Тарпаң мінездес талант Журналист, ақын, ғалым, баспагер Темірғали Көпбаев хақында

О баста кімнің аузынан шыққанын қайдам, әсіресе ересек адамдардың аузымен жиі айтылатын «Жасарғың келсе, жастық шағыңды есіңе ал» деген тәмсіл бар. Рас-ау. Көкейіңде сағыныш болып тұнып қалған әлемге қайта сүңгіп кетсем, ет жүрегім елжіреп, өзгеше күй кешетінім бар. Тәтті мұңның жетегінде жүріп, оның әсерінен ұзақ уақыт айыға алмаймын. Бұл жолы да солай болды. Алматыдан жастық шақты бірге өткерген Темірғали Көпбаев досым телефон соқты. Биыл барыс жылы ғой. Ол Төлеби ауданы, Аққұм елді мекенінде 1962 жылы 7 ақпанда туған. Ауылдан шығып, Алашқа танылған азамат мерейлі алпыс жасқа келді. Санамда жастық шақ бір сәт қайта жаңғырды...
Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының орта шені. Леңгір қаласындағы аудандық газетте істейтін кезіміз. Жазуға, жалпы әдебиетке икемі бар, аракідік редакцияға ат басын бұрып, өлеңдерін әкеліп тұратын теміржолшы жігітпен тез тіл табыстық. «Алмас кездік қын түбінде жатпас» дегендей, көп өтпей бізге қызметке тұрды. Аузын ашса, жүрегі көрінетін аңқылдақ жігітпен тонның ішкі бауындай араласып кеттік. «Ақынға керек ақыл көп, асаулық керек аздаған» деп қазақтың Қадыры айтқандай, қайтпас қайсар мінезі де бар. Өзі сондай ізденімпаз. Күн тәртібіндегі көкейтесті мақалаларды бұрқыратып жазып тастайды. Аз уақыт ішінде шеберлігін шыңдап, басылымның белді тілшісіне айналды. Газеттің партия тұрмысы бөлімін басқарды. Газет редакторының орынбасары болды.
Әсіресе, өлеңдері – от. «Тарпаңдар» деген өлеңінің қалай жазылғанына куәмін. Оның алғашқы тыңдарманы болған соң қалай ұмытайын?! 1841 жылы Санкт-Петербургте «Асауды үйретушілер» атты мүсіндер коллекциясын қоладан құйып жасаған барон Петр Клодт пен сол мүсіншінің тарпаңдарымен тағдырлас Шәкәрім Құдайбердіұлының рухына арнаған өлеңінде Темірғали былай дейді:
Тарпаңым-ай, тірлікте пенде емесім,
Тағдыр солай, сан-саққа сенделесің.
Өліп-өшкен тірліктің мәні бар ма,
Өз еркіңді өзіңе бермегесін...
Расында, Барон Клодтың тарпаңдары бастарынан не кешпеді десеңізші?! ХХ ғасырдың басындағы большевиктік төңкеріс, 1941-1944 жылдардағы блокада-қоршау, сол кездегі Ленинградтың төбесінен жаңбырдай жауған снарядтар мен бомбалар!
...Қамшылауға көндiккен сауыр шыдар,
Шыдағанмен салмағын ауырсынар,
Ауыздықпен алысып өткенiңше,
Жабайы боп жүргенiң тәуiр шығар, – деп түйіндейтін тұсы жадымда жатталып қалыпты. Осындай кесек-кесек ойлы жырларды ол отыздың о жақ, бұ жағында жазған екен-ау.
Қыран ту кеңістікте ғана еркін самғай алады. Талантты ақынға аудан тарлық ететінін, өсу үшін үлкен орта керек екенін іштей түйсінетін едік. Біздің болжамымыз расқа айналды. Туған жерін тірек еткен Темірғали ауылдан өзінің жанын түсінетін Сәлимадай жар тауып алып, екеуі бірге 1990 жылдың күзінде ару Алматыға аттанды. Шағын ұжым ақын ұлдарымен қимай қоштасып, салтанатпен шығарып салды. Азамат атамекенінен байланысын бір үзген жоқ. Қайда жүрсе де хабарласып тұрды. Туған жер түлегінің қызметтік өсу жолдары мен қуанышына, жеткен жетістігіне біз де тілеулес болдық.
«Қазақ университеті» баспасына редакторлық қызметке орналасып, көптеген ғалымдардың оқулықтары мен ғылыми монографияларын редакциялады, терең мазмұнды рецензиялар жазды. 1992 жылы республикалық әдеби-қоғамдық «Жас қазақ» апталығына ауысқан Т.Көпбаев газеттің бөлім меңгерушісі, жауапты хатшысы болды. Бұл басылымда да Темірғалидың әдебиет пен мәдениетке байланысты тұшымды дүниелері бірінен кейін бірі жарық көріп, оқырмандар іздеп жүріп оқитын авторға айналды. Қаламы қарымды журналист күні бүгінге дейін республикалық «Жалын» журналында, «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті» газеттері мен басқа да басылым беттерінде, әлеуметтік желілерде қоғамдағы өзекті мәселелер туралы салиқалы ой қозғап келеді. Т.Көпбаевтың баспасөз саласындағы журналистік-публицистік қызметін осылайша бөлек бағамдауға болады.
Бұдан кейін оның ғылыми-педагогикалық қызметі басталғанын білеміз. Ол 1994 жылдың басында арнайы шақырумен Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті журналистика факультетінің радиожурналистика кафедрасына аға оқытушы болып ауысты. Осы кезден бастап Т.Көпбаев журналистиканың теориясы мен тәжірибесіне байланысты ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысты. Атап айтқанда, қазақ радиосы әдеби-драмалық хабарларының тарихы мен тәжірибесін, бүгінгі ахуалын зерттеді. 1998 жылдың 30-маусымында ҚазҰУ-дағы диссертациялық кеңесте «Қазақ радиодраматургиясының табиғаты мен ұлттық сипаты» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Кейін ғалымның бұл зерттеуі 2007 жылы «Қазақ радиодраматургиясы» атты жеке ғылыми монография болып басылып шықты.
Темірғали – дарынды лекторлығымен қатар жүздеген шәкірттердің жүрегінен орын алған ұлағатты ұстаз. Ол журналистика факультетінің студенттері үшін «Радиожурналистика негіздері», «Журналистің сөйлеу мәдениеті», «Журналистикадағы полемика өнері», «Шешендік өнер негіздері», «Әдеби-драмалық хабарлардың ерекшеліктері» және т.б. негізгі пәндер бойынша лекциялар оқыды. Кафедра меңгерушісі қызметін атқарды.
Кешегі аласапыран дәуірде де ол өзін-өзі жоғалтқан жоқ. Ағайындардың көпшілігі бұрынғы жұмысын тастап, ала дорба арқалап күнкөріс қамымен жүріп жатқанда: «Не дейсің, Темірғали бәрін қойып, кәсіпкерлікке біржолата ден қойыпты» деген хабар жетті. Қилы кезеңде бизнеске бет бұрғандар озып тұрған шақ қой. Бір білгені бар шығар дегенбіз. Осылайша оның жаңа тірліктің кілтін тапқанына қуандық. Сонау мұхит асып, жарты жылдай Америка Құрама Штаттарында болып, капитализм мектебiнен өтiп келдi. Қиындық көрмедi десек, өтірікші болармыз. Көрдi. Әйтсе де, тез аяғынан тұрып кеттi. Қатарының алды болмаса да, соңы емес. Көкейімізде «Тірлік оны иектеп алған екен. Тұрмыстың тұтқыны болғаны ма? Қазақ бір жақсы ақынынан айырылып, өлең өгейсіп қалды-ау» деген қауіп те жоқ емес еді. Көңілдегі күдік Т.Көпбаевтың 1998 жылы тырнақалды «Көзмоншақ» атты шағын жинағы қолға тигенде сейіліп сала берді, қуанып көзайым болдық. «Бәсе, біз танитын Темірғали тас қапастан ширығып тез шығады» деп, өлеңге деген ыстық ықыласының өшпегеніне жұбандық. Жасырынып жатқан жанартаулар сияқты «Жаңғырық», «Кие», «Оңтүстік», «Аңсар», «Даналық тәпсірі», «Аққұмда оянған арман» атты жыр жинақтары бірінен кейін бірі баспа бетін көрді. Қазақстан Жазушылар одағы өткізген «Жігер» фестивалінің лауреаты, осы одақ ұйымдастырған жыр мүшәйрасының жеңімпазы атанған ақынның өлеңдері бірнеше антологияға енді. Талантты ақын Темірғалидың тегеурінді жырлары мен дастандары терең ой мен кестелі сөздің көркемдік бірлігін, көңіл сыры мен жүрек шерінің шынайы үйлесімділігін айқын танытады. Елдік биік мақсат, ұлттық асқақ рух мәселесін айтуға келгенде ақжүрек ақынның өршіл поэзиясына тән сезім бұлқыныстары оқырманды еріксіз елітіп әкетеді. Табиғат, махаббат лирикаларындағы суреткерлік шеберлік ерекшеліктері ақынның өзіндік болмысын даралай түседі. Ақын өлеңдеріндегі көркемдік әдістердің сан алуандығы, астарлы мәннің молдығы, сезім шынайылығы қалың оқырманды бүгінге дейін баурап келеді. 2012 жылы Темірғали Көпбаевқа «Кие» жыр жинағы үшін халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы берілгенін айрықша атап өткеніміз жөн. Ал, 2022 жылы «Сабан ақша» атты алғашқы прозалық кітабы жарық көрді. Бұл арда азаматтың әдеби-шығармашылық қызметінің бір қыры ғана.
«Жігітке жеті өнер де аз» демекші, баспагерлік қызметтің құлағын ұстаған Темірғали тағы бір биіктен көрінді. 2001 жылдан бастап көрнекті ақын-жазушылар мен ғалымдардың көп томдықтарын шығаруға бағытталған «Қазығұрт» баспасын ашып, мемлекеттік деңгейдегі өнегелі іс бастады. Алғашқы күннен бастап ерен жауапкершілікті мойнына алып, атан нарға жүк болар орасан міндеттерді атқаруға кірісті. Атап айтқанда, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, көрнекті ақын Қадыр Мырза Әлидің 20 томдығын шығару жобасын жүзеге асырды. Бүгінге дейін аталмыш баспа «Көп томдықтар» сериясы бойынша Ж.Жабаевтың 10 томын, С.Сейфуллиннің 13, Б.Майлиннің 15, І.Жансүгіровтің 10, Т.Рысқұловтың 5, С.Мұқановтың 10, Ш.Мұртазаның 7, Т.Молдағалиевтің 14, Ә.Нұршайықовтың 10, Қ.Жұмаділовтің 12, Х.Ерғалиевтің 6, Ғ.Қайырбековтің 10, Д.Әбілевтің 2, Ғ.Ормановтың 4, А.Сүлейменовтің 4, Т.Әбдірахманованың 3, Ш.Елеукеновтің 6, Р.Бердібаевтың 5, С.Қирабаевтың 8, Т.Кәкішевтің 6, М.Әлімбаевтың 7, К.Смайыловтың 3, О.Әубәкіровтің 4, М.Айтхожаның 7, М.Байғұттың 4, Ұ.Есдәулеттің 5, Н.Ораздың 3, Р.Мұқанованың 2, А.Әшімұлының 5, М.Исиналиевтің 2, И.Сапарбайдың 3, Н.Байғаниннің 3, Ж. Нәжімеденовтің 7, Ә.Нұрпейісовтің 7, М.Мырзахметұлының «Абайтану» сериясымен 10 томдығын, басқа да шығармалар жинақтарын жоғары полиграфиялық сапамен оқырманға жеткізіп, қазақ руханиятына орасан зор үлес қосты. Сонымен қатар, «Қазығұрт» баспасы «Президент сыйлығының лауреаттары», «Ұстаздар кітапханасы», «Тәуелсіздік толғауы», «Жаңа заман әдебиеті» сериялары бойынша да көптеген кітаптар шығарып келеді. Ол – баспа ісінің нағыз майталман маманы.
Асқаралы алпыс деген асуға зор абыроймен жеткен азаматтың көп жылғы қажырлы еңбегі елеусіз қалған жоқ. Тәуелсіз Қазақстандағы баспа және кітап шығару ісін дамытуға қосқан үлесі және бұл саладағы жетістіктері үшін ол ҚР Мәдениет министрлігі тарапынан бірнеше рет арнаулы дипломдармен, «Кітап мәдениетіне қосқан зор үлесі үшін» медалімен марапатталған. «Халықаралық ақпараттандыру академиясының» академигі, «Қазақ журналистикасының қайраткері», «Қазақстан халқы Ассамблеясына – 25 жыл» және «Михаил Шолохов» медальдарының иегері. Төлеби ауданының құрметті азаматы.
Журналист, ақын, ғалым, баспагер, көсемсөзші Темірғали Көпбаевтың бағындырар биігі әлі алда деп білеміз! Жазар көбейсін!