Жас ғалымдар жүлдемен оралды

Таяуда Шымкент қаласында «ХХІ ғасырдағы ғылым және білім: ғылымның өзекті мәселелері» тақырыбында ІХ республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оны «Халықаралық педагогикалық шығармашылық пен ғылымның дамуын қолдау қоры» қоғамдық қорының президенті А.Жулекенов, М.Әуезов атындағы ОҚУ коммерциялық емес акционерлік қоғамының доценті, техника ғылымдарының кандидаты, Ресей жаратылыстану академиясының профессоры Қалдыбай Наурызбаев, Ресей жаратылыстану академиясының профессоры, «Нобель» медалінің лауреаты Әуезхан Бүркіт ұйымдастырды. Конференцияға жалпы білім беретін, мамандандырылған мектептердің, арнайы орта оқу орындарының 4-11-сынып оқушылары, колледждер мен жоғары оқу орындарының 1-4-курс студенттері қатысты.

Іс-шараның мақсаты — әртүрлі ғылыми мектептердің жас зерттеушілері мен ғалымдарын біріктіру және заманауи инновациялық технологиялардың даму тарихын қадағалау. Конференция жұмысына жаратылыстану-математикалық және гуманитарлық бағыттар бойынша 30 секция қамтылды. 

Конференцияда «Мейір-Бейс» жоғары колледжінің 9 жас ғалымы ғылыми жобаларын қорғап шықты. Атап айтқанда, «Құмырсқа қышқылының сүйек-буын ауруларына емдік қасиеті» деген тақырыпта баяндама жасаған студент Назгүл Құлынтай конференцияда І орын алды. Оған оқытушы Рақима Жанқалова жетекшілік етті. «Төлеби ауданындағы жүрек-қан тамырларымен күресу шаралары» атты Жасұлан Тұрлыбайдың еңбегі де әділқазылар тарапынан жақсы бағаланып, ІІ орын алды. Сонымен қатар, Г.Морозова, Ж.Амантай, Г.Бауыржан, Б.Әуелбекова, А.Ергешбаев, С.Рүстем, А.Әбілда жүлдегер атанды. 

Ғылыми-тәжірибелік конференцияны ұйымдастыру жарнасының бір бөлігі мүмкіндігі шектеулі балаларға бағытталды. «Мейір-Бейс» колледжінің жас ғалымдары конференциядан үлкен әсермен қайтты. 

Ерлан БЕКТАЕВ,

Леңгір қаласындағы «Мейір-Бейс» жоғары колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

Пікір қалдырыңыз