Американың «ең үлкен ұрлығы» немесе біз неден ұтылдық?

«Америка арманын» білмейтін адам аз шығар, сірә. Бірақ, бұл идея белгілі «Түрік арманының» көшірмесі десем сенесіз бе? Мұны түсіну үшін тарихқа сәл шегініс жасайық.
Кезінде жаңа дүние – «Америка» ашылып, әлем абыр-сабыр күйге түсіп, Испания мен Португалия байлыққа белшеден батты. Бір ғана инктер патшасының байлығы бүкіл КСРО-ның алтын қорынан асып түсетін. 6 тонна алтын, 12 тонна күміс. Бұл тек «Мың бір түнде» ғана кездесетін тәтті ертегі сияқты еді. Бірақ, осындай байлық шын өмірде болды және Испанияға әкетілді. Ондаған кемеге тиелген алтын толы сандықтар ырғатылып-жырғатылып испан порттарына бет алды.  Шамадан тыс көптігінен Еуропада алтын құнсызданып кетті. Расында бұл сұмдық байлық болатын. Испания – Еуропаның алтын тәжіне айналды. Король сарайы мұндай байлықты киелі кітаптардан оқығаны болмаса бұрын-соңды көрмеген еді. Ғалымдар мен саясаткерлер испан сарайына ағылды. Бұл ғажайып «алтын ғасыр» болатын.
Испанияның тамаша жетістігі жүздеген жылдар бойы жалғасар еді, егер испан халқы еврей мен арабтарды қырғынға ұшыратып, отқа өртегенін тойлап жатпағанда. Бүкіл Испанияны инквизиция өрті шарпыды. Гитлер еврейлерді қалай қырса, кезінде испандар мен португалдар да оларды осылай азаптады. Себебі, Испанияда өнеркәсіпте, тігін цехтарында, ұстаханаларда, кітап басу орталықтарында, бояу құятын орындарда, темір балқыту өнеркәсібінде, кеме жасау мен навигацияда, ең ақыры қару жасайтын шеберханаларға дейін еврейлер мен ісмер арабтар қызмет етті. Генуядан шыққан тоқымашының баласы Колумбты саяхатқа шығуға ықпал еткен де осындай өнеркәсіп иелері болатын. Тіпті, Кордова халифаты тұсында бір-бірімен қырқысып жатқан вестготтарға егін егіп, мал өсіру, қала мәдениетін үйреткен де осы арабтар болатын.
Міне, осындай еңбекқор арабтар мен еврейлер жергілікті испан жұртының көзіне шыққан сүйелдей болды. Испания империяға айналды. Ал, қандай империя болмасын өзінің өткен тарихын мінсіз, ұлы халық етіп көрсетуге тырысатыны белгілі. Оларды өлтіру мен азаптау Еуропада «ардың ісі» саналды. Бір сөзбен айтқанда, жергілікті халық арабтар мен еврейлерді өлтіру арқылы өз арын тазаламақ болды.
Осылайша бүр жарып келе жатқан «алтын ғасырды» олар өз қолдарымен балталады. Испанияның бұл ақымақтығы Осман сұлтаны II Баязидті қуанышқа бөледі. II Баязид испан королі Фердинандты келеке етіп, бас сауғалап қашқан еврейлер мен арабтарды өз еліне қабылдай берді, қабылдай берді. Оларды көшіріп әкеліп, икеміне қарай жұмыс ұсынды. Қашқындардың көбі ғалымдар, озық ойлы картографтар мен кеме жасаушы шеберлер болатын. Қуғын көрген босқындар түріктің барлық провинциясында жұмыс істеп жатты. Бұл жағдай II Баязидтің ырысын арттырды. Ісмер еврейлер Испаниядағы жаңа технологияны, кеме жасауды, баспа ісі, ауыр өнеркәсіп үлгісін, жаратылыстану ғылымдарын, қару жасауын, зеңбірек құюдың соңғы үлгілерін Стамбұлға алып келді. Ал, II Баязид қашып келген еврейлерге Испания мен Португалиядан кек алуға жәрдемдесті. Кек алар күнді олар ұзақ күткен жоқ.
Көп өтпей испандар мен португалдар осы ісінен оңбай таяқ жейді. Жерорта теңізінде испандық, венециандық кемелер кеше ғана дүниеге келген түрік флотынан жеңіле бастады. Арада 100 жыл уақыт өтпей жатып байлыққа белшеден батқан, тонналап алтын әкелген Испания экономикасы күйреген, өнеркәсібі құлдыраған, Еуропада ең артта қалған елге айналды.
II Баязид өз әкесі Мехмед Фатихтан үлгі ала білді. Қандай істе дейсіз ғой? Константинополь қамалын алу кезінде Мехмед жаулаушы ең үлкен сабақ алған еді. Білім мен ғылымды дамытпайынша, ұлы мемлекет құру мүмкін еместігіне көзі әбден жетті. Себебі, қаншама ай бойы түріктің қайқы қылыш ұстаған әскері қаза тауып, сағы сынуға айналғанда енді қылыш пен қара күштің дәуірі өткенін ол ұғына білді. Міне, осы Мехмед сұлтан Орта Азия түнегінен қашып барған Құсшы деген ғалымды өзіне қабылдайды. Оқиға былай болған еді.
Көздері көр болып, қараңғылықта қармалаған дүмшелер ақыры Азияның маңдайына біткен жұлдызы Ұлықбектің басын шауып, оның ғажайып обсерваториясын талқандап тынды. Алайда, олар мұнымен де шектелген жоқ. Енді олар Ұлықбек сарайында жұмыс істеген ғалымдарды қуғындай бастады. Оларға діннен безген, құдайсыз деп тақпаған айыптары қалмады. Қолынан келгенін өлтірді, үлгере алмағанын елден қуғындады. Бас сауғалап жан-жаққа қашқандардың ішінде атақты Ұлықбектің шәкірті, тамаша ғалым Құсшы да бар еді.
Ұлықбектің көзі жойылса да жазған кітаптарын сақтап қалуға тырысқан Құсшы тәуекелге бел буып Самарқаннан қашып шығып Аққойлы патшасы Ұзын Хасанды паналайды. Кейін елші ретінде Стамбұлға келеді. Осы сапарында Осман сұлтаны II Мехмед Құсшының біліміне тәнті болып, таңдай қағады. Сый-сияпат беріп, сондай сұлтан басымен өтініш айтып, ғалымды Стамбұлда қалып, ғылыммен айналысуға ақыры көндіреді. Табалдырықта тұрған ғалымды төрге шығарған Осман сұлтаны бұл ісіне ешқашан өкінген емес. Керісінше, осындай алтын адамдардың қадірін білмеген Орта Азия үлкен өкініште қалды.
Дінбұзар, Құдайдан безген деп айыптаған Орта Азияның сол кездегі билеушілері сүттен ақ та, сол дінбұзар ғалымды паналатқан Осман сұлтаны күнәһар ма? Екі мемлекет те мұсылман, екеуінің де бағыты сүннит жолы. Күні ертең осы өзбектер жан алқымға келіп парсылардан қорғану үшін османдықтардан қанша рет көмек сұрайды. Ерлік жөнінен түріктер артық па, өзбектер артық па? Егер олай болса, Еуропаның төбесіне найзағай ойнатқан Баязид Әмір Темірден жеңілмес еді ғой. Еуропадан қашқан еврей-арабтарды, Орта Азиядан қашқан ғалымдарды қабылдай берген сұлтандар Осман түріктерінің «алтын ғасырын» жасады.
Біз бір ғана мысал келтірдік. Ұлықбек, Құсшы секілді қаншама ғалым, оқымыстының наласына қалдық екен, ол бір Аллаға аян. Сол кездегі Осман империясы қазіргі АҚШ қолданып отырған әдістің арқасында сондай қуатты мемлекетке  айналды. Османия өзгеше ойлай алатын, идеяға бай адамдарды импорттаушы ел болды. Әйтпесе жалаң қылышпен Еуропаны тізерлету ақылға сыя ма?
Сіз Аттила немесе Бату хан  әлемді қылышпен-ақ бағындырды ғой деп ойлауыңыз мүмкін. Есіңізде болсын, кез келген жаулаушы өз заманына тән озық, өзгеше әдістерді шебер меңгергенде ғана даңққа бөлене алмақ. Мұнан әрі қараңғылығымызды қорғай берудің қажеті жоқ секілді.
Айтпақшы, Америка қалай «Америка» болды? Америка – өзгеше ойлайтын адамдардан тұрады. Бірақ, ол елде мұндай адамдарды сен «космополитсің», діннен бездің, мемлекеттің жауысың деп қудаламайды. Керісінше, мұндай адамдар Америкада ең құрметті адам саналады. Егер шет мемлекеттерден жиналған ғалымдар өз елдеріне кететін болса, Америка Ұлттық ғылым академиясының 90% зерттеушісін жоғалтады екен. Бірақ, олар кете қоймайды-ау, шамасы. Себебі, олар өз елдерінде «Ұлықбектің трагедиясына» ұшырағысы келмейді. Трагедия міндетті түрде өлу емес. Бұл – өз идеяңды жүзеге асыра алмай, тірі өлікке айналу! Өз ішіңде бұрқылдап қайнағанмен айналаға дымыңды білдірмеу. Бойыңдағы талантыңды, көкейдегі маржан ойыңды өз еліңде жүзеге асыра алмай арманда кету. Бір сөзбен айтқанда, өмір сүру, бірақ тірі өлікке айналу.
Ал, біздің қанша ғалым-зерттеушіміз шетелге кетіп, қаншасы өз елінде «тірі өлікке» айналып жүр екен?!

Рысбек РАМАЗАНҰЛЫ, тарихшы, 
Әлем халықтары жазушылары одағының мүшесі.
Пікір қалдырыңыз