Жүректегі жылы сөз

Қазақстанда өмір сүретін түрлі ұлт өкілдерінің елімізге қоныс аудару себебі де сан алуан. Біреулерін кезінде тағдырдың тауқыметі, саясаттың салқын желі айдап келсе,  енді бірі отбасылық бақытын іздеп өз еркімен аяқ басқан. Қазақтың атпал азаматтарының ізіне ілесіп келіп, кең-байтақ қазақ елінен өз бақытын тауып, шаттығының күйін шертіп отырған жандар да аз емес. Осындай бақытты жандардың  бірі – Попонина Людмила Федоровна.

Людмила Федоровна 1950 жылы Ресейдің Владивосток қаласында дүниеге келген.
– Желкілдеп бой жетіп, жас дәуреннің таусылмас қызығына тоймай жүрген сол бір жылдары қазақ жігітімен таныстым. Кең жүректі, дарқан мінезді жігіттің болашақ тағдырым екенін сезіндім, – дейді Людмила Федоровна.
Люда апайдың жүрегін жаулап алған қазақ жігіті Жарас Найманбаев ағамыз болатын.   Владивосток қаласына әскери борышын өтеуге барған көкеміз орыс қызымен арасындағы сезімге қылау түсірмей, қолынан жетектеп еліне тартып отырыпты.
– 1972 жылы Құмкент елді мекеніне келін болып түстім. Әрине, алғашқы кезде бойымда тосырқау, өз елімді сағыну, жалғызсырау секілді сезімдер жиі орын алып жататын. Бірақ, ешқашан кері қайтуды ойламадым, – дейді Люда апай.
Алғашқы жылдары қазақтың тілін, салт-дәстүрін меңгеру қаншалықты қиын болса да барлық қиындықтарды жеңіп шығуға тырысады. Сонау алыста қалған жастық жылдарына көз жүгіртіп, сыр шерткен Люда апа бүкіл білместіктері мен қателіктеріне, балалығына кешіріммен қараған енесіне, әулетіне, көрші-қолаңына дән риза. Өз қызындай көрген ата-ене қамқорлығынан болар, бұл да өзі түскен отанына адалдығынан танбапты.
– Үш ұл, екі қыз баланы дүниеге әкелдім. Олар қазақы тәрбие алды. Бір кездері тағдырымды Жарас көкеңе тапсырсам, ол кісі осыдан он жыл бұрын ұл-қызды маған тапсырып, кете барды. Уақыт зырғып өтіп жатыр. Бүгінде барлығы бір-бір шаңырақтың иесі. Қазір 22 немере, 3 шөбере сүйіп отырған жайым бар, – дейді кейіпкеріміз.
Өніп-өскен шаңырақты ұстап отырған Люда әжемізге біз де «босағаларыңыздан бақ кетпесін!» деген тілегімізді айтып аттандық.

Маржан НҰРМАҒАНБЕТОВА.
Құмкент ауылы.

Пікір қалдырыңыз