Кәсіподақтар күні аталып өтті

Апта басында М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің ғимаратында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Кәсіподақтар күніне орай өңірлік бастауыш кәсіподақ ұйымдары форумы өтті. Оған Қазақстан Республикасы Кәсіп-
одақтар Федерациясы төрағасының орынбасары, «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының» төрайымы Айгүл Мұқашева, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов, «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев, «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бердіғали Өмірәлі, салалық кәсіподақ төрағалары, бастауыш
кәсіподақ мүшелері қатысты. 

Форумның мақсаты – кәсіподақ мүшелерінің еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған бастауыш кәсіподақ ұйымдарының қызметін жандандыру, еңбек ұжымдарында оның мәртебесін нығайту, кәсіподақ пен оның мүшелерінің ынтымақтастығын дамыту және озық тәжірибелерді насихаттау болып табылады. Жиында ҚР Кәсіподақтар Федерациясы төрағасының орынбасары Айгүл Мұқашева құттықтау сөз сөйлеп, кәсіподақ қозғалысына елеулі еңбегі сіңген бірқатар азаматтарға марапаттар табыс етті. Оның ішінде «Қазақстан кәсіподақтар қозғалысына сіңірген еңбегі үшін», «Кәсіподақтағы белсенді жұмысы үшін» және «Еңбек озаты» медальдары, Құрмет грамотасы, Алғыс хаттар бар.
Өткен жылдың 23 желтоқсанында Бас кеңестің шешімімен 2021 жыл «Бастауыш кәсіподақ ұйымы жылы» болып жарияланды. Осыған байланысты 2021 жылы бастауыш ұйымдарға қолдау көрсету және еңбек ұжымдарымен тікелей «кері байланыс» жүйесін құру үшін Кәсіподақтар федерациясы «Халің қалай, бастауыш ұйым?» атты акция өткізді. Республика бойынша акция аясында онлайн форматта 362 бастауыш кәсіподақ ұйымымен кездесулер өтіп, шешуді талап ететін 400-ден астам мәселе көтерілді. Оның ішінде ҚР Кәсіподақтар федерациясының ұйымдастыруымен Шымкент қаласындағы бастауыш кәсіподақ ұйымдарында 6 онлайн кездесу өтіп, 15 мәселе қозғалса, Түркістан облысы бойынша 3 онлайн кездесу өтіп, еңбеккерлерді мазалаған 7 мәселе көтерілді. Еңбек адамдары көтерген мәселелердің басым бөлігі айлық жалақыларын көтеру, емдік-сауықтыру шипажайларына жолдама беру бойынша, сондай-ақ, басқа да әлеуметтік мәселелер қозғалды. Сонымен қатар, жыл басынан бері Шымкент қаласы кәсіподақтар бірлестігімен әлеуметтік әріптестік шеңберінде үш жақты комиссияның 14 кездесуі өткізіліп, комиссия отырысының қарауына бастауыш кәсіподақ ұйымдарынан 15 мәселе түскен. Ал, Түркістан облысы кәсіподақтар бірлестігімен әлеуметтік әріптестік шеңберінде үш жақты комиссияның 4 отырысы өткізілді. Комиссия отырыстарында бастауыш кәсіподақ ұйымдары көтерген 4 мәселе ортаға салынып, барлығы да шешімін тапты. 
Айта кетейік, бүгінгі таңда Шымкент қаласы кәсіподақтар бірлестігінің құрамында 8 салалық кәсіподақ филиалы және 5 жергілікті кәсіподақ ұйымы бар. Барлығы 607 бастауыш кәсіподақ ұйымы жұмыс істейді. Олардағы кәсіподақ мүшелерінің саны 68 620-дан асады. Ал, Түркістан облысы кәсіподақтар бірлестігінің құрамында 7 салалық кәсіподақ филиалы және 5 жергілікті кәсіподақ ұйымына 815 бастауыш кәсіподақ ұйымы біріккен, кәсіподақ мүшелерінің саны 31 564-ті құрайды. Биыл 18 мекемеде бастауыш кәсіподақ ұйымдары ашылып, 741 адам мүшелікке тартылды. 
                                                                                           
С.МӘТҚАЛИҰЛЫ.

Пікір қалдырыңыз