Қоғамдық қор грант бөледі

«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры мұқтаж түлектерге арнап 85 жоғары оқу орнына үш-үштен грант бөледі. 
«Бізге оқу орнына білім ақысын өтеу қиындығына тап болған 1,5 мың жас пен студенттен өтінім түсті. Оларға қалай көмектесуге болатынын ойластырып, шешім қабылдадық. Қамқоршылар кеңесі ол бағдарламаны мақұлдады. Оқу ақысын төлеу қиындығына тап келген, тұрмысы төмен отбасылардан шыққан, ауыл мектептерін бітірген түлектерге грант бөлу бағдарламасы бекітілгенін айтып отырмын. Бұл қатарға қаржылық жағдайы қиын жастардан бөлек жетім балалар мен мүгедектігі бар балалар да қосылады. Яғни олар да осы гранттан үміттене алады» деді қордың төрағасы Болат Жәмішев. 
Алайда, бұл жекелеген түлекке емес, жоғары оқу орындарына беріледі. «Білім және ғылым министрлігінің грант бағдарламасы бойынша жұмыс істейтін жоғары оқу орындарының әрқайсысына осындай сипаттағы үш гранттан үлестіріледі. Грантқа түсу үшін абитуриент мемлекеттік грант алуға жеткілікті балл жинауы керек. Бірақ, мемлекеттік грант алғысы келетіндер көп болғандықтан, жоғарыда аталған талаптарға сай келетін түлектер мемлекеттік грант иеленуге құқылы болады» деді қор төрағасы. 
Қоғамдық қор баспасөз қызметінің түсіндіруінше, бұл жерде ҰБТ нәтижесі бойынша грантқа 1-2 балл жетпей қалған немесе ҰБТ-дан алған балы жетіп тұрса да аттестаттағы баға көрсеткіштері грант алуына мүмкіндік бермейтін балалар әр жоғары оқу орнына бөлінетін 3 гранттың біріне іліне алады. Ол үшін түлек аз қамтылған отбасының мүшесі немесе жетім бала, мүгедектігі бар болуы шарт. 
«85 жоғары оқу орнына бакалавриат бағдарламасының 3 грантынан келеді. Одан бөлек аталған мұқтаждық санатына жататын студенттерге 100 шәкіртақы тағайындадық. Бірақ, ол үміткерлерді осы салада жұмыс істеп жүрген, студенттерге таныс қайырымдылық қорлары іріктейді. Бұл бағдарлама бойынша биылғы бюджетке 378 млн. теңге бөлінді. Бұл сома жыл сайын өсіп отырады» деді қоғамдық қордың басшысы. 

1 пікір

  • Салтанат
    Салтанат

    Алла разы болсын. Барлық оқығысы келген бала оқуы үшін жақсы жаңалық. Тек әділдікпен шешілсе екен

Пікір қалдырыңыз