Қарттарды қуантып қайтты

Сабырбек Олжабай, «Ońtústik Qazaqstan».

Рамазан – қайырымдылық пен мейірім айы. Осыған орай «Желтоқсан ақиқаты» патриоттық қозғалысы қоғамдық бірлестігі Түркістан облыстық филиалының ұжымы облыстық жұмыспен қамтуды ұйымдастыру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының №2 «Арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ-де болып, қайырымдылық шарасын өткізді. Желтоқсаншылар Рамазан айына орай 170 адамға дастарқан жайып, әруақтарға Құран бағыштады.
Шара барысында «Желтоқсан ақиқаты» патриоттық қозғалысы қоғамдық бірлестігі Түркістан облыстық филиалының басшысы Сажида Әлжанова орталықтың бірқатар қызметкерін Алғыс хаттармен марапаттап, иықтарына орамал жауып, тақия кигізді.
Қайырымдылық шарасының соңы көңілді концертке ұласты. Орталықтың мәдени іс-шараларды ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Гүлбаһрам Жұмаділова, музыкалық жетекші Рахман Тұрымбетов, сондай-ақ Александр Шваланов, Света Ларина концерттің көрігін қыздырды. Желтоқсаншы Тамара Ерімбетова мен жас әнші Еңлік Байзақованың өнерлеріне де көпшілік дуылдата қол соқты. Желтоқсаншылар жетекшісі Сажида Әлжанова ән шырқап, орталықта емделіп жатқан қарттарға тамаша көңіл-күй сыйлады.
Мұнан соң желтоқсаншылар мен орталық қызметкерлері аулаға ағаш және гүл көшеттерін екті. Мүмкіндігі шектеулі жандарға мейірім-шуақ шаша келген желтоқсаншыларға №2 «Арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» директоры Шәрбат Шырынбекова ұжым атынан алғыс айтты.
Желтоқсаншылар алдағы кезде де осындай қайырымдылық іс-шараларды жиі-жиі өткізіп тұрмақ.  

Пікір қалдырыңыз