«Ұлтты жатсыну – ұлттық қауіпсіздікке төнген қатер»

Дилара БИМЕНОВА, «Ońtústik Qazaqstan».

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы мен қоғам қайраткері, этнограф ғалым Өзбекәлі Жәнібековтің 90 жылдығына орай «Тәуелсіздік – мәңгілік ел тұғыры» атты тақырыпта халық-аралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Онда алыс-жақын шетелдерден және еліміздің барлық өңірінен келген тарихшы ғалымдар, зиялы қауым өкілдері бас қосып, ғылыми маңызы жоғары баяндамалар жасады, тағлымды ойлар айтты. 
Айта кету керек, бұл конференция өңіріміздегі ғана емес,тұтас еліміздегі Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арнап ұйымдастырылған ең ауқымды шаралардың бірі болды десек қателеспейміз. Конференция онлайн және офлайн форматта өтті.

«Отанын шын сүйетін жастар тәрбиелеуіміз қажет»

Салтанатты жиынды аталмыш оқу орнының ректоры Гүлжан Сүгірбаева ашып, жүргізіп отырды. 
«Биыл – Тəуелсіздігіміздің 30 жылдығы. Тарих үшін отыз жыл қас-қағым сәт. Дегенмен, біздің еліміз  осы уақыт аралығында мақтанышпен айтатындай табыстарға қол жеткізді. Бүгінде мемлекетіміз әлем танитын һәм санасатын алып елдер қатарына енді. Ендігі жерде жаңа жетістіктерге, жаңа белестерге жетуіміз үшін өскелең ұрпақ санасына тәуелсіздік тағлымын мықтап ұялатуымыз керек. Отанын шын сүйетін жастар тәрбиелеуіміз қажет. 
Бүкіл өмірін ұлтына арнаған ұлы есімдерді ардақтау – перзенттік парызымыз. Сондықтан қазақ мәдениетін жаңғыртуға үлкен үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткері, этнограф ғалым Өзбекәлі Жәнібековтің 90 жылдығын қатар атап өтіп отырмыз, – деді Гүлжан Дәулетбекқызы.
Мұнан кейін оқу орнының басшысы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің конференция қатысушыларына арнаған құттықтау хатын оқып берді. 
Конференция барысында Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Бексұлтан Әділханов қала әкімі Мұрат Әйтеновтің құттықтауын жеткізді. 
Шара барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі, Білім және ғылымды дамыту жөніндегі қоғамдық кеңестің төрайымы Жұлдыз Сүлейменова мен Өзбекәлі Жәнібеков атындағы қоғамдық қордың президенті, Өзбекәлі Жәнібековтың немересі Әзел Жәнібек «ZOOM» бағдарламасы арқылы халықаралық деңгейде ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырып отырған оқу орны басшылығына өз ризашылықтарын білдірді. Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің бірінші вице-президенті Женгиз Томар ОҚМПУ-дың тарихына тоқталып, оның 15 жылдай Қ. А. Ясауи атындағы ХҚТУ-дың бөлімшесі ретінде жұмыс істегенін атап өтті.  
–  Осы бір көрініс әлі күнге жадымда сақтаулы. Ол кезде студент едім. Біз Қазақстанның Тәуелсіздік алғаны жайлы хабарды естіген бойда сабағымызды тастап, университет алдына жиналдық. Сөйтіп, қазақ жұрты үшін маңызы зор бұл тарихи сәтті ерекше атап өткен болатынбыз, – деді Женгиз Томар. Ал, Әзел Жәнібек: 
– Атамның ұлт руханиятына сіңірген еңбегі елге мәлім. Ол кісінің ғылым саласында зерттеуді қажет ететін дүниелері жетерлік. Өткізіліп отырған конференцияның осы жағынан алғанда қоғамға берері көп боларына сенімдімін, – деді.  

«Елдің бәрінің тарихшы болуы міндетті емес»

Пленарлық мәжілісте алғашқы сөзді Қазақ ұлттық аграрлық университетінің «Рухани жаңғыру» гуманитарлық зерттеулер орталығының жетекшісі, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ханкелді Әбжанов алды. Ғалым конференцияда «Тәуелсіздік және ұлттық тарих коды»  атты мазмұнды баяндама жасады: 
– Қазақстан азаматтарының бәрі бірдей тарихшы болуы міндетті емес. Бірақ, елі мен жерінің тарихынан кем дегенде мектеп бағдарламасы деңгейінде хабардар болуы керек. Бұл туралы қанша айтылғанымен, іс-жүзінде Отан тарихынан жаппай сауаттылыққа жеткен жоқпыз. Өзінің асылын, бастау бұлағын танымаған, өзге тіл мен ділдің сойылын соққан, руханият атаулыдан іргесін аулақ салған ұл-қыздарымыздың бары жасырын емес.  
Ұлтты жатсыну, түптеп келгенде, ұлттық қауіпсіздікке төнген қатер. Қазақ жоғалған малын іздегенде, ен-таңбасына, түр-түсіне басымдық бермейді ме? «Таңбасы жоқ, ені жоқ Бурылтайдың» деген өлең жолдары да бар ғой. Жоңғарлармен соғысқан XVIII ғасыр батырларының ғана емес, сегізінші ғасырда өмір сүрген Күлтегін батырдың мінген аттарының да түр-түсі тасқа жазылып, бүгінгі күнге жеткен жоқ па?!
Біздің тарихымызда басқа елдердің тарихынан өзгешеленіп тұратын айрықша, өзіне ғана тән нышан, белгі болуы керек. Ұлттық тарихтың коды дегеніміз – осы. 
Қазақстан тарихының қай дәуірінде болмасын мазмұнын, ерекшелігін ашатын, тірек болатын, код функциясын атқаратын ұғым-түсініктер жүйесін қалыптастыруымыз қажет. Кешегі коммунистік билік бұл міндетті мүлтіксіз атқарды. Феодализм, капитализм, қанаушы, тап күресі, революция, жаңа экономикалық саясат, социалистік құрылыс, ұжымдастыру, тың игеру, коммунизм, КОКП деген сөздерді естігенде өткен ғасырлар, оқиғалар, тұлғалар, тапқанымыз бен жоғалтқанымыз бәрі-бәрі ойға оралады. Бұған мектеп оқулығы ғана емес, кеңестік БАҚ, ономастика, әдебиет пен өнер – бәрі-бәрі жұмылдырылды. 
Ал, біз ше? Отыз жыл ішінде ұлттық тарих кодын қалыптастыру ісінде не бітірдік? Қазақ тарихшылары ішінен бұл мәселеге ең жақын келген ғалым – Манаш Қозыбаев. Ұлттық код пен тарихи кодтың атын атамаса да, түсін түстей алғаны 2001 жылы жарияланған «Жұлдызым менің» кітабынан тайға таңба басқандай көрініп тұр. Ұлттық код пен төл тарихымыздың коды арудың арқасындағы қос бұрымдай жараса өрілгенде, тәуелсіздіктің жасампаз әлеуеті арта түсетіні күмән-күдіксіз ақиқат, – деді. 
Ал, ҚР ҰҒА академигі, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті тарих факультетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Берекет Кәрібаев төл тарихымызда Қазақ хандығының алатын орны айрықша екеніне тоқталды. Қазақ хандығының құрылуы – Қазақстан тарихындағы аса маңызды оқиғалардың бірі болғанын және оның қазақ халқының халық болып қалыптасуына ықпал еткенін атап өтті. Сонымен қатар, оның «қазақ» атты нақты этнонимді, «Қазақстан» атты жаңа этносаяси терминді дүниеге алып келгенін, Қазақ хандығы дәуірі деп аталатын жаңа тарихи дәуірдің басталуына негіз салғанын айтты. 
– Қазіргі кезде еліміздің ресми атауы – «Қазақстан Республикасы», халқымыздың атауы – «қазақ», жеріміздің атауы «Қазақстан» деп аталынуының түбінде ХV ғасырдың ортасында құрылған Қазақ хандығы жатыр, – деп ойын қорытындылады Берекет Бақытжанұлы. 

«Қазақ жері ешкімге, ешқандай жолмен берілмейді»

Жиында Түркия Республикасындағы Мимар Синан университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Осман Йорулмаз, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зейнолла Самашев еліміздің егемендік алғалы бері жеткен жетістіктері жайлы баяндады. Ал, Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті ректорының кеңесшісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ақмарал Ибраева «Қызылжар өңіріндегі Алаш қайраткерлерінің тәуелсіздік жолындағы күресі» атты баяндамасында қазақ тарихын қалыптастырған тұлғалардың көпшілігі әлі де терең зерттеуді қажет ететінін айта отырып, 1917 жылы Орынборда өткен Жалпықазақ съезіне ерекше назар аударды. 
– Жалпықазақ съезіне Ақмола, Семей, Торғай, Орал, Жетісу, Ферғана облыстарынан және Бөкей қазақтарынан делегаттар қатысқан. Бұл съездің тарихи маңызын түсіну үшін оған қазіргі Қазақстан аймағына кіретін барлық жерлерден өкілдер қатысқанын айтуға тиіспіз. Онда қаралған мәселелердің ішінде ең негізгісі Ресей мемлекеттілігі және оның құрамындағы Қазақстанның тағдыры болатын. Онда А.Байтұрсынов пен М.Дулатов «автономиялы тәуелсіз қазақ мемлекетін құру» идеясын ұсынды, ал, Ә.Бөкейханов «демократиялық, федеративтік және парламенттік Ресей республикасының құрамындағы» қазақтың ұлттық-территориялық автономиясы болуын қалады. Көпшілік Ә.Бөкейхановтың ұсынысын қолдады. 
Жер мәселесі жөнінде съезд делегаттары: «Қазақ жерлері ешкімге, ешқандай жолмен берілмейді. Қазынаның жері дегеннің бәрі қазақтың жері болғандықтан, иесіне қайтарылсын» деген мәмілеге келді. 
Егер біз бүгінгі тәуелсіздігіміздің Қазақстан халықтарына, оның ішінде мемлекет атын иеленіп отырған қазақ халқына қандай қымбат екендігін жан-жүрегімізбен түсінетін болсақ, соның бастау-қайнары осы съезд болатын. Рас, съезд материалдарында тәуелсіздік, «Алаш» партиясы деген сөздер кездеспейді. Бірақ, зерделеп түсінген адамға оның саяси бағыт-бағдары, құрылған немесе құрылғалы тұрған саяси партияның, бүкіл ұлтты тапқа, топқа, жікке, жүзге, руға бөлмейтін жалпыұлттық демократиялық саяси партияның ісі екендігі көрініп тұр. Және де бұл біздің жорамалымыз емес, тарихи факт, -- деді Ақмарал Ғосманқызы. 
Конференция жұмысы ары қарай 4 секция (1. Қазақ мемлекеттігінің даму кезеңдері: тарихы мен бүгіні. 
2. Өзбекәлі Жәнібеков және ұлттық құндылықтардың жаңғыруы. 
3. Тәуелсіз Қазақстанда жүргізілген саяси, әлеуметтік және экономикалық реформалар: тарихы және қорытындылары. 4. Цифрлық дәуір педагогикасы. ХХІ ғасырдағы ғылым мен білім беру) бойынша жалғасты. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің магистранты Зульфия Иманқұлова баяндамасында қазақтың ұлттық 
ою-өрнектеріне, олардың бүгінгі күнге жетуіне Өзбекәлі Жәнібековтің қосқан үлесі жайлы кеңінен әңгімеледі. Өзбекәлі Жәнібеков «Жолайрықта», «Қазақ киімі», «Қазақтың ұлттық қол-өнері» атты кітаптарының барлығында ұлттық ою-өрнекке ерекше көңіл бөлгенін атап өтті. 
– Ою-өрнектің пайда болған уақытын  нақты атау қиын, өйткені оның шығу тегі сонау көне замандардан басталады. Алғашқы сәндік бейнелер тас дәуірінде табылған. Қола дәуірінде (Андронов мәдениеті) және сақ-савромат дәуірінде олар жақсы дамыған. Көшпелі халықтардың ою-өрнектері көршілес халықтармен тығыз қарым-қатынас жасау нәтижесінде үнемі дамып, байып отырды.
Кеңес уақытында  Ә.Марғұланның басшылығымен республикада қазақтардың тарихы мен мәдениетін жан-жақты зерттеп-тану басталды. Оған қазақтың  сәндік-қолданбалы өнерін зерттеушілері, атап айтар болсақ, Ө.Жәнібеков, И.Ерофеев, А.Шевцова, М.Мұқанов, Қ.Ибраева үлкен үлес қосты. Олар қазақ ою-өрнегінің пайда болуы мен дамуы туралы ғылыми негізделген көзқарасты қалыптастырды, оның жасалу заңдылықтарын, симметриялық мәнін, артқы фон мен ою-өрнек тепе-теңдігін ашты. Қазақтың ұлттық ою-өрнектерін зерттеу бүгінгі күні де жалғасын табуда, әлі де зерттеуді қажет ететін аспектілері жеткілікті, – дейді Зульфия Әріпқұлқызы. 
Философия ғылымдарының кандидаты, доцент Гауһар Сыздықова Өзбекәлі Жәнібековтің Наурыз мейрамының қайта жаңғыруына қосқан үлесі жайлы айтып берді. Ұлыстың Ұлы күні қазақ жерінде сан ғасырлардан бері тойланып келе жатқанымен, кеңес өкіметі оны діни сипаттағы керітартпа рәсім деп тапты. Сөйтіп, көктемнің шуақты мейрамын атап өтуге үзілді-кесілді тоқтау салып еді. Гауһар Сыздықова қазақты наурызымен қайта қауыштырған Өзбекәлі Жәнібековтен алар тағлымымыз көп екенін жеткізді.  
Редакциядан: ОҚМПУ ректоры Гүлжан Дәулетбекқызы өз сөзінде соңғы екі жыл ішінде, яғни карантин уақытында университетте мұндай кең ауқымда іс-шаралар ұйымдастырылмағанына тоқталды. Сондықтан бұл конференцияда ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Өзбекәлі Жәнібековтің 90 жылдық мерейтойы ғана қамтылған жоқ, ХХІ ғасырдағы ғылым мен білімнің жетістіктері сараланып, жиынның салмағын бұрынғыдан да арттырып жіберді.  
Пікір қалдырыңыз