Сыздауық ақыры жарылып тынды...

Абай Балажан, «Ońtústik Qazaqstan».

Украина – жұмыр жердің желкесіне біткен бітеу жара еді.  Алдыңғы күні таң алакеуімде сол жара ақыры жарылып тынды. 
Жарған – Ресей, дұрысы, Ресейдің президенті Владимир Путин. Медицинада шиқанның жарылуының соңы жақсылық. Науқас өзін пәленбай уақыттан бері қинаған кеселінен сол сәтте жаны көзіне көрінгенімен, ақыры жақсы болып, тез жазылады. Ал, саясатта ше? Шиқаны жарылған мемлекет пен шиқанды жарған мемлекетті не күтіп тұр? Өкінішке қарай, мұның дәл жауабын ешкім бере алмайды. Бірақ, ендігі жерде ғаламдық саясаттың біраз өзгерістерге ұшырайтынын саясатпен айналыспайтын адамдардың да іші сезеді. 


Қазір орыстың өз ішінен басқа елдердің бәрі де Ресей президенті Владимир Путиннің келбетін жауыз ел басқарушы ретінде бейнелеп жатыр. Расында да солай. Путин бірінші болып көрші елге оқ атты. Көршісінің территориялық тұтастығын тағы да тас-талқан етті. Мұндайды кім ақтайды? Алайда, Ресей–Украина соғысына тек бүгінгі күннің биігінен қарасақ, өзіміз де адасар едік, оқырманды да адастырар едік. Сондықтан бұл жанжалдың себебін зерттегенде ең ұсақ-түйек деген мәселелердің өзін назардан тыс қалдыруға болмайды. 
Егер анығын айтсақ, бұл соғысты Ресей–Украина соғысы деуге келмейді. Бұл соғыс – Ресей–Украина соғысы емес, бұл соғыс Ресей мен Американың немесе Ресей мен Батыс әлемінің арасындағы соғыс. Украина–Ресей мен Америка үшін соғыс құралы ғана. Ал, бұл соғыс екінші дүниежүзілік соғыс аяқтала салысымен басталған. Содан өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарына дейін созылған.
Тоқсаныншы жылдардың басына дейін әлемді КСРО, АҚШ дейтін екі империя билеп тұрды. Саясаткерлер «суық соғыс» деп атап кеткен текетіресте жеңіс Американың пайдасына шешілген. Оның ежелгі жауы – КСРО бұл соғыста жантәсілім етті де, Сэм ағай әлемді жеке-дара билей бастады. Бұрын Кеңестер Одағы тірі кезінде тепе-теңдіктер сақталатын. КСРО тараған соң сол тепе-теңдіктер жойылды. Әлемде Америка гегемониясы үстемдік құрды. Алайда, бұл түпкілікті жеңіс емес еді. Бәрі XXI ғасырдың кірісінен басталды. 2000 жылы Ресей мемлекетінің тағын Борис Ельцин Владимир Путинге босатып бергені сол екен, ондаған жылдар бойы әбден табанға тапталған орыстың рухы қайта оянды. Ол рухпен бірге Ресейдің империялық тәбеті де қайта ашылды. Олар енді бұрынғы кеткен еселерінің орнын толтырмақ. Батыс әлемі Путиннің алдынан қанша арқан кергенімен, әзірше оны сүріндіре алмауда. Болашақта да сүріндіру, сүріндірмеуін бір Құдай біледі. 
Батыс үшін Ресейді сүріндірудің бірнеше тәсілі бар. Батыс әлемі сол тәсілдерін бірінен кейін бірін қолданып келеді. Қазір Ресейге салынып жатқан санкцияларда есеп жоқ. Алдағы уақытта бұдан да қатал санкциялар салынатыны Ресей Украина территориясына басып кірген күні-ақ айтылды. Алайда, бір нәрсені естен шығармаған жөн. Кедейшілікпен Американы, Еуропаның ақсүйектерін қорқытуға болатын шығар, ал, пәленбай ғасырлық тарихында бір тойып тамақ ішіп көрмеген, иіні бір жылтырап көрмеген орыстың мұжығын қорқыта аласыз ба? Мәселе осында! Қара топырақты аудандары құнарынан айырылып қалмаса, басқа шықпаса да картоп шығар. Ұрасында картоп толып тұрса, орыста кедейшілікке  ұшыраймын деген қайғы болмайды. 
Ресейді бәсекелестері моральдық тұрғыдан да сындыру үшін барын салды. ВАДА деген допингке қарсы халық- аралық мекеме іздеген допингтерін соңғы жеті-сегіз жыл көлемінде негізінен Ресей спортшыларының қанынан табатын болды. Сол ВАДА-ның құжаттарына сүйенген Халықаралық Олимпиада Комитеті (ХОК) Ресей спортшыларын жазғы Олимпиадаға да, қысқы Олимпиадаға да мемлекеттерінің атынан қатыстырмай, туларына да, әнұрандарына да тыйым салды. 
Осының бәрі расына келгенде Ресей мен Америка арасындағы текетірес еді. Текетірестің соңы бітеу жараға ұласты. 
Алайда, мұның бәрі тек жүйкеге тию тәсілдері болатын. Батыс Ресейдің белін НАТО-ның ықпал ететін аймағын кеңейту арқылы ғана біржолата сындыратынын жақсы білді. Бұл үшін АҚШ-қа Украинадай тиімді мемлекетті табу қиын еді. Украина Ресейдің дәл іргесінде. Украинаны НАТО құрамына қабылдап, солтүстік альянс күштерін Украинаға кіргізіп қойса, жауынын жаны мұрнының ұшына келмей ме?! Бұл соғыс Ресей мен Украина арасындағы соғыс емес, Ресей мен Америка сияқты екі алып империяның арасындағы соғыс деп отырғанымыз содан. 
Ана қорлықтың бәріне көнген орыс жұрты осы соңғы қорлыққа көнбеді. Батыс әлемінің дәл мұрнының астына зеңбіректерін әкеліп қоюына үзілді-кесілді қарсы болды. Украинаның таңдауына пысқырған да жоқ. Екі ортада Украина территориялық тұтастығынан айрылып тынды. Империялардың несі кетеді дейсіз, бәрінен де тәуелсіздігін алғанына жарты ғасыр да толмаған бота тірсек мемлекеттерге қиын да. Соңғы отыз жылдан бері Украинаның қолтығына су бүркумен келе жатқан Американың да түгі кеткен жоқ. Қираса Украинаның қалалары қирап жатыр, талқандалса Украинаның аэропорттары талқандалып жатыр. Ресей Украина аэропорттарын не үшін қиратып жатыр? Бір ұшақ Украинадан ұшып шыға алмасын, сырттан келетін бір ұшақ қона алмасын деп қиратып жатыр. Демек, АҚШ та, НАТО да Украинаға көмекке әскери техникалар әкеле алмайды деген сөз. 
Бұл текетірес түбі жарылатын шиқан еді. Ресейге осының ерте жарылғаны керек болды-ау деймін. 

***
Украинаға әскер кіргізуді бірқатар әлем мемлекеттерімен қатар, Ресейдің өз іші де қалап отырған жоқ. Бүгінгі күндері Мәскеу, Санкт-Петербург секілді бірнеше ірі қалаларда тұрғындар «Соғысты қаламаймыз!» деген плакаттар көтеріп, алаңдарға жиналып жатыр. Ал, Владимир Путиннің мәлімдемесі тіпті қатаң естілді. Ол бүкіл әлемге «бұл іске араласпаңдар, араласқандарға Ресей қатаң шара көреді. Мұндай шешім қабылданып қойылған!» деп кесіп айтты. 
***
Америка Құрама Штаттарының президенті Джо Байден «Америка ұрыс қимылдарына араласпайды, бірақ, Украинаның әрбір метр жерін қорғайды!» деп түсініксіздеу мәлімдеме жасады. Кейбір сарапшылар осы мәлімдеме жарияланған күні-ақ «ұрыс қимылдарына араласпаса, Украинаның жерін қалай қорғап бермек?» деп Байденнің аузынан шыққан лебіздің екіұдай сөз екендігін қатаң сынады. 

***
Жұмаға қараған түні Украина президенті Владимир Зеленский бүкіл әлем елдері президенттеріне «Ресей президенті Владимир Путинді соғысты тоқтатуға шақырыңыздар!» деп үндеу 
тастады. 
Демек, бұл дәл қазір соғысты тоқтату тек Путиннің ғана қолында екендігін білдірсе керек. 

*** 
Бұл соғыс Қазақстанға саяси тұрғыдан да, экономикалық тұрғыдан да кері әсерін тигізеді. Ресей Батыспен мүдделес елдердің бәрін қалай жау санаса, ендігі жерде Батыс әлемі де Ресей ықпалындағы елдерге солай қарауы мүмкін. 
Бұл – мәселенің бір жағы. 
Екіншіден, әлемдік саясатта ежелден мәңгілік дос, мәңгілік дұшпан деген ұғым болмайды. Черчилль айтпақшы, мүдделер ғана мәңгілік. Ендеше, біздің де мәңгілік досымыз, мәңгілік дұшпанымыз жоқ. Демек, бізге де ешкімге құлай сенуге болмайды. Біздің мәңгілік мүддеміз – Тәуелсіздігіміз! Біздің мәңгілік мүддеміз – жеріміздің тұтастығы! Сыртқы саясаттағы да, ішкі саясаттағы да бүкіл әрекетіміз осы екі мүдденің айналасынан табылуы керек. 
Украинаның бүгінгі тағдырынан әрбіріміз сабақ ала білгенде ғана Мәңгі Ел боламыз. Осыны ұмытпайық. 

1 пікір

  • Марат
    Марат

    Путин дурыс істейді укринаны АҚШ айдап салып отыр украиндар мал халық екен

Пікір қалдырыңыз