Саакашвили «жауларыма ерегіскенде өлмеймін» деп отыр

 Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвили қандай адам? Неліктен Грузия билігі оған қырын қарауда? Қыр соңына түсіп алатындай Саакашвили неден жазықты болып қалды? Міне, осы сауалдар көптің көкейінде жүргені белгілі.  Михаил Саакашвили 2003 жылдан бастап Грузияны қатарынан екі кезең басқарған. Сарапшылар «Саакашвилидің  кезінде Грузияда тәртіп орнады» деп есептейді.

Мәселен, Грузияда бұрын 22 түрлі мемлекеттік салық төленсе, оның саны Саакашвили билігі тұсында алтыға дейін қысқарды. Түрлі ірі салықтық алымдарға да шектеу қойылды. Сырттан келетін тауарларға төленетін баж салығы да арзандады. Батуми, Кутаиси және Тбилиси қалаларында заманауи зәулім ғимараттар салынды. Жолдар жөнделді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтті. Тіпті,  НАТО ұйымына мүшелікке өту жөніндегі мүддесін де ашық білдіре бастады. Осылайша айналдырған аз уақыттың ішінде елдің еңсесін тіктеді. Бірақ, 2013 жылы кезекті сайлауда жеңіліс тапты. Оған мойыған жоқ, елден кетіп, АҚШ-тың қатардағы бір университетінде дәріс оқыды. Алайда, ол биліктен кеткен соң қарсыластары бас көтерді. Атап айтқанда, 2014 жылы елдің Бас прокуратурасы 2007 жылдың 7 қарашасында ереуілшілерді жаппай қууға, «Имеди» телекомпаниясын талқандауға және Аркадий (Бадри) Патаркацишвилиге тиесілі мүлікті қылмыстық жолмен тартып алуға қатысты экс-президент Михаил Саакашвилиді айыпталушы ретінде қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы қаулы қабылдады. Оның үстінен «Қызметтік өкілеттігін пайдаланып, зардап шегушінің жеке ар-намысын төменсіту» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оған халықаралық іздеу жарияланды. Оның өзінің, әйелінің, анасының ақшалары мен мүліктері бұғатталды. Бұл кезде оның Украинада саяси мансабы басталған еді. Президенттің кеңесшісі болды. Сол елдің азаматтығын алды. Оны Одесса облысына губернатор етіп тағайындады. Бірақ, Саакашвили онда да тұрақтай алмады. Ақырында Нидерландыдағы өз отбасына қоныс аударып, жеке куәлік алды.
Биыл Грузияның экс-президенті түрмеге қамалу қаупіне қарамастан еліне оралды. Ол 1 қазанда Грузияда тұтқындалды. Үстінен бірнеше қылмыстық іс қозғалғаны аздай, оған шекараны заңсыз кесіп өтті деген тағы бір айып қосылды. Ұсталғаннан кейін экс-президент бірден аштық жариялады. Саакашвилидің адвокаттары мен жеке дәрігері оның жағдайының ауыр екенін айтқанымен, Грузия билігі тұтқынның шырын ішіп-жеп жатқанын көрсететін бейнежазбаны жариялады, сонымен қатар оның алған тағамының фотосуреттерін ұсынды. Сондай-ақ, оның жағдайы тұрақты және дәрі-дәрмек қабылдап жатқаны да айтылды.
Осыдан кейін саясаткер шынымен де бірнеше бөтелке шырын ішкенін, себебі, бұл аштық жариялау хаттамасында бар екенін мәлімдеген. Сонымен қатар Михаил Саакашвили түрмеде өзін ұрып-соғып, шашынан сүйреп қинағанын айтты. Ол түрмеден жолдаған кезекті жолдауында өз жақтастарын сенбіге жоспарланған Тбилисидегі наразылық акциясына жұмылдыруға шақырды және ұзақ уақыт аштық жариялағанына қарамастан, ол «жауларына ерегескенде өлмейтінін» ескертті.
Биыл 10 қазанда сот отырысы өтуі тиіс еді, бірақ Грузия билігі Михаил Саакашвилиге оның ісіне қатысты отырысқа қатысуға рұқсат бермеді. Сот ғимаратына кіруге тек Грузия бірінші телеарнасының журналисі мен операторына ғана рұқсат етілді, Саакашвилидің адвокаты тікелей эфир ұйымдастыруды талап еткен-ді. Бірақ, департамент бұған дейін арнайы қызметтерден экс-президенттің жақтастары сот пен түрмеге баратын жолдарды бұғаттауды жоспарлағаны туралы ақпарат алғанын сылтау етті. Сонымен қатар, Саакашвилидің ұзақ мерзімді аштық жариялауы, ауруханадан ауыстыру және сотқа қатысу, осының бәрі оның денсаулығына қосымша қауіп төндіретіні де белгілі болды. Айта кету керек, Михаил Саакашвилидің мүддесін тек грузин адвокаттары ғана емес, Украина мен АҚШ-тың құқық қорғаушылары да қорғауда.
  
Дайындаған 
Баян ДАРҒОЖИНА.
Пікір қалдырыңыз