Ыбрайым ахун

Аман ЖАЙЫМБЕТОВ, «Ońtústik Qazaqstan».

Салт-дәстүрді дәріптеп, әдет-ғұрыпты насихаттауда ғұлама-ғалымдардың, ақын-жыраулардың өмірлері мен соңына қалдырған рухани мұраларының жөні бөлек. Жазу мәдениеті қалыптаспаған ерте заманда ел тарихын жады мықты жыраулар мен білімі дегдар ғұламалар ауызша айтып, кейінгі ұрпаққа жеткізіп отырған. Діни сауаты бар сондай ғұлама-ғалымдардың жөн айтып, жол көрсетуімен ұлттың тағдыршешті проблемалары оңтайлы шешіліп, ел басқару ісінде олардың орны ерек болған. Бірақ, кейіннен кеңестік дәуір орнап, атеистік көзқарас қалыптасқан кезде ел ішіндегі көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың барлығы дерлік қуғын-сүргінге ұшырағаны тарихтан белгілі.
Міне, сондай сүйегі асыл ғұламалардың бірі – Ыбрайым ахун Құлбайұлы. Өмірінің соңғы жылдарын Мырзашөл өңірінде өткізген ол Жетісай ауданына қарасты Қарақай ауылдық округіндегі Қараөзек ауылындағы ескі қорымда мәңгілік дамыл тапқан. 1886 жылы өмірге келіп, 1982 жылы 96 жасында бақилық болған оның жамбасы жерге тигеніне биыл қырық жыл толады. Осыған орай кешегі апта Қараөзектегі орталық мешітте ас беріліп, оған ахунның көзін көрген замандастары мен ағайын-туыстары, ауыл ақсақалдары қатысты. Танымдық тұрғыдан берері мол игі істің ұйымдастырылуына ұзақ жыл басшылық қызметтер атқарып, зейнет демалысына шықса да қоғамдық жұмыстардан қол үзбеген руханият жанашыры Әбдіғаппар Исаев бастаған ел ағалары ұйытқы болса, есімі елге кеңінен таныс кәсіпкер Нұрділлә Малбағарұлының демеушілігімен баба қорымының басындағы кесенеге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ас берілгенін де айта кетейік.
Алқалы жиында Ыбрайым ахунның есімі жаңғыртылып, көптеген мәліметтер айтылды. Ақтөбе облысы, Байғанин ауданында дүниеге келген ол жеті жасында медресеге барып, алғашқы ұстаздары Тұрғанбай, Қайырмұхаммед, Шайхы ахундардан дәріс алған. Ахунның өмір жолын біраз жылдан бері зерттеп жүрген шежіреші Таңатар Илясовтың айтуынша, ол терең білім иесі болған. «Өз заманында діни сауаттылығы үшін қуғынға ұшыраған ол бас сауғалап еліміздің біраз өңіріне барады. 1937 жылы Байғанинде жүргенде Бектұр есімді ішкі істер саласында жұмыс істейтін інісі мұның тізімге алынғанын, ертерек кетіп қалмаса басына қауіп төнетінін астыртын жеткізеді. Содан мал-жаны мен бала-шағасын ағайындарына аманаттап, басының амандығы үшін Әулиеата асады. Қанша дегенмен әр істі ақылмен шешетін ғұлама емес пе, оны іздеп келушілер көп болады. Өз білгенін қалың елмен бөлісіп, ағартушылық қызмет атқарады. Атағы елге кеңінен жайылып, өміріне тағы да қауіп төнеді. Бұл жолы Түркіменстанға қарай жол алады. Өйткені, бұл кездері ағайындары өздерімен мүдделес мұсылман елдерінен пана іздеп, Түркіменстан, Тәжікстан, Ауғанстан асып кеткен еді. Түркіменстанның Ташауыз облысы, Көнеүргеніш ауданына барып, бала-шағасымен қауышқан ол мұнда жиырма жыл өмірін өткізеді. 1958 жылы тың жерлерді игеру жұмысы қарқын алғанда Мырзашөл өңіріне келеді. Содан өмірінің соңына дейін Гагарин қаласында тұрып, өмірден өтеді. Ыбрайым ахунның жаназасына екі мыңнан астам адам жиналып, отызға жуық имам-молда аят оқыған. «Дін – апиын» деп жүрген кеңестік кезеңде жаназа намазға осынша адамның жиналуы өте сирек кездеседі. Мұның өзі оның қаншалықты қадірлі адам болғанын аңғартса керек» дейді ол.
Иә, ел ішінде Ыбрайым ахунның шапағатын көргендер әлі де аз емес. Бірақ, өмір өткен сайын олардың да қатары сиреп барады. Сол үшін ахунның көзін көргендер мен көмегін сезінгендерді сөйлетіп, ол жайлы тың мағлұматтарды алып қалу жағы да жиында орынды көтерілді. Осы тұрғыдан алғанда тәрбиелік мәні зор іс-шараны ұйымдастырушыларға айтылар алғыс мол. Жиынға қатысқан ардагер журналист, ұзақ жыл аудандық «Мақтаарал» газетін басқарған Жолбарыс Тілеуұлының сөзімен айтсақ, «Нұрділлә сияқты қалталы азаматтар бүгінгі күнін ғана ойламай, елді, ертеңгі ұрпақты да ойлап, осындай танымдық-тәрбиелік мәні зор шаралардың өтуіне атсалысып жатса, оның бүгін де, ертең де берері аз болмақ емес».




Пікір қалдырыңыз