«Махаббат мұнарасы»

Түркістан музыкалық драма театрында режиссер Нұрқанат Жақыпбайдың «Махаббат мұнарасы» спектаклінің премьерасы өтті. Ол ғұмыры қысқа болса да, артында мол мұра қалдырған Талаптан Ахметжанның «Сұлу мен суретші» шығармасының желісі бойынша сахналанды. «Алаш» әдеби сыйлығының, Валентин Пикуль және Оралхан Бөкей атындағы сыйлықтардың лауреаты, жазушы-драматург Талаптан Ахметжан 2009 жылы дүниеден озған.
Айта кетейік, сезім сырын жырлаған қойылымның басты ерекшелігі – оған Швейцарияның Цюрих қаласында тұратын талантты, әлем мойындаған музыкант Эльдар Сапараев пен «Амати» (Antonius Hieronymus Amati) тарихи аспабының келуі болды. Әлемде мұндай аспаптың небәрі үш-ақ данасы бар.
Қойылымда басты рөлдерді Ақбота Рахат, Жұлдыз Әбдікәрімова, Әділ Ахметов пен Нұрқанат Жақыпбай сомдады. Қойылымның көркемдік жетекшісі – Айнұр Көпбасарова, ал, қоюшы суретшісі Қабыл Халықов болды. Түркістан музыкалық драма театры музыкалық бөлімінің меңгерушісі, бас композиторы Хамит Шанғалиев спектакльге арнайы әуен жазды. Балетмейстер – Мадина Мұратбекова.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.