Пандемия және праймериз...

Баян ДАРҒОЖИНА, «Ońtústik Qazaqstan».

«Сен саясатпен айналыспасаң, саясат сенімен айналысады» деген рас екен. Пандемияның екінші толқынына бір көміліп, бір шыққан бүкіл Адамзат баласы секілді қазақстандықтар да саясат атаулыға бұрылып қарағысы келмеген. Бірақ, праймеризге салмақ салған сайлаудың толқыны пандемияның толқынынан қуатты болып шықты.

Иә, 2021 жыл – Қазақстан үшін  сайлау жылы болды. Мұны басты саяси оқиға десек қателеспейміз. 10 қаңтарда Мәжіліс пен жергілікті барлық мәслихат депутаттарының додасы өтті. Мәжіліс сайлауына бес партияның үміткерлері, атап айтқанда, «Nur Otan», «Ақ жол» демократиялық партиясы, Қазақстанның халық партиясы, «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясы, «Adal» партиясы қатысты. Әрбір партия өз үміткерлерінің тізімін тіркеді. Заңға сәйкес, онда әйелдер мен жастардың 
30 проценттік квотасы ескерілді, яғни партиялық тізімде әйелдер мен жастардың нақты үлесі сақталды.   
Мәжіліске 107 депутат өтеді десек, оның тоғызы – Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілі. 10 қаңтарда Мәжіліс пен мәслихат депутаттары партиялық тізіммен сайланды. 
11 қаңтарда Ассамблея мүшелері өз кандидаттарына дауыс берді. Ал, облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттарға сайланған 3 276 депутат та  партиялық тізіммен өтті. Орталық сайлау комиссиясының мәліметіне сәйкес, сайлау кезінде республикалық маңызы бар қалаларда және астанада сайлаушыларға бірден екі бюллетень берілді. Біреуі Мәжіліске депутат таңдауға арналса, екіншісі мәслихатқа өтетін нақты бір партияға дауыс беруге арналған. Басқа қалалар мен аудандарда дауыс беретін азаматтарға үш бюллетень берілді.  
Біреуі – Мәжіліс, екіншісі – облыстық мәслихат, ал, үшінші бюллетень қалалық немесе аудандық мәслихат депутаттарына дауыс беруді көздейді. Жергілікті мәслихаттарға қатысты мәліметтерге тоқталсақ. Түркістан облысында 10 қаңтарға белгіленген сайлауға бастапқыда 6 партия қатысуға ниет білдірген. Алайда, жалпыұлттық социал-демократиялық саяси партиясы бойкот жариялап, сайлауға қатыспады. Аумақтық сайлау комиссиясында  тіркеуден  бес партияның үміткерлері өтті. Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әлібек Өмірәлиевтің айтуынша, өңірде 836 кандидат 72 партиялық тізім бойынша  тіркелді. «Nur Otan» партиясынан 632 кандидат – 17 партиялық тізім бойынша, «Ауыл» партиясынан 81 кандидат – 17, «Ақжол» партиясынан – 69 кандидат, «Адал» партиясынан 46 кандидат – 17, Қазақстан халық партиясынан 8 үміткер  4 партиялық тізім  бойынша». Облыс мәслихатына 116 кандидат – 5 партиялық тізіммен, қалалық мәслихатқа 119 үміткер 12 партиялық тізім бойынша және аудандық мәслихатқа 601 кандидат 55 партиялық тізім бойынша сайлауға қатысты. 
Мемлекет басшысы өзінің 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында ауыл әкімдерін тікелей сайлауды енгізудің қажеттігін айтқан болатын. VII шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Кемелұлы «Биыл ауылдық округтерде сайлау өтеді. Біз жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін ең төменнен бастап нығайтуды көздеп отырмыз. Бұл өте маңызды мәселе. Сондықтан алдағы уақытта ауыл әкімдерін сайлағаннан кейін аудан әкімдерін сайлауға көшуге болады» деген еді. Енді аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдық округтердің және ауыл әкімдерін халық сайлайтын болды. 
Бүгінде Қазақстанда 2346 әкім бар. Жыл соңына дейін шамамен 836 әкімді сайлау жоспарланған. Осы санаттағы қалған әкімдерді тікелей сайлау олардың өкілеттіктерінің аяқталу мерзімінің әртүрлі болуына байланысты 2022-2025 жылдары өтеді. Жалпы, ауыл әкімдерінің сайлауын өткізуге республикалық бюджеттен шамамен 17,6 млрд. теңге қарастырылған, биыл оның 4,8 млрд. теңгесі бөлінді. Әкім сайлауына жасы 25-тен асқан, жоғары білімі және кемі бір жыл мемлекеттік қызмет атқарған я мемлекеттік органға жатпайтын ұйымда кемі екі жыл жетекші болып істеген азамат қатыса алады. Сондай-ақ, ауыл әкімі лауазымына азаматтардың өзін-өзі ұсынуына жол ашылды. Сонымен қатар саяси партиялар өз ішінен кандидат ұсына алады. Үшіншіден, жергілікті жердегі аудан әкімі де бір кандидат ұсынады. Ауыл әкімін таңдауда әр тұрғын тікелей дауыс беру құқын қолдана алады. Мұнан бөлек, заңға енгізілген өзгеріске сәйкес енді сайлау бюл­ле­тень­деріне «бәріне қарсымын» деген жеке бағана ен­гізілді. Бұл бастама халық игілігі үшін тиімді деп күтілуде. 
Түркістан облысында ауыл әкімдерін сайлауға дайындық қызу жүрді. Ауылдардағы сайлаушылардың саны нақтыланып, арнайы жұмыс тобы құрылды. Олар халықпен кездесіп, заң талаптарын түсіндірді. Жалпы, облыс бойынша 181 ауылдық округ болса, биыл 60 ауыл әкімінің өкілеттігі аяқталды. Оған кандидаттар саяси партиялар арқылы әрі өзін-өзі ұсынғандар қатарынан сайланды. Жергілікті халық 242 сайлау учаскесі арқылы дауыс берді. Аталған учаскелерде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да дауыс беру үшін қолайлы жағдай жасалды.
2021 жылы өткен тағы бір маңызды шара – ұлттық халық санағы. Осы науқанға бюджеттен 8,2 миллиард теңге жұмсалды. Оған санақ жүргізетіндердің жалақысы, планшеттер және тағы басқа шығындар кірді. Айта кеткен жөн, Қазақстанда ұлттық халық санағы он жылда бір рет өткізіледі. Соңғы рет елімізде санақ 2009 жылы өтті. Сол кезде елімізде 16 миллион адам болды. Ол 1999 жылғы санақпен салыстырғанда 1 миллионға артық. 2019 жылы ұйымдастырушылық мәселелерге байланысты халық санағын 2020 жылдың ақпан-наурыз айларында ауыстырған болатын. Сосын коронавирус пандемиясына байланысты тағы қазан айына шегерді. Ақыры 2021 жылы өткізуге шешім қабылданды.
Биыл 1 қыркүйек пен 30 қазан аралығында жүргізілген Ұлттық халық санағының алғашқы нәтижесі шықты. Премьер-министр Асқар Маминнің мәліметі бойынша, қазақстандықтардың жалпы саны – 
19 169 550 адам. Отандастарымыздың 48,71 пайызы – ерлер, 51,29 пайызы – әйелдер. Қазақстан халқының орта жасы 31,94 жас деп көрсетілген. Жалпы халықтың 33,97 пайызы – 17 жасқа дейінгі балалар, 19,72 пайызы – 14-28 жас аралығындағы жастар. Еліміздегі қазақтардың үлесі  70,18 пайызға жеткен. Халықтың 59,05 пайызы, яғни 11 320 410 адам еңбекке жарамды деп танылған.
Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде халық санағы биыл үшінші рет өткізілді. Биылғы санақтың ерекшелігі – шарада алғаш рет цифрлық технологиялар қолданылды.
Сондай-ақ, Еуразиялық экономикалық одақтың төрағалығы сиыр жылы Беларусь елінен Қазақстанға ауысты.
ЕАЭО-ны құру туралы келісім 2015 жылы 1 қаңтарда күшіне енген болатын. Ұйым Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылды. Бүгінде одаққа Қазақстан, Беларусь, Ресей, Армения және Қырғызстан кіреді. Ал, Молдова, Өзбекстан мен Куба бақылаушы мемлекеттер дәрежесін алды. Ал, Вьетнам, Иран, Сингапур, Сербия сияқты елдермен еркін сауда-саттық туралы келісімдер ресімделген. Мәселен, 2016 жылы ЕАЭО мен Вьетнам арасында еркін сауда-саттық келісіміне қол қойылған болатын. Ол кезде одақтың төрағалығын Қазақстан атқарды.
Биылғы төрағалық кезінде басты басымдық экономикалық одақ туралы келісімді толыққанды орындауға, кедергілерді жоюға, өзара тиімді кооперациялық және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, комиссияның кадрлық құрамын қалыптастыру процедурасын жетілдіруге, оның функционалдығын нығайтуға берілді. 
2021 жылы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аталып өтті. Осыған орай, кезекті рет сотталғандарға рақымшылық жарияланды. Заңға сәйкес, азаматтар мен тұтастай мемлекеттің қауіпсіздігіне елеулі қатер төндірмейтін қылмыстар үшін жауапқа тартылғандар ғана рақымшылыққа ілінеді. Айта кетейік, осы уақытқа дейін Қазақстанда тоғыз рет рақымшылық жарияланған болатын. 2016 жылы Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай жарияланған рақымшылық кезінде түрмелерден 1,5 мыңға жуық адам босатылды. Бұдан бөлек, сотталған 20 мыңнан астам адамның жазасы жеңілдетілді. 
Сенімді ақпарат көздерінен мәлім болғанындай, биыл түрмеге қамалған 2236 адам рақымшылыққа ілінді. Енді бір мың азамат абақтыдан босатылса, қалған мыңнан астамының жазасын өтеу мерзімі қысқартылады. Мұндай шешім ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай қабылданды. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша, рақымшылық ардагерлерге, кәмелетке толмағандарға, жасы үлкендерге, І және ІІ топтағы мүгедектерге, қоғамға қауіп төндірмейтін адамдарға қатысты. Қазір елде барлығы 64 түрме мен 16 тергеу изоляторы бар. Онда 34 мың азамат қамауда отыр. Олардың 93% ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған. Бостандыққа тек ауырлығы орташа заңбұзушылық жасағандар шығады.
Пікір қалдырыңыз