Іңгәлады тағы үшем

Шымкенттегі перинаталды орталықта тағы да үшем өмірге келді. Сәбилерге Айсұлтан, Әлия және София деген есім беріліпті. Орталық дәрігерлерінің айтуынша, нәрестелер 24 сәуір күні жүктіліктің 35-ші аптасында кесарь тілігі арқылы дүние есігін ашқан. Сол уақытта олардың салмақтары 2000-2470 грамм, ал, бойлары 40-42 сантиметр болған екен.
Бүгінде сәбилер әжептеуір салмақ қосқан. Денсаулықтары да жақсы. Жақында оларды аталмыш орталық дәрігерлері салтанатты жағдайда перзентханадан үйлеріне шығарып салды.
Айта кетейік, сәбилердің анасы Гүлмира Юсупованың жасы небәрі 33-те. Ол бұған дейін 5 баланы дүниеге әкелген. Енді, міне, үшемін аман-есен босанып, қол-аяғын бауырына алып отыр. Тіл-көзіміз тасқа дейік! Әрбір қазақ қызына осындай көпбалалы, батыр ана болу бақыты жазсын!
Жыл басынан бері қалада 10649 сәби дүние есігін ашқан. Оның 5165-і қыз болса, 5484-і – ұл бала.

Дилара БИМЕНОВА.
Пікір қалдырыңыз