ОРДАБАСЫДАҒЫ ЖАРҚЫН ЖОБАЛАР аудан экономикасының әлеуетін арттырады

Өңірлік коммуникациялар орталығында өткен кезекті брифингте Ордабасы ауданының әкімі Бағлан Батыршаев ауданның тоғыз ай ішіндегі даму көрсеткіштері, әлеуметтік-экономикалық ахуалы жөнінде баяндады. Сонымен қатар биыл жүзеге асып жатқан жемісті жобаларды атап, әр сала бойынша нақты көрсеткіштерді жариялады.

Бағлан Дәнебекұлының айтуынша, ауданның тоғыз айдағы даму көрсеткіші көңіл көншітерлік. Мәселен, осы аралықта ауданға 15 млрд. 296 млн. теңге тартылса, бұл өткен есепті кезеңмен салыстырғанда 2 млрд. 731 млн. теңгеге артқан.

-Алдағы желтоқсан айында «Индустрияландыру картасы» аясында 2 жоба іске қосылғалы тұр. Оның бірі – Украина және Италия елдерінің озық технологияларымен жабдықталған «Bokei» қыш зауыты. Күніне 120 мың дана қыш шығаратын зауыт іске қосылса, жергілікті 60 адам жұмыспен қамтылады. Сонымен қатар Түркістан қаласында салынып жатқан сәулетті ғимараттарды отандық құрылыс материалдарымен қамтамасыз ететін болады. Екінші жоба – «Александровсий сад» көкөніс сақтау қоймасы. Нысанның жалпы құны - 800 млн. теңге. Жаңа қойма қыс мезгілінде аудан шаруаларының көкөніс және бау-бақша өнімдерін сақтауына мүмкіндік береді, - дейді аудан басшысы.

Ауданда шаруаларды көптен бері толғандырып жүрген жайылым мәселесі де реттеліп келеді. Аудан әкімінің айтуынша, бүгінге дейін 4829 гектар жайылымдық жер қайтарылған.

-Жыл соңына дейін қосымша 2350 гектар жайылымдық жер мемлекет мұқтаждығына алынады. Сол кезде аудан бойынша жайылымдық жер көлемі 15858 гектарды құрайтын болады, - деді Бағлан Дәнебекұлы.

Ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, білім, жол инфрақұрылымы, кәсіпкерлік және туризм саласы бойынша да қол жеткізілген жетістіктер аз емес. Табиғи газ және таза ауыз сумен қамту мәселесі де біртіндеп шешіліп келеді. Қоғамдық тәртіпті сақтау  бағытында да біраз игі шаралар жүзеге асырылған.

Аудан әкімінің баяндамасынан соң журналистер көкейдегі сауалдарын қойып, нақты жауаптарын алды.    

Пікір қалдырыңыз