320 отбасыға әлеуметтік қолдау көрсетілді

Қазақстандықтардың әлеуметтік жағдайы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарынан түскен емес.
– Әлеуметтік әділдік қағидаты – мемлекет саясатының басты негіздерінің бірі. Біз қоғамдағы осал топтарға жан-жақты қолдау көрсетуді жалғастырамыз. Әрбір азамат мемлекеттің назарында болуы керек, – деп атап өткен болатын ел Президенті.
«DENSAULYQ» денсаулық сақтау ұйымдары жұмыскерлерінің жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен көп балалы және әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасыларға арналған қайырымдылық шарасы өткізілді. Мереке қарсаңында 320 отбасыға азық-түлік себеттері таратылып, әлеуметтік қолдау көрсетілді.
Кәсіподақ төрағасы Сәкен Арыстанұлының бастамасымен жүзеге асқан қайырымдылық акциясы көмекке мұқтаж жандарға қамқорлық танытып, қоғамдағы әлеуметтік әділеттілікті нығайтуды көздеді. Күнделікті тұтынатын өнімдерден жасалған азық-түлік себеттері тізім бойынша әділетті түрде үлестірілді.
Азық-түлік себетін алған көп балалы ана Жанат ханым:
– Бұл көмек біздің отбасы үшін үлкен қуаныш пен демеу болды. Кәсіподақ ұйымына және осы іске атсалысқан барша жандарға шынайы алғысымды білдіремін. Қайырымдылық істер қоғамдағы мейірімділік пен бірлікті арттырады» деп ризашылығын білдірді.
Кәсіподақ төрағасы Сәкен Арыстанұлы өз сөзінде:
– Әлеуметтік осал топтарға жататын жандарға қолдау көрсету – біздің ұйымның басты міндеттерінің бірі. Біз бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыра береміз. Наурыз мейрамы – адамдарды жақындастыратын, ізгілік пен қайырымдылықты дәріптейтін ерекше мереке. Осындай сәттерде көмекке мұқтаж азаматтарға жан-жақты қолдау көрсету – баршамыздың ортақ борышымыз, – деді.
Қайырымдылық шарасы «DENSAULYQ» кәсіподағының қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілігінің нақты мысалы ретінде жоғары деңгейде өтті. Ұйым басшылығы алдағы уақытта да осындай іс-шараларды тұрақты түрде өткізуге ниетті екендіктерін білдірді.
«DENSAULYQ» денсаулық сақтау ұйымдары жұмыскерлерінің жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі.