Оқушылар кітап оқып жарысты

Қазіргі эпидемиологиялық ахуалға қарамастан елімізде онлайн режимінде өткізіліп жатқан шаралар көп. Солардың бірі ретінде Ы.Алтынсарин атындағы Түркістан облыстық балалар кітапханасында ұйымдастырылған байқауды айтуға болады. «Әлемді кітап арқылы танимын» атты тақырыпта өткізілген сайысқа Нұр-Сұлтан қаласы мен Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарынан 7 мен 15 жас аралығындағы жасөспірімдерден құралған 20 топ үміткер ретінде қатысты. 

Айта кетейік, 2021 жыл  «Балалар әдебиеті жылы» деп жарияланды. Осыған орай, елімізде «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы бастау алған болатын. Аталмыш акция аясында балаларға оқуға Ыбырай Алтынсариннің «Өнер-білім бар жұрттар», Бердібек Соқпақбаевтың «Жекпе-жек», Марат Қабанбаевтың «Жиһангез Тити», Толымбек Әбдірайымның «Алабұға аулаған күн», Зира Наурызбаева мен Лиля Калаустың «Алтын тостағанды іздеу», Мәди Айымбетовтің «Бар болғаны он төрт жас» атты кітаптары таңдап алынған-ды. Байқауға қатысушыларға аталған оқулықтарды оқу ұсынылды. Сайыс барысында оларға осы шығармалар желісі бойынша түрлі сұрақтар қойылды. 
Нәтижесінде, Қарағанды облысындағы Нығмет Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-интернатының, Нұр-Сұлтан қаласындағы №43 қосымша білім беру мектеп орталығының, Солтүстік Қазақстан облысындағы Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназиясының, Түркістан облысынан Иван Журба атындағы жалпы орта мектебінің, Тұрар Рысқұлов атындағы мектеп-лицейі мен Сәкен Сейфуллин атындағы №20 мектеп-гимназиясының атынан қатысқан балалар ынталандыру сыйлығына ие болды. Оларға арнайы диплом, статуэтка және Зира Наурызбаева мен Лиля Калаустың «Алтын тостағанды іздеу» кітабы берілді. 
Батыс Қазақстан облысындағы Хиуаз Доспанова атындағы №30 жалпы орта мектебінің, Түркістан облысындағы Әлия Молдағұлова атындағы жалпы орта мектебінің атынан қатысқан жасөспірімдер ІІІ орыннан көрініп, арнайы диплом, статуэтка және PANTUM көпфункционалды принтермен марапатталды.
Сондай-ақ, өңіріміздегі №10 «Игілік» жалпы орта мектебі мен Тоқболат Тоғысбаев атындағы жалпы орта мектебі атынан қатысқан оқушылар ІІ орынды иеленіп, арнайы диплом, статуэтка және LG музыкалық орталығына қол жеткізді. 
Өзбекәлі Жәнібеков атындағы №27 ІТ мектеп-лицейі мен №12 жалпы орта мектебі атынан қатысқан үміткерлер І орынды жеңіп алып, арнайы диплом, статуэтка және SONY цифрлы фотоаппаратпен марапатталды. Шығыс Қазақстан облысындағы Құрмаш Нұрғалиев атындағы №43 мектеп-лицейі мен Түркістан облысындағы Мұхтар Әуезов атындағы ІТ мектеп-лицейінің оқушылары бас жүлдеге лайық деп танылды. Оларға арнайы диплом, статуэтка және KIVI SMART теледидары берілді.

Әсия СӘБДЕНҚҰЛОВА,
Ыбырай Алтынсарин атындағы Түркістан облыстық 
балалар кітапханасының инновациялық және әдістемелік жұмыс бөлімінің меңгерушісі.
Пікір қалдырыңыз