«AMANAT»: ҚАЗЫҒҰРТ ТҰРҒЫНДАРЫ РЕФЕРЕНДУМДЫ ҚЫЗУ ҚОЛДАП ОТЫР

Болашағымызды айқындайтын ізгі бастамаға қолдау білдіруге дайынбыз.

Республикалық референдумның үгіт жұмыстары 3 маусымда сағат 24:00-де аяқталады. Референдумның алдындағы күні және референдум өткізілетін күні үгіт жүргізуге тыйым салынады. Дауыс беру қорытындысы Орталық референдум комиссиясының отырысында мәлім болады. Ол хаттамамен рәсімделіп, оған Орталық референдум комиссиясының төрағасы, төрағаның орынбасары, хатшысы мен мүшелері қол қояды және қаулымен бекітіледі. Бүгін осы және өзге де референдумға қатысты сұрақтарға партия жанындағы республикалық штаб мүшелері қатысқан кездесулерде жан-жақты жауап ізделді.

Қоғам қайраткері Қуаныш Айтаханов және ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Құдайберген Ержан Қазығұрт ауданында болды. Ауданының тұрғындары республикалық референдумды түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Жиындарға аудан әкімі А.Абдуллаев та қатысты. Ауданның зиялы қауым өкілдерімен және жергілікті тұрғындармен өткен кездесулерде  штаб мүшелері Ата заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар туралы баяндап, жиналғандардың сауалдарына жауап берді. 

- Қазақстан Конституциясының 33 бабына түзетулер енгізу көзделіп отыр. Атап айтқанда, жер мен оның байлығы халықтың меншігі етіп жарияланады. Халықтың атынан жерге мемлекет иелік етеді.  Сонымен қатар, өлім жазасына тыйым салу көзделген. Бұдан бөлек, Конституциялық, Жоғары және де өзге судьяларға Орталық сайлау комиссиясының мүшесі және төрағасы болуға тыйым салынады. Бұл референдумның негізгі мақсаты әділдік пен ашықтықты күшейту. Осы жұмыстарда әр азамат өз үлесін қосуы керек, - деді Қ.Айтаханов.  

Мұнан соң үгіт-насихат тобы аудандық мәслихат депутаттары, ауыл округі әкімдері, жергілікті кәсіпкерлермен және шаруа қожалықтарының төрағаларымен кездесті. Бұл маңызды кездесу Сарапхана ауыл округіне қарасты  Жіңішке елдімекеніндегі «САУ-АС» ЖШС-нің 4 гектарлық  өнеркәсіптік жаңа жылыжайында өтті. Сондай-ақ, дәл осындай кездесулер «Бабалар рухына тағзым» мемориалдық кешенінде жалғасты. Қ.Ержан жауапты сәтте әрбір азаматтың дауысы маңызды екенін айтып, өзгерістерді бірге жасауға шақырды. Осы тұста ауыл халқы да депутаттың сөзін қолдап, өз ұсыныстарын да жеткізді. 

- Болашағымызды айқындайтын ізгі бастамаға қолдау білдіруге дайынбыз. Сіздерден зейнет жасын төмендетуге ықпал етулеріңізді өтінеміз. Қазіргі таңда зейнет жасына жетпей өмірден озып жатқандардың қатары артуда. Жаңа Қазақстаннан жаңа нәтижелі өзгерістер күтеміз. Референдумға барамыз, дауыс береміз - деді ауылының тұрғыны А.Жұмақбаева.
Пікір қалдырыңыз