«Жаңсақ сөздерге сенбеуге шақырамын»

Ковид пандемиясы бүкіл адамзаттың өмірін де, психологиясын да өзгертіп жіберді десе болады. Адамдар аурудан сақтану ғана өмір сүруге кепілдік беретінін түсіне бастады. Бұл орайда мамандардың әр сөзі алтынмен тең. Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрбек Нышановпен әңгімеміз де пандемияның бүгінгі жайы төңірегінде өрбіді.  

– Нұрбек Садықбекұлы,  соңғы уақытта коронавирусқа шалдыққан науқастар қатары азайып, індеттің беті қайтқан сыңайлы...
– Өңір тұрғындарының денсаулығын сақтау, індеттің таралуына жол бермеу – біздің басты мақсатымыз. Иә, соңғы уақытта  елімізде, оның ішінде Түркістан облысында да эпидемиологиялық жағдай тұрақталып,  коронавирус инфекциясы мен пневмонияға шалдығушылар саны біршама төмендеп отыр. Десе де, аурудың жақсысы жоқ. Эпидемиологиялық жағдайдың тұрақталуына  облыс әкімдігі мен қоғамдық денсаулық  басқармасы бірлесіп атқарған жұмыстар себепші болғанын атап өткім келеді. Індет өршіген кезеңдерде  шектеу шараларын жедел қолға алып, карантин талаптарының қатаң сақталуын мобильді топтар өз бақылауына алды. Биылғы ақпан айынан басталған екпе егу жұмыстары да облыста жоспарлы түрде жүзеге асырылып келеді. Осының барлығы бірлесіп атқарылған жұмыстардың нәтижесі деп білемін. 
– Жасөспірімдерге және емізулі, сәбиі бар жүкті әйелдерге  Pfizer компаниясының «Комирнати» вакцинасын егу,  халықты ревакцинациялау  қаншалықты маңызды? Ата-аналар тарапынан түсінбеушіліктер мен қарсылықтар болып жатыр ма? 
– Облысымызда «Комирнати» вакцинасын егу  15 қарашадан басталды. Ел Үкіметі халықтың денсаулығын сақтау, індеттің таралуының  алдын-алу үшін түрлі шаралар қабылдап келеді. Шет мемлекеттерде Covid-19 індеті мутацияға ұшырап, жаңа белгілер пайда бола бастады. «Лямбда», «Дельта», «Омикрон» штаммдарының қай-қайсысы болмасын  адам өміріне аса қауіпті.  ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес, COVID-19-ға қарсы вакцинациялаудың толық курсының бар-жоғына қарамастан Израиль, Чехия, Нидерланд, Ұлыбритания, Италия, Германия, Австралия, Канада, Бельгия және Египет сынды елдерден келген азаматтар Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын кесіп өткен сәтте мерзімі 72 сағаттан аспайтын ПТР анықтама көрсетуге міндетті болатын талап  бекітілді.  
Үкімет осындай ауқымды әрі маңызды шаралар қабылдап жатқанда, азаматтар тарапынан вакцинация жайлы негізсіз, жаңсақ пікір таралуы облыстың Бас мемлекеттік  санитариялық  дәрігері ретінде мені де қынжылтатыны жасырын емес. Антиваксерлердің, яғни вакцинаға қарсы кейбір азаматтардың ойдан шығарған видеолары ел ішінде үрей туғызып отыр. Аталған видеоларды әлеуметтік желілерге жүктеу әрекеттерін қаралым санын  арттырып, сол арқылы  табыс табу мүмкіндігіне айналдыру дер едім.  Мұны жасаушылар ең алдымен сіз бен біздің денсаулығымызға алаңдаушылық білдірмейтіні анық. Тұрғындарды мұндай жалған ақпараттарға сенбеуге шақырамын. 
Коронавирус инфекциясы жас талғамайды. Жаңа оқу жылы басталғалы өңірде  300-ден астам оқушы Covid-19 инфекциясына шалдықты. Ауырған балалармен қарым-қатынаста болған өзге сыныптастары 14 күндік  карантиндік оқшаулауға алынып, білімді онлайн форматта жалғастыруға мәжбүр болды. Осы тұста ата-аналардан балаларының   денсаулығына жауапкершілікпен қарауды сұранған болар едім. 
«Комирнати» екпесі 12-17 жас аралығындағы жасөспірімдерге  ата-аналардың  келісімімен ғана салынады. Дегенмен, бірінші кезекте балаларының денсаулығын ойлаған ата-аналар вакцина салуға ерікті түрде келуде. Себебі, олардың кейбірі  кезінде коронавирусқа шалдығып, аурудың қаншалықты ауыр соққанын біледі және түсінеді. Мұндай жағдай балаларының басына келмесіне ешкім кепілдік бермесі анық. 
– Қыркүйек айының соңынан бері өңірде той өткізуге рұқсат берілді. Алдымыз – Жаңа жыл... Осыған байланысты мерекелік шараларды өткізу талаптарына тоқталып өтсеңіз...
– Түркістан облысында  №22 қаулыға сәйкес, «Ashyq»  бағдарламасын қолданатын нысандарда (қоғамдық тамақтану орындары, мейрамхана) отбасылық, ұжымдық іс-шараларды коронавирусқа қарсы вакцинаның екі компонентін де алған «жасыл» статустағы азаматтардың  (саны 100-ге дейін) қатысуымен  рұқсат етілген.  Яғни нысанға  «Ashyq» қосымшасы арқылы   кіруі тексерілуі керек.  Карантин талаптарының сақталуы бойынша мобильді топ, полиция қызметкерлері өз жұмыстарын жалғастыратын болады.
– Нұрбек Садықбекұлы, сұхбатыңызға рахмет! Жұмысыңызға сәттілік тілейміз!

Сұхбаттасқан Ысқақ САДЫҚ,
«Ońtústik Qazaqstan».

3 пікір

  • Динара Алпысбай
    Динара Алпысбай

    Оте орынды

  • Р.Нысанова
    Р.Нысанова

    Тартымды, халыққа түсінікті дәрежеде берілген сұхбат

  • Махсат Айтбаев
    Махсат Айтбаев

    Сұхбат жоғары дәрежеде өткен. Басшымыз Нұрбек Садықбекұлы өте тұжырымды, нақты жауап берген. Ол кісіге рахмет.

Пікір қалдырыңыз