Ерекше әсер сыйлаған кездесу

«Ақ пен Қара: таңдау жасау өз қолыңда!»

 

Қара, қара, түндей қара, тастай қара, қап- қара,

Қара деген тіршілікте түскен қара ноқта ма?

Солай, бәлкім, сондықтан біз қаралықтан қашамыз,

Қаралардың құпиясын ақ арқылы ашамыз.

 

Қара деген- мұңлы зат ол, қара деген- шерменде,

Қара жалау көтереді ел, ұлы адамдар өлгенде.

Жо- жоқ, тегі абзал болар берілмеген елеске,

Анау қыздың қара көзі мейірімді емес пе?

 

Ойға шомам, қара заттан қашуымыз бекер деп,

Інішегім мазалап жүр қара костюм әпер деп.

Ақ көңілдің шаттығы үшін киер болса оны адам,

Кисін, кисін бақытына, неге үркеміз қарадан?!

 

Ал түсі аппақ бола тұра, берілсе адам жат ойға,

Онда оның ақтығынан адамзатқа не пайда?

Өмір, өмір, дарқан өмір, мен туғанда анадан,

Қарт анамның қолыменен ұсынғансың қара нан.

 

Содан кейін құйындай боп күндер заулап өтті де,

Балаға тән мінезбенен ауыз салдым тәттіге.

Шырын дәмі кермек татып, өсе келе ол- дағы,

Қара жерден өніп шыққан қара нандай болмады.

Қара заттар...көзге қораш көрінгенмен баз бірі,

Таңертеңде тұнып қана жатады екен мазмұны.

 

           Мұхтар Шахановтың өлеңінде айтылған ақ пен қара адамзат адам болып жаралғалы бері бірге жасасып, алма-кезек ауысып, арпалысып келеді. «Ақ болсаң қараға жуыма, аққа қара тез жұғады» деген халықтық тәмсіл де осыған меңзейді.

            Мектебіміздің түлегі, біздің мақтанышымыз, танымал әнші, белгілі өнер адамы-Бағлан Әбдірайымның кез келген адамның өмірінде кездесуі мүмкін қателіктерінен алған сабағы туралы «Ақ пен қара» атты кітабы жарық көрген еді. Бүгін мектебімізде өткен аудандық семинардың қорытынды кешінде кітап авторымен кездесіп, еліміздегі жалпы оқырманға бұрын таныстырылғанымен, өзінің туған ауылында, өзі оқыған мектебінде аталған кітап алғаш рет таныстырылып, тұсауы кесілді.

            Кездесу кешінде Бағланның өмірі мен өнер жолы туралы бейнеролик көрсетілді, оқушылардың қатысуымен сахналық қойылым көрсетілді.

«Ақ пен қара» кітабының алғысөзінде «Біз періште емеспіз ғой...Қателесеміз, шалыс басып, мың түрлі сынаққа ілігеміз. Сосын өз әрекеттерімізден жапа шегіп, қатты қиналамыз.Қиналған уақытта Алланы еске алып, одан көмек сұраймыз. Мен де пендемін. Талай рет маңдайым тасқа тиіп, өмірден оңбай адасқан сәттерім көп. Осы кітапты оқитын кез келген оқырман, сіздің де жасаған қателіктеріңіз бен сан соқтырған өкініштеріңіз бар шығар?!

Егер оны дер кезінде мойындап, шалыс басқан қадамды енді қайталамауға өзіңізге уәде берсеңіз, тура жолды іздесеңіз, бұл-Раббысынан кешірім күткен құл екеніңіздің белгісі. Ағайын-бауырлар, әпке-қарындастар, бұл кітабымды сәнге айналсын, табыс әкелсін деген ниетпен жарыққа шығарып отырғаным жоқ. Мен жазушы емеспін, бірақ әр адамның өмірі-кино, тағдыры-кітап. Кітаптағы сюжеттер де, кинодағы сценарийлер де ойдан алынбайды, шынайы өмірді сипаттайды, соның көрінісін береді» -деп ағынан жарылған Бағлан Әбдірайым сыр-сұқбат алаңымыздың қонағы болып, сұрақтарға жауап берді.

 

Бағлан балам

Киелі ән көңілдің көгін түрген,

Аманбыз үлкен-кіші бірге жүрген.

Атаң саған даңқпен бақыт тілеп-

Елден сәлем жолдайды үшбу жырмен.

 

Жетілген ер саясат дауылында-

Рысқұлов Тұрардың ауылында.

Дүниеге келгенсің Бағлан балам-

Текті әулет бас қосқан қауымында!

 

Көңілі кең даладай думанды елі ,

Шақпақтай оттегі үрлеп тұрған желі.

Ақсу- Жабағылының дәл қасында-

Қазір сенің үйіңнің тұрған жері!

 

Дарынсызға ән-өнер қонбас зорлап,

Сол себептен болғаны саған қонбақ.

Тасың өрге домалап бара жатыр-

Түркібасы әулие бабан қолдап!-

-деп Бағланға бала күнінен тілеулес болып, көрші тұрып, батасын берген атасы, жергілікті ақынымыз, «Перзент сөзі», «Насихат», «Жүз насихат атадан» кітаптарының аторы- Әбдібек Аралбайұлы, анасы Нұрсұлу Әбдірайымова, Бағланның сынып жетекшісі, орыс тілі пәнінің мұғалімі, ардагер ұстаз Рүстембекова Қалдыгүл Сұлтанқызы қатысты.

        «Жаһандану үдерісімен бірге қазақ өміріне дендей еніп, қоғамдағы үлкен кеселге айналған дерттердің бірі-құмарлық ойыны» деп, өзінен кейінгі жастарды, соңынан ерген іні-қарындастарын осынау зиянды әрекеттен сақтандырып, сабақ алуға шақырды.

«Ақ пен қара алмасып келетін, қуаныш пен қайғы, өкініш пен үміт, махаббат пен жеккөрушілік, дін мен діл-бәрі де қатар жүретін өмір өткелдерін менімен бірге, бір толқында сезе алсаңыздар, қуаныштымын.Мен бақыттымын! Қателігімді бүкпесіз мойындап, одан сабақ алып, өз жолымды таптым»- деп ағынан жарылған Бағлан жаңадан бастаған өмірінде берілген мүмкіндіктердің арқасында жеткен жаңа жетістіктері, жаңа жоспарлары туралы да әңгімелеп берді.

        Мектебіміздің тыныс-тіршілігімен танысып, сыртқы сән-сәулеті мен ішкі ынтымақ-бірлігіне, бәсекеге қабілетті әлеуетіне куә болған қонақтардың алдында білікті маман, білімді ұстаз, шығармашыл тұлға, іскер басшы, мектебімізді жаңашылдықпен басқарып, жас мамандарға үлгілі жол көрсетіп отырған мекеме басшысы Күлшира Олжабайқызы өзінің ақжарма тілектерімен бөлісіп, Бағланға домбыра тапсырды.

Бағлан көпшіліктің сұрауы бойынша жаңа домбырамен Есенқұл Жақыпбековтің сөзіне жазылған «Дүние» әнін орындап берді.

Семинарға келген қонақтар жоғары деңгейде ұйымдастырылған іс-шара үшін мектеп ұжымына алғыс айтып, риза бола тарасты.

 

 

Тоғжан Кенжеева

Ә.Молдағұлова атындағы жалпы орта мектебінің                                                                                                     қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Пікір қалдырыңыз