Жемқорлық – өркениет өзегіне балта шабады

 Асыл дінімізде жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю әрбір игілікті қалаушы адамның міндеті болып табылады. Алланың бұйырған істері пенденің ізгілік жолының кең болуына бағытталған болса, тыйған тыйымдарынан сақтануымыз – күнәлі істерді жасаудан аулақ болып, Жаратушының рақымына бөленуге септігін тигізеді. Тыйым салынған істерді жасау белгілі бір адамдарға ғана әсер етсе, кейбіреулерінің зияны кең таралып, жалпы қоғамға кері әсерін тигізеді. Қоғамда әділеттіліктің, теңдіктің, салауатты өмірдің, адалдықтың орын алуына кедергі болатын жамандықтың бірі – жемқорлық.  Шариғатта жемқорлық, таныс-біліс деген секілді жаман істерге жол берілмейді. Дініміз бен сеніміміз де осыны талап етеді. Параның анықтамасы туралы ғұламалар: «Пара дегеніміз – адамның қазыға немесе басқаларға өз пайдасына үкім шығару үшін немесе қалағанын жеткізу үшін беретін нәрсесі», – дейді.  Тағы бір анықтамада: «Пара – шындықты жоққа шығару немесе өтірікті ақтау үшін берілетін нәрсе»,-деп түсініктеме жасаған.  Біреудің пайдасына әділетсіз үкім шығару немесе жауапты жұмысы үшін пара алу – сөзсіз жаман әрекет және үлкен күнәлардың бірі болып табылады. Бұл жайында қасиетті Құранның Мәйда сүресінің 42-аятында: «Олар жалған сөз тыңдауға құмар, харам нәрсені жеуге әуес», – делінген. Ал Бақара сүресінің 188-аятында: «Бір-біріңнің мал-мүлкін (ұрлау, тонау, алдап-арбау, қиянат жасау, өсім белгілеу және құмар ойындары секілді) харам жолдармен жемеңдер. Сондай-ақ, оларды өздеріңе тиесілі болмаған дүниені алу һәм ел-жұрттың дүниесінің бір парасын біліп тұрып күнәлі жолдармен жеу үшін (пара ретінде) басшыларға беруші болмаңдар», – деген. Бұл аяттың өзегінде ұрлық, тонау, алдау, алаяқтық, оның ішінде ысырап етудің арамдығы жатыр. 

Пайғамбарымыз (с.а.с.) да пара алудың жамандығы жөнінде үнемі ескерту жасап, одан сақтандырған.  Абдулла ибн Амрдан риуаят етілген хадисте Алла Елшісі (с.а.с): «Пара беруші мен алушыға Алланың лағынеті болсын!»,-деген.  Басқа бір хадисте: «Үкім шығаруда пара беруші мен алушыға Алланың лағынеті болсын»,- делінген. Басқа бір риуаятта пара алушы мен берушінің арасын жалғаушыға да лағынет айтылады.  Демек, пара талап ету, пара беру немесе олардың арасына араша болу арам іс.

Пара алудың тағы бір түрі – кейбір лауазымды тұлғалардың бір істі бітіргені үшін қаржы алуы.  Осындай істердің салдарынан өз орнына лайықты болмаған адамдар жұмысқа орналасып, елдің өркендеуіне кері әсерін сөзсіз тигізеді. Олардың жасаған жұмыстары нәтиже бермейді, тұрғызған үйлері, көпірлері уақыт келмей қирап, сапасыздығы байқала бастайды.

Кейбіреулер параны «сыйлық» деп атап, өз ісін бүркемелеуге тырысады.  Негізінде, пара мен сыйлықтың айырмашылығы – сыйлық қайтарымы сұралмайтын нәрсе және екі адам арасындағы сүйіспеншілікті арттыру үшін жасалады.  Өйткені Пайғамбар (с.а.с): «Бір-бірлеріңе сый сыйлаңдар. Сонда араларыңда махаббат (сүйіспеншілік) пайда болады», – деген хадисі арқылы сый мен параның айырмасын еркін ажыратуға болады.  Ал, пара беруші мен алушының арасында махаббат болмайды. Өйткені, пара беруші бір нәрсеге үміт артып тұратын болады.  Араларында мәселе шешілмесе, үлкен дұшпандыққа ұласады.

Халқымызда: «жақсылыққа жақсылық-әр адамның ісі»,-деген дана сөз бар. Кей жағдайларда бір азамат өзіне жүктелген міндетті бұлжытпай орындап, жұмысын бітірсе, сол ізгілікке мекен-жай тұрғындары рахметін айтып, алғыс білдіріп жатады. Қызметінің адалдығына тәнті болған жұрт ешқандай қысымсыз өз еркімен сүйісппеншілігі арқылы сый табыстаса, жемқорлық болып есептелмейді.

Ұлттың тамырына балта шауып, руханиятына, болашағына қауіп төндіретін тағы бір жағдай – білім саласындағы жемқорлық.  Өйткені, білімді ұстаз қалып, қабілетсіз, білімі жоқ адам жастарды тәрбиелесе, жастардың болашағына қауіп төніп, адамдардың әділдікке деген сенімі жоғалады әрі  шетелде білім алуға, сонда жұмыс істеуге деген қызығушылықтары артып кетеді.  Нәтижесінде, елдің әлеуетті балаларының көпшілігі басқа мемлекеттердің игілігі үшін жұмыс істейді.  Еліне оралған соң сыбайлас жемқорлыққа қайта тап болатынын біліп, шетелде жүргенді жөн көруі мүмкін. Яғни, бір жаман әрекет арқылы келесі ізгілікті істің жойылуына кері әсерін тигізері сөзсіз.

Қорыта келе айтарымыз, сыбайлас жемқорлық пен дініміз тыйған соған ұқсас жат қылықтармен күресуде қоғамдағы әрбір адам белсенділік танытуы керек.  Әйтпесе, бұл күнәнің зияны баршаға тиіп, қоғамның әр саласын шынжырдай байлайды.  Кейде шенеунік пара сұраса, кейде біз оларға өзіміз сыйлық ұсынып, оны өзіміз жасауды үйретеміз және олардан лайықты емес орын немесе нәрсені алуға тырысамыз.  Шапалақ екі қолдан шығатыны іспетті пара беруші мен пара алушының да ақыретте алар азабы бірдей екенін ұмытпайық.

 

Жетісай аудандық «Нұғман» мешітінің

найб имамы, АТТ мүшесі:                                                Б.Шаймерден.

 

 

Пікір қалдырыңыз