық отбасылық мерекелерде, тойларда үнемі халық музыкалық аспаптары ойналады. Халық арасында ең кеңінен тараған ұлттық аспап – домбыра. Ол да халық ғұрыптарының ең маңызды пәні болып табылады. Халықтың салт-дәстүрі қазақтардың салт-дәстүріне ұқсас. Бір айта кетерлігі, қоңырат, уақ сынды рулар оларда да бар.
Қарақалпақ ақын-жазушылары
Қарақалпақ әдебиетінің мойындалған классик ақыны – Бердақ. Ол 1827-1900 жылдар аралығында өмір сүрді. Ақынның шын есімі - Бердімурод Қарғабой оглы. Бердақ – оның лақап аты. Ол Арал теңізінің оңтүстігінде, Мойнақ ауданының Аққала қаласында дүниеге келген. Он жасында Бердақ әкесі Қарғабой Боронбойдан және анасынан айырылады.
Ол жас кезінен өлең жаза бастаған. Халық әндерімен, түрлі аңыздармен, ертегілермен, мақал-мәтелдермен, эпостармен танысу, әйгілі ақындардың өлеңдерінен ләззат алу ойшылдың көркем шығармашылығының дамуында маңызды рөл атқарды. Сөйтіп, Бердақ біртіндеп әйгілі ақын және белгілі бакшқа айналды.
Бердақтың өлеңдері мен дастандары халықтың өмірін объективті және шынайы өрнектеуімен ерекшеленеді. Қарапайым халыққа қатысты, әсіресе Хиуа хандығы мен патшалық Ресейдің кезіндегі зорлық-зомбылық ақынның бірқатар өлеңдерінде көрініс табады. Сондықтан ол өз уақытының әділетсіздігіне, мирабтардың озбырлығы мен зұлымдықтарына қарсылық танытады.
Қарақалпақстанның халық ақыны Музафар Ахмад Мағжан Жұмабаевтың таңдамалы шығармалар жинағын тұңғыш рет өзбек тіліне тәржімалаған. Мағжан 1922 жылы Ташкент шаһарына көшіп келіп, осында 2 жыл тұрған.
XIV ғасырда Батыс Қазақстан еңірін жайлаған түркі тайпаларының ортасынан шыққан атақты жырау – Сыпыра жырау. Қарақалпақ елінің фольклор зерттеушілері Сыпыра жырауды қарақалпақ эпосының негізін салушы деп санайды.
1932 жылы Қарақалпақстан Жазушылар одағының құрылуына қаламгерлер Әмет Шамұратов, Ибрайым Юсупов, Төлепберген Қайыпбергенов, журналист, жазушы Оразбай Әбдірахманов елеулі еңбек сіңірді.
Елдегі жағдай мәз емес
Бүгінде Қарақалпақстанда әлеуметтік ахуал мәз емес. Ауыз су жеткіліксіз (республика территориясының 85 пайыздан астамы – Қызылқұм шөлі), Арал теңізі құрғап барады. Оның үстіне соңғы кезде саяси жағдай да шиеленісе түсті. Қарақалпақстанның тәуелсіз ел болу мәселесі БҰҰ-ның өз бақылауына алған өзекті мәселелердің біріне айналды. Ислам Каримов қайтыс болғаннан кейін қарақалпақ белсенділері жеке мемлекет болу идеясын жиі көтеруде. Дегенмен, оның жүзеге асуы оңай болмайтындай. Мұның себебін әдебиеттанушы Базарбай Дүйсенбаев былай деп тарқатқан екен. «Біріншіден, олардың жері Өзбекстанның 40%-ын алып жатыр. 3 миллионға жуық халық тұрады. Екіншіден, Түркіменстанға тасымалданатын газ осы қарақалпақ жерінен жіберіледі. Қарақалпақ жері – өзбек қолындағы негізі қайнар көз. Сондықтан да өзбек ағайындардың қарақалпақтардан айырылғысы жоқ. Үшіншіден, мұндағы балық шаруашылығы да ерекше фактор болып отыр».
Қазіргі таңда қарақалпақтардың көпшілігі нәпақа табу мақсатында Қазақстанның батыс өңірлерінде жұмыс істеп жүр. «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар» демекші, егер елдегі ахуал жақсы болса, туған жерін ешкім тастап кетпес еді.
Саяси сарапшылар өз егемендігі үшін алаңға шыққан қарақалпақтардың Өзбекстаннан бөлініп, тәуелсіз ел болуы заңды құбылыс екендігін айтады. Себебі, халықаралық заңнамалық тұрғыда қарақалпақтар дербес ел болуға толықтай құқылы болып саналады. Ал, мұның қаншалықты жүзеге асуы тарихтың еншісінде.
Баспасөз материалдары бойынша
дайындаған Б.ДАРҒОЖИНА.