Дін және мемлекет: қарым-қатынас мәселелері

Тәуелсіздік жылдарында елімізде орын алған күрделі саяси-экономикалық жаңарулар мен өзгерулер ағымында мемлекет билігінің қайнар көзі болып табылатын халқымыздың рухани өмірі мен діни көзқарастары да бір жағынан толығып, ал енді бір жағынан әралуан бағыттар бойынша дамып, бүгінгі көптеген этникалық топтар мен түрлі діндерді ұстанатын зайырлы Қазақстан қоғамы қалыптасты. Жоғарыда айтқанымыздай, халықсыз билік болмайды, ал дінсіз халық болмайды. Халықтың тұтастығы мен діннің тұтастығы және мемлекеттің тұтастығы арасында тікелей тәуелді байланыс бар екенін ескерелік. Көптеген этникалық топтар мен діни сенімдерден құралған біздің қоғамымыздағы өтпелі кезеңде дін атаулының мемлекеттің ішкі тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамсыздандырудағы рөлі, өндіруші күш болып табылатын халықты ұйымдастыру құдіреті, халықаралық қатынастардағы салмағы және еліміздің болашағы мен баяндылығына тікелей әсері өте анық көрініс берді.

     Еліміздің Конституциясына сәйкес азаматтарды тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тіліне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты, сондай-ақ басқа да жағдаяттар бойынша кемсiтуге тыйым салынған. Конституцияның осы қағидалары дін саласын реттейтін қолданыстағы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңының 3-бабының 1-тармағында мемлекеттің дін мен діни бірлестіктерден бөлінгендігімен айқын көрсетілген.

      Латын тіліндегі «laicus» («лаицизм»), «saecularis» («секуляризация») сөздерінен бастау алатын «зайырлылық» ұғымы саясаттың діннен азат етілуі деген мағынада діни сенімдері мен көзқарастары әртүрлі азаматтардың бір мемлекеттің ішінде өмір сүруін және дінді мемлекеттен бөлу идеясының жүзеге асырылуын білдіреді. Осы тұрғыдан алғанда қазіргі заманғы зайырлылық түсінігін адамның ар-ұжданы мен наным-сенім бостандығын еркін жүзеге асыруды қамтитын гуманистік құндылықтар деуге болады. Демек, зайырлылық әр адамның діни еркіндігі мен ой-санасының көп түрлілігін мойындау, ал зайырлы мемлекет осы саладағы қарым-қатынастың құқықтық негіздерін қамтамасыз ету деген сөз. Зайырлылық ұғымына «барлық культтерге бейтарап қарайтын, діни басшылықтан тәуелсіз және кез келген теологиялық тұжырымдамадан азат болып табылатын мемлекеттің белгісі» ретінде анықтама бергенде француз философы Эмиль Литтре осыны меңзесе керек.

     Діннің мемлекеттен бөлектігі мемлекеттің дін істеріне араласудан бас тартуына тұғырланады. Мемлекетте барлық діндер тең құқылы және олардың бәріне бірдей талаптар қойылады. Мемлекеттік органдар заң бұзылмаған жағдайда діни бірлестіктердің ішкі істеріне араласпайды, өз кезегінде, діни бірлестіктер мемлекеттік қызметтерді атқармайды. Конфессиялық ерекшеліктер мемлекет тарапынан көмек немесе қолдау көрсетуге негіз болып табылмайды.

    Зайырлы мемлекет азаматтық қоғамның құрамдас элементі ретіндегі діни бірлестіктердің қызметін заң шеңберінде реттеп отыратындықтан, ол дін субъектілерінен заңдар мен құқықтық нормаларды қатаң сақтауын және өз қызметтерін заң шеңберінде жүзеге асыруын талап етеді. Мемлекет пен қоғам үшін діни алауыздық пен тағатсыздықтың өршуі қаншалықты қауіпті болса, заңдардың, адам құқықтары мен бостандықтарының аяққа басылуы да соншалықты қауіп туғызады. Бірінші жағдай діни фанатизмді туындатса, екінші жағдайда құқықтық нигилизм өріс алады. Зайырлылық ұғымы өзара ынтымақтастық пен түсіністікке, ал зайырлы мемлекет ұғымы заңдылық пен құқыққа негізделгенде ғана мемлекеттілік пен ұлттық қауіпсіздіктің берік тұғыры қаланады.

     Конституциялық негіздегі «зайырлылық» ұғымы мемлекеттің дін саласында ашық әрі айқын саясат ұстанатынын, азаматтардың ар-ождан бостандығын қамтамасыз ететінін, дін мен мемлекеттік саясатты араластырмайтынын білдіреді. Яғни зайырлылықты атеизм, дінсіздік немесе дінді терістеушілік деп емес, мемлекеттің діни емес, құқықтық қағидаттармен басқарылуы деп түсіну қажет. Демек, зайырлы мемлекет діни сенім бостандығын құқықтық қамтамасыз етілетіндігімен құнды.

     Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер» туралы заңының 3-бабының 5-тармағында «Азаматтардың дінге көзқарасына байланысты олардың азаматтық құқықтарының бұзылуына, діни қызметіне заңсыз кедергі келтіруге немесе олардың діни сезімдерін қорлауға, қандай да бір ұстанушылар қадiр тұтатын заттарды, құрылыстар мен орындарды қорлауға жол берілмейді» деп атап көрсетілген. Қазақстан Республикасының азаматтары дiнге деген көзқарастарына тәуелсіз экономикалық, саяси, әлеуметтiк және мәдени өмiрдiң барлық салаларында өзара тең. Азаматтарды дiнге көзқарасына шектеу немесе ұстанатын дініне қарай қандай да бiр артықшылықтар беру, азаматтардың діни сезiмдерiн жәбiрлеу, сондай-ақ дiндi ұстанушылар қадiр тұтатын заттарды, құрылыстар мен орындарды қорлау Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауапкершiлiкке тартылады. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының азаматтары дiнге деген көзқарасына қарамастан заң алдында бiрдей жауапты. Заңнамада көзделген жағдайларды қоспағанда, ешкiмнiң де өз діни сенiмдерiн себеп етiп азаматтық мiндеттерiн атқарудан бас тартуға қақысы жоқ. Дiни наным себебiмен атқарылуға тиiс бiр мiндеттi екiншiсiмен алмастыруға тек қана Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жол берiледi. Өз кезегінде дiни сенiм бостандығының сақталуын бақылауды және қадағалауды Қазақстан Республикасының атқарушы билік органдары, прокуратура және басқа да құқық қорғау органдары ел заңнамаларында белгiленген өз құзыреттерiне сәйкес жүзеге асырады.

     Қоғамның тұрақтылық сипаты мен деңгейі және оның саяси жүйесі құндылық билігін қабылдау мен үйренуге негізделеді. Егер қоғам олардан бас тартса, онда қоғамның саяси жүйесі тұрақсызданады. Сондықтан саяси тұрақтылықтың бірі – діни толеранттылық. Плюрализм, азаматтық қоғам, ар-ождан еркіндігі, ғибадат еркіндігі, төзімділік – кемелденген демократияның негізгі атрибуттары. Демократиялық қоғамдағы мемлекет пен діннің қарым-қатынас принциптері әр адамның құлшылық ету еркіндік құқығы мен оларға құрметпен қарауға міндеттеледі. Төзімшілдіксіз, дінге еріктіліксіз демократия ғана емес, қоғамның өркениетті азаматы да бола алмайды. Мемлекет пен дін қарым-қатынасы туралы мәселе күрделі әрі жан-жақты. Адамзаттың барлық саяси тарихы, біріншіден, дін мен мемлекет арасындағы билік үшін күрес ретінде көрінсе, екінші жағынан, мемлекет пен дін арасындағы өзара тиімділік ынтымақтастығымен көрінеді. Адамзат өркениеті тарихында түрлі мемлекеттік билікті қажет ететін одақтастықтар бар.

     Қорыта айтқанда, дін мен мемлекет байланыстары адам құқықтарын, соның ішінде ар-ождан бостандығы мен діни сенім еркіндігін құрметтеу және қорғау аясындағы мемлекет пен діннің өзара ықпалдасуы деуге болады. Демек, біздің қоғамымыз үшін адамның діни сенімі мен құқығын қорғауға және сақтауға жауап бере алатын дін мен мемлекет қарым-қатынасын нығайтуға оң ықпал ету басты міндет болып табылады.

 

М.САЛИХОДЖАЕВ,

Түркістан облысы дін істері басқармасының

 «Дін мәселелерін зерттеу орталығы»

 КММ-нің Жетісай ауданындағы дінтанушы маманы.

Пікір қалдырыңыз