«Табыстарымыз аз емес, жоспарларымыз одан да көп»

Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы. Сондықтан ертең елге тұтқа болар тұлғалардың тәрбиесіне бүгіннен көңіл бөлген абзал. Осы орайда елімізде балалардың бос уақытын тиімді өткізуі үшін  бар жағдай қарастырылған. Осы мақсатта Түркістан қаласында  Оқушылар сарайы ашылып, бүгінде онда түрлі үйірмелер жұмыс істеп тұр. Атқарылып жатқан жұмыстар барысын Оқушылар сарайының директоры Индира ИКАПОВАНЫҢ  өзінен сұрадық.

– Индира Сарқытқызы, өзіңіз басқаратын Оқушылар сарайында қазір қанша үйірме жұмыс істеп тұр? Үйірмеге қатысу тегін бе?

– Біздің ресми жұмыс істей бастағанымызға бір жыл енді болды. Осы уақыт ішінде мүмкіндігінше балалардың қызығушылығын арттыруға әрекет етіп жатырмыз. Әуелде 60-қа жуық үйірме ашу жоспары бекітілген еді, қазір балалар мен мамандардың сұранысына орай 40 шақты үйірме жұмыс істеп тұр. Олар өнер, шығармашылық, ғылым, тіл, спорт және IT секілді 6 бағытта қызмет көрсетеді. Оқушылар сарайына аудандардан да келіп, үйірмеге қатысатын балалар баршылық. Дәл қазір біздегі үйірмелерге мыңнан аса бүлдіршін келеді. Олардың көпшілігі гимнастика, жекпе-жек, таеквондо сияқты спорттық бағыттарға, одан кейін домбыра, вокал және робототехника, суретші-аниматор үйірмелеріне жазылған. Ғылымға қызығатын балалар да аз емес. Әр пән бойынша қосымша сабақ алуға да жағдай жасалған. Атап өтерлігі, үйірмелер тегін. 

Балаларын үйірмеге тасып, олардың жан-жақты дамуына қолдау білдіріп жүрген ата-аналарды қатты құрметтеймін. Олар бізге риза. Бұл біздің құлшыныспен жұмыс  істеуімізге шабыт береді. 

– Оқушылар сарайы қызметінің негізгі бағыттарының бірі – техникалық бағыт. Осыған лайық құрал-жабдықтар жеткілікті ме?

– Бізде «IT & SANA» бөлімінде «Роботехника LEGO», «Логика дамыту», «Суретші-аниматор», «Мобилография» сынды үйірмелер жұмыс істеп тұр. Осыған лайық кабинеттерге соңғы үлгідегі құрал-жабдықтар қойылған.  Баланың робот, дрон құрастыруына, жалпы, алаңсыз ғылыми ізденіспен айналысуларына барлық жағдай жасалынған. 

Ашылғанымызға көп бола қоймаса да, бұл үйірмелер ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жетіп үлгерді. «Суретші-аниматор» үйірмесіне қатысушылар жасаған анимациялық жұмыс өткен күзде Түркістанда өткен халықаралық «ÁMEN» анимациялық фильмдер фестивалінде «Креативті көзқарас» номинациясымен марапатталды. Біздің балалар кәсіби мамандармен бірге бәйгеге түсті. 

Тағы бір жаңалығымыз – Оқушылар сарайы мен Қазақ Ұлттық университеті арасында түзілген меморандумға орай БҰҰ-ның ЮНИСЕФ балалар қоры қыздар арасында білім беру жобасын өткізбек. Онда «UniSat» наноспутниктерін әзірлеу бойынша өтетін білім беру жобасына 14-25 жас аралығындағы қыздар қатысады. Осыны Түркістан қаласында тұңғыш рет ұйымдастырып, аймақтағы 15-ке жуық қызды курсқа тіркедік, қазір олар наноспутниктерді құрастыру бойынша онлайн сабаққа қатысуда. Курс біткен соң нәтижесін өздеріңізбен бөлісеміз.

– Осы жыл «Балалар жылы» деп жарияланды. Оқушылар сарайының  осыған байланысты  жоспары қандай?

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылды «Балалар жылы» деп жариялай отырып, «Бұл жылды тек ұрандап немесе мереке түрінде атап өту ғана емес, ең алдымен билік тарапынан денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қамсыздандыру саласында балаларды қорғау мақсатында нақты іс-шаралар жасалуы керек» деген болатын. 

Бұл балалармен тікелей жұмыс істейтін Оқушылар сарайына да үлкен жауапкершілік жүктеп отыр. Қазір осы жылдың аясында жоспарланған жұмыстарды бастап та кеттік. 

«14 ақпан – халықаралық кітап сыйлау күніне» балалар арасында кітапқа деген қызығушылықты арттыруға және оның құнды сыйлық бола алатынын түсіндіру мақсатында «Кітап сыйла» акциясын өткіздік. Біздің ғимаратта ашылған кітапханаға кез келген оқушы, ата-ана бос уақытында келіп, кітап оқып кете алады. Кітапхана қоры «Кітап сыйла» акциясының аясында мыңға жуық отандық және шетелдік авторлардың шығармаларымен толықты. Кітап оқып өскен баланың парасатты болмауы мүмкін емес! 

Жоспарымызға сәйкес дәстүрлі «Jas Talant» байқауын өткізбекпіз. Бұл байқау, әсіресе мектеп бітіруші түлектер үшін тамаша мүмкіндік. Байқау қатысушысы жүлдеге ілінсе өздері қалаған мамандықтың грант иегері атана алады. 

Өткен жылы бір жоғары оқу орны грант бөлсе, биыл төрт университет бізбен бірлесе жұмыс істеуге келісіп отыр. Еліміздегі танымал, беделді 4 жоғары оқу орны бірнеше мамандық бойынша квота мен грант бөлмек. Дәл қазір осы жобаның дайындығы жүріп жатыр. Шарттары көп ұзамай жарияланады. 

– Кез келген балалар мекемесінің жұмысы оқушы-тәрбиеленушілердің жетістіктерімен бағаланады. Оқушылар сарайының басқа да жетістіктерімен бөлісе отырсаңыз.

– Оқушылар сарайы балаларды ресми түрде 2021 жылдың 1 ақпанынан бастап қабылдады. Бір жылдың ішінде бағындырған белестеріміз аз емес. Оқушыларымыз республикалық, халықаралық додаларда бой көрсетіп жүр. 40 үйірменің жетістіктерін тізбектеп айтар болсам, оған уақыт та жетпес. Десе де, бірқатарын атап кетейін. Мысалы, «Сурет» үйірмесінің оқушылары Бақыт Толғанай, Еркебұлан Бердалиев Нұр-Сұлтан қаласында өткен ХІV Халықаралық «ALASH STAR» байқауынан бас жүлдені иеленіп келді. 

«Киім моделін жобалау» үйірмесінің қатысушылары Қайрат Тұрар мен Жұмабек Нұргелді секілді жас дизайнерлер да түрлі байқауларда ерекше көзге түсіп жүр. 

«Вокал» үйірмесіндегі Асқар Курешовты да ерекше атап кеткім келеді. Ол Алматыда өткен халықаралық байқауда бас жүлдені жеңіп алды. «Дәстүрлі ән» үйірмесінің қыздары да халық әндерін тамылжыта орындағанда көпті тәнті етеді. 

– Индира Сарқытқызы, әңгімеңізге көп-көп рахмет! Балалар үшін атқарып жүрген еңбектеріңіз жана берсін!

Сұхбаттасқан Ысқақ САДЫҚ, «Ońtústik Qazaqstan».


Пікір қалдырыңыз