Ел алғысына бөленген елжанды жігіт


 

Бүгінгі қоғамда талап та күшті, сол талап үдесінен шықсам деген талпыныс та жақсы болып тұр. Мұны бүгінгі халық қалаулыларының қарекетіне қарап байқауға болады. Жеке кәсіпкер ретінде көптеген жетістіктерге жетіп жүрген Байкен Әшірбаев Шымкент қалалық мәслихатының депутаты болып сайланғалы бері өзінің сайлауалды бағдарламаларында көрсеткен міндеттердің үдесінен шығу жолында аянып жүрген жоқ.

Иә, ел сенім артып, өз даусын берген депутатына үлкен үмітпен қарайды. Сол үміттің үдесінен шығып, елдің сенімін ақтасаң, көңілінен шыққан адамын көпшілік жер-көкке сыйғызбай мақтап, жамандық атаулыға жуытпай жүреді. Еңбек жолын жеке кәсіпкер ретінде бастаған Байкен Әшірбаевты да міне осындай елдің көңілінен шыққан халық қалаулыларының бірі десек артық емес. 1970 жылы 5-маусымда Сайрам ауданы, Қаратөбе ауылында дүниеге келген ол 1985 жылы №22 Жұлдыз орта мектебін бітіріп, алдымен кәсіптік техникалық училищені, одан кейін Қазақ гуманитарлық заң университетінде құқықтану мамандығы бойынша бітіреді. Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп келген соң бизнеске араласып, жеке кәсіппен айналысуға тәуекел жасайды. Тетігін таба білсең толайым табысы көп салада бизнес адымы ашылған кәсіпкер 2011 жылы  «Строй Сервис-7» ЖШС директорының коммерциялық істер жөніндегі орынбасары болады. 2016 жылдан бастап бүгінге дейін «Sanali group» ЖШС директорының орынбасары қызметін атқарып келеді.

Жасыратыны жоқ, «30 игі іс» қайрымдылық марафоны көптеген сауапты істерге себепші болып жатыр. Осы марафон аясында Байкен Әшірбаев өз әріптестерімен, яғни аясында Мәслихат депутаттарымен бірге 1000 отбасыға азық-түлік себеттерін үлестіруге ат салысқан.

Жалпы, елді игі істерге жұмылдыра білсе сауапты істен ешкім де шет қалғысы келмейді. Осы орайда «Nur Otan» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы да өз жемісін беріп келеді. Мұның бәріне белсенді түрде атсалысып жүрген Байкен Әшірбаев сынды депутаттар, сондай-ақ, елдің мұң-мұқтажын тыңдап, тиісті органдарға жеткізіп, оңтайлы шешілуіне ықпал етіп жүргені де жасырын емес. Одан бөлек, кейбір кезек күттірмейтін мәселелерді өз қаражаты есебінен қолға алып, бітіріп беріп жүр. Соның бір-екеуін айта кетер болсақ, Бадам-1, Бадам-2 өзендерінің үстінен өтетін көпір әбден тозып, жарамсыз болып қалғанда сол көпірден ары-бері өтіп жүрген тұрғындар өтінішпен өздері сайлаған депутатқа барған екен. Өз сайлаушыларының сөзін екі етпеген Байкен Әшірбаев бұл жолы да белсенділік танытып, ұзындығы 45 және 25 метрді құрайтын екі көпірдің салынуына демеушілік жасаған. Өнерге жаны жақын депутат ел ішіндегі өнерлі өрендерге де үнемі демеушілік жасап келеді.  Қазығұрт ауданы мәдениет үйінің би тобы республикалық сайысқа қатысуға жолдама алып, баруға қаржы жағы қолбайлау болып тұрғанда Б.Әшірбаев алғашқылардың бірі болып қол ұшын созады. Есесіне еліміздің түкпір түкпірінен келген кіл «сен тұр, мен атайын» сайыпқырандардың арасынан суырылып алға шыққан біздің өңірдің бишілері жақсы өнерімен көзге түсіп, жүлделі ІІ-орынды алып, елге зор мәртебемен оралады. Бұл көзайым хабар елге болсын деп жүретін елжанды депутатты одан сайын қуантады.

Өнер демекші, Б.Әшірбаев біраз жылдан бері ауылдағы жас спортшыларға да қолдау білдіріп, жылда спорттық ойын сайыстарын өткізуге демеушілік жасап, елуге жуық команданың шығынын өтеп жүр. Айта берсек, Байкен Әшірбаевтың нағыз азаматқа тән іс-әрекеттері мен бастамалары жетіп артылады. Оның осынау еңбегі ел тарапынан да, билік тарапынан да лайықты бағаланып жүр. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап бүгінге дейін баянды тірліктердің бабын келтіріп жүрген ол «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 20 жыл» және «Батыр Шапағаты» медальдарымен марапатталып, «Құрмет» орденінің иегері атанды. Сондай-ақ, әр жылдары Қазақстан Республикасының прокуратурасына 25 жыл мерекелік медалімен, Қазақстан мәслихаттарына 25 жыл мерекелік медалімен, Бүкіләлемдік түрік қауымдастығының медалімен, «Түлкібас ауданына 90 жыл» мерекелік медалімен марапатталып, 2019 жылы «Түлкібас ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді. 2015 жылы «Қарулы Күштерінің ардагерлері» РҚБ Орталық Кеңесі Президиумының шешіміне сәйкес, авиация генерал – майоры Талғат Бигелдінов медалімен, 2018 жылы «Елеулі еңбегі үшін» «Ел ардақтысы» төсбелгісімен, 2021 жылы Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының сайлауында белсенділігі үшін «Nur Otan» партиясы төрағасы  Н. Назарбаевтың алғыс хатымен, 2021 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында өткен «Жомарт жүрек» сыйлығының аудандық, қалалық және республикалық «ТУҒАН ӨЛКЕ» номинациясымен марапатталса, Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының сайлауында белсенділігі үшін «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиал төрағасы  М.Әйтеновтың алғыс хатымен марапатталды 

Ендеше елжанды депутат, жомарт жүректі азамат Байкен Әшірбаевтың алдағы жұмыстарына тек сәттілік тілейміз.

Абай БАЛАЖАН

 

Пікір қалдырыңыз