Оның корректоры да, алғашқы оқырманы да өзім болдым

«Жақсының жары» айдарының кезекті қонағы – журналист-жазушы, бірнеше прозалық кітаптардың авторы Жеңіс Баһадүрдің жан-жары, филология ғылымдарының кандидаты, қаламгердің 44 жылдан бергі өмірі мен шығармашылығының тікелей куәгері Бикамал Сағатбекқызы.

Ағаң алақанына салып өтті

– Бикамал апай, әңгіменің әлқиссасын өзіңіз туып-өскен орта, ата-анаңыз, ағамызбен алғашқы таныстығыңыздан бастасақ.
– Өзім Шығыс Қазақстан облысының тумасымын. Қазіргі Зайсан өңіріндегі Теректі ауылы біздің әулеттің атақонысы. Қазір көгілдір экраннан ара-тұра ауылымды көре қалсам, жүрегім әлі күнге дейін лүп ете түседі. Себебі, онда маған ең ыстық және ең аяулы жандардың келмес күндердегі іздері жатыр. Әкем Сағатбек мінезі біртоға, ешкіммен қақ-соғы жоқ, момын адам еді. Балаларының ішінде ерекше жақсы көрді. Өмірден өткенше ауылда веттехник болып жұмыс істеді. Ал, анам Ауғанбай өмірден үйренгені, көрген-білгені көп, қазақтың байырғы жыр-дастандарын жатқа соғатын көкірегі зерделі кісі еді. Анамды ауылдың үлкен-кішісі түгелдей Ауа дейтін. Кеш түсісімен ауылдың жас-кәрісі біздің үйге қарай ағылатын. Анам оларды алқақотан отырғызып қойып, «Рүстем-Дастан», «Қобыланды батыр», «Қамбар батыр» жырлары мен қазақтың ғашықтық дастандарын оқып беретін. Сондай сәттерде анамыз бізге тұсау жібін шешіп жіберген тұлпар сияқты көрінетін. Кішкентай кезіңде санаңда жатталып қалған жыр шумақтары есейгенде де естен шықпайтын тәрізді. Анам жарықтық, ауылдастарын шығарып салған соң май шамның түбінде етпеттеп жатқан бізді тізесіне отырғызып алып, әлгі жырлардың ырғағына салып, тағы әндететін. Бізді жұбатқаны ма, әлде, ұрпағының құлағына сіңе берсін дегені ме, кім білсін. Қалай болғанда да, бала кезден естіген сол бір жыр шумақтары жадымызда өшпестей жатталып қалды. Менің тіл біліміне, әсіресе, әдебиет пен өнерге жақын болуыма анамның осы жыршылығы үлкен әсер етті деп ойлаймын.
Нағашы атамыз екі әйелден 24 перзент көріпті. Жастау шағында атамыз түс көріп, түсінде бір ақсақал «саған пәлен бала беремін, бірақ бәрін қайтып өзім аламын. Түбінде біреуін саған қалдырамын» деген екен. Сол көрер жарығы бар баласы менің шешем болып шықты. Қалған балалары екі-үш жасқа жетпей, аурудан бірінен соң бірі шетінеп кетіпті. Анама Ауғанбай деген есімнің берілуі де қызық. Ел ішін аштық жайлай бастаған тұста атам жақындарын ертіп, Қытайға қарай жол тартады. Үдере көшкен сол бір боранды қыста түйе үстінде отырған нағашы әжемді толғақ қысып, анамды жол үстінде босаныпты. Заман түзеліп, елдің аузы аққа тиген соң атам ағайындарын ертіп елге оралады. Елге келген соң дүниеге ұл келіп, есімін Келгенбай деп қояды. Анам сол уақытта үйде іші әшекейлі заттарға толы әжемнің үлкен сандығы болушы еді дейтін. Үш-төрт жасар кезі болса керек, бір күні ішіндегі жылтыраған заттарды көрмекке аңсары ауып, сандықтың ернеуіне асылады. Бойы жетпеген соң сандықтың түбінде жатқан әлдебір затқа аяғын қойып тағы ұмтылады. Сөйтсе, сандықтың түбінде жаялыққа оралып жатқан Келгенбай екен. Анам Келгенбайдың көкірегінен басып, біразға дейін сандыққа асылып тұрыпты. Әлі сүйегі қатып үлгермеген бала сол сәтте-ақ дем жетпей тұншығып өледі. Нағашы атам өре түрегелген әжеме «бұл Құдайдың маған қалдырған жалғызы» деп қызын таяқтан арашалап алған екен. Анам жарықтық біздің қызығымызды көріп, 2001 жылы 71 жасында дүниеден өтті. 
1971 жылы мектеп бітіріп, арман қала Алматыға аттандық. Ағаңмен ең алғаш ҚазМУ-дың дайындық факультетінде оқып жүргенде таныстым. Ол журналистика, мен филология факультетінде қатар оқыдық. Бес жыл кездесіп жүріп, 1977 жылы отау құрдық. «Осынша жыл жүріп үйленетінімді білгенде, ара-тұра өзгелерге де көз салар едім ғой» деп әзілдеп қоятын. Ағаңмен қатар өткізген тағдырыма налыған кезім жоқ. Алақанына салып, аялап өтті.  
– Ағамыздың бірге оқыған курстастары кімдер еді?
-Жеңістің курстастары Ұлықбек Есдәулетов, Нұртілеу Иманғалиұлы, Қонысбай Әбілов, Мылтықбай Ерімбетов, Орынбек Жолдыбаев, Тілекқабыл Боранбаев, Сейдулла Садықов секілді азаматтар-тын. Өзің білесің, кейін бұлардың барлығы қазақ әдебиеті мен журналистикасына үлкен олжа салды. Мұндағы айтпағым, Жеңістің студенттік кезі, міне, осы адамдардың ортасында өтті. Тізе түйістіре лекция тыңдап, жұп жазбай кітапханаға бірге барды. Түрлі әдеби кештерге қатысып, редакция есіктерін жүректері лүпілдеп бірге ашты. Алматыдағы шығармашылық жолдары осылай қатар басталды.

Алматыдағы әдеби ортаға барғысы келетін

– Жеңіс ағамыз 40 жылдан аса түрлі басылымдарда абыройлы еңбек етті. Соның алғашқы бес-алты жылын Солтүстік Қазақстан облыстық газетіне арнады. Сонда өткізген жылдарынан қазір нендей жақсы кездерді еске алар едіңіз? Сонда тұрақтап қалуға болмады ма?
– Университет бітірген соң екеумізді де жолдамамен Солтүстік Қазақстан облысына жіберді. Ол облыстық «Ленин туы» (қазіргі «Солтүстік Қазақстан» газеті) газетіне, мен Петропавл педагогикалық институтына оқытушы болып орналастым. Алты айдан кейін Жақаңды бөлім меңгерушілігіне жоғарылатты. Үкімет екі бөлмелі үй берді. Сондықтан солтүстікте өткен күндеріміз шуақты, сәулелі болды деп айта аламын. Кейін оның Алматыға қарай жылжығысы келді. Ол кезде «менмін» деген қаламгерлердің дені Алматыда еді ғой. Сәні мен әні жарасқан сондағы әдеби ортаға араласқысы келетін. 1983 жылы енем қатты сырқаттанып, менің шұғыл ауылға қайтуыма тура келді. Қазіргі Қазығұрт ауданында «Қаржан» деп аталатын алақандай ғана ауыл бар. Ағаң сол ауылда өсіп-өнді. Алдында ағасы, өзінен кейін үш інісі болатын. Енем жарықтық көп ретте Жеңіске арқа сүйейтін. Артындағы үш інісін аманаттап, бір айдан соң бақилыққа аттанып кете барды. Амал жоқ, әлі буыны бекімеген інілерін жетілдіру үшін Жақаңа Оңтүстікке оралуға тура келді. Марқұм Жұмамұрат Тұяқбаев ағамыздың тікелей араласуымен сол жылы облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетіне бөлім меңгерушісі болып жұмысқа орналасты. 
– Жазушылық шеберханасы туралы айтып берсеңіз. Жұмыс істеу тәсілі қандай еді? Үлкен тақырыпқа кірісер алдында өзін қалай ұстайтын, үлкен бап қажет ететін бе еді?
– Ол шығармашылығына келгенде үлкен бап таңдамайтын. Біз көп көшіп-қондық. Солтүстіктен оралған соң Шымкентте жиі үй ауыстырып отырдық. Арасындағы үш-төрт жылды Астанада өткізіп келдік. Қай жерде жүрсе де балалар ұйықтағаннан кейін жазуға отыратын. Шаршаса да өмір бойы осы тәртіппен жұмыс істеді. Күндіз институтта оқытушы, түнде отағасының хатшысы болдым. Шығарма дайын болғанда, жазу машинкасына басып беремін. Сөйтіп көркем дүниелерінің корректоры да, алғашқы оқырманы да өзім болдым.

Оралханды өзіне үлгі тұтты

– Өзіңіз де жазу-сызудан құр алақан емессіз. Қазір де жоғары оқу орнында студенттерге дәріс беріп жүрсіз. Қалай ойлайсыз, газеттің тынымсыз жұмысы ол кісінің шығармашылығына тұсау болған жоқ па? Алматыға барғанда, мүмкін бұдан да кеңірек көсілер ме еді...
– Меніңше, журналистика жазушылықты тежеп тастайды немесе уақытыңды ұрлайды деген бос әңгіме. Қазақта журналистика мен жазушылықты қатар алып жүрген алыптар аз емес. Өмір бойы газетте жұмыс істеген Шерхан аға мен Оралхан ағаның жазушылықтары кімнен кем? Жақаңның қай шығармасын оқысаңыз да, алдыңыздан аңдағайлап қарапайым ауыл адамдары шығады. Ол осы кейіпкерлерінің барлығын журналистік іссапарларда жүріп тапты. 
Оралхан демекші, Жақаң Оралхан Бөкейдің шығармаларын қайталап оқудан жалықпайтын. Ұлықбек Есдәулетов екеуі практикалық жұмысты Оралханның туған жері Қатонқарағайда өткізді. Осы сапардан үлкен әсермен оралды. Әрбір кестелі сөздерін, орамды ойларын қойын кітапшасына түртіп жүретін. Содан болар, Оралханды өзіне ерекше үлгі тұтты.  
– Жазушы дүниелерінің ендігі тағдыры қалай болмақ? Аяқталмаған дүниелері бар ма?
– Жақаң ешқашан жазуына немқұрайлы қараған емес. Бәрін құнттап, қаттап жүретін. Сонау Солтүстік Қазақстан облысында жүргенде жазған шығармаларынан бастап, баспасөз бетінде жарық көрген барлық публицистикалары, мақалалары, телевидениеде жұмыс істеген жылдары жүргізген сұхбаттары үйде қолжазба күйінде сақтаулы тұр. Кейінгі жылдары махаббат тақырыбында жазылған лирикалық әңгімелерін жинақтап, «Тәтті у» деген кітап шығаруды жоспарлап жүретін. Марқұм ұлымыздың көзі тірісінде жазған сценарийлерін, өлеңдерін де жинақ етіп шығарсам дейтін. Дүниеден өтер алдында жазылған дендросаябақ жайлы көлемді туындысын да баспаға дайындап қойған-тын. Үздік шығармаларын іріктеп, «Алаш» әдеби сыйлығына ұсынсам деп жүретін. Жазу үстелінде жоспары құрулы осындай дүниелері қалды. Алдағы жылы туғанына 70 жыл толады. Соған орай ойда жүрген жоспарлар бар. Жазушылар Одағының қалалық филиалына келген жаңа басшыға құлаққағыс етіп қойдым. Бұл енді алдағы уақыттың еншісіндегі дүниелер.
– Ақтарыла айтқан сұхбатыңызға рақмет, Бикамал апай! Ағамыздың жасамаған жасын артында қалған ұрпағы жасасын. Мұраты биік жазушы еді, артында қалған мұрасы – көңілге медет, шығармаларының ғұмыры мәңгілік болсын тілейік! 
– Саған да рақмет! Бүгінгі мүмкіндікті пайдаланып, кезінде жанымызда болған, жылы сөз айтқан әріптестеріне алғысымды жеткізгім келеді.

Әңгімелескен Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ,
«Ońtústik Qazaqstan».
Пікір қалдырыңыз