Үмітке толы үш жыл аймақты қаншалықты көркейте алды?

Өзінің тоқсан жылдық тарихында төрт рет оңтайландырылып, бүгінде дербес отауын қайта тіккен тағдырлы Келестің тарихы тым тереңде жатыр. Сыр бойында жатқан сырлы Келесті көргенде Асан қайғы бабамыздың өзі мұндағы ағайынның татулығы мен жерінің шұрайлылығына тамсанған екен. Одан беріде қаншама ғасыр өтті, қандай замандарды бастан өткерсе де Келес жұрты өзінің өр рухын жоғалтқан жоқ, осыдан үш жыл бұрын төртінші рет қайта құрылып, дербес аудан ретінде дами бастады.
Рас, алғашқы үш жыл сындарлы сынақтарға, қауырт жұмыстарға толы болғаны анық. Әлі де атқарылар жұмыс көп. Дегенмен, үмітке толы үш жыл Келесті қаншалықты көркейте алды деген сұрақты біз аудан әкімі Ақментай Есбаевқа қойғанды жөн көрдік.

– Ақментай Үсенұлы, Келестің өз алдына дербес аудан болғанына да үш жылдан асты. Әрине, үш жыл көп уақыт емес, десек те осынау қысқа мерзімде біраз шаруаның басы қайырылғаны аңғарылады. Әсіресе, аудан орталығындағы магистральды жолдың бойы кептелістен көз ашпай жататын еді.
– Иә, бұл өте өзекті проблема болатын. Жалпы, біздің оңтүстік өңірінде халық тығыз орналасқан ғой. Оның ішінде үш жүз мыңнан астам халқы бар Мақтаарал, Жетісай аудандары мен жүз мыңға жуық тұрғыны бар Шардара ауданынан шыққан жолаушылар күнделікті әрі-бері Келес өңірін басып өтетіні белгілі. Бұл тоғыз жолдың торабында орналасқан Келес ауданы үшін өте тиімді. Яғни біздің көрші аудандармен қарым-қатынасымызды күшейтіп, сауда-саттығымызды жандандыру арқылы жергілікті тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық жағдайына оң әсер етеді. Аудан орталығындағы кептелісті болдырмау үшін үлкен жолдың екі жағасы кеңейтіліп, арнайы қорған жасалды. Жаяу жүргіншілер үшін аспалы көпір салынды. Мұның бәрі кестеге сай өз мерзімінен кешіктірілмей пайдалануға берілді.
– Жалпы, жаңадан құрылған ауданды аяқтан тұрғызып, қатарға қосудың өзі оңай шаруа емес. Келес осынау үш жылда тек қатарға қосылып қана қоймай, бір-екі сала бойынша үздік атанғанын да білеміз.
– Иә, Келес алғашқы құрылған күннен бастап жоғары нәтижеге жұмыс істеп келеді. Ол үшін бізді қолдап отырған облыс басшыларына, осы жетістіктер жолында аянбай еңбек етіп жүрген жергілікті халыққа рахмет айтамыз. 2018 жылы ауыл шаруашылығы саласы бойынша ауданымыз облыста «Көкөніс өнімдерін өндіру» бойынша ең үздік аудан номинациясын иеленсе, 2019, 2020 жылдары «Бір алқаптан 2-3 рет өнім өндіру» бойынша үздік аудан деп танылып, марапатталдық. Бұл жетістіктерді биыл да бағындырамыз деген үміттеміз. 
– Ақментай мырза, соңғы жылдары шалғай ауылдардан қала орталығына қарай үдере көшіп келіп жатқандар көп. Келес те орталықтан шалғай орналасқан аудандардың біріне жатады. Халық саны үш жылда көбейді ме, азайды ма?
– Жоқ, ауылдан халық жаппай кетіп жатыр дегенге келіспеймін. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ауыл шаруашылығы саласы тоқырап, ел қалаға қарай ығысса, ығысқан шығар, қазір ондай емес. Мысалы, біздің Келес ауданында халық саны жыл өткен сайын көбейіп келеді. Аудан құрылған жылы халық саны 135 819 еді, қазір 144 149-ды құрап, үш жылда 1885 адамға артты. Осыған орай әр сала бойынша жеткен жетістіктер де аз емес. Халықтың негізгі күнкөрісі саналатын ауыл шаруашылығы саласы бойынша айтар болсақ, биыл 6 миллиард теңгенің өнімін өндіру жоспарланып, үш жылдың ішінде 173,3 пайызға немесе 25,4 миллиард теңгеге артып отыр. Мал шаруашылығында да өсім бар. 2018 жылы ауданда 421,3 мың мал болса, биыл оның саны 659,9 мыңға жетіп, 156,7 пайызға немесе 238,7 мың басқа өскен. 28,9 мың тонна ет өндіріліп, ТМД елдеріне экспортқа шығарылды. Көрсеткіш үш жыл бұрынғымен салыстырғанда екі есеге артқан. 
– Бір жерден екі өнім алу бойынша үздік атанғандарыңызды айттыңыз. Жылыжай жұмысы да жанданып келе жатқан шығар?
– Аудан бойынша 8 ауылдық округтен жалпы 1400 гектар алқапта алдыңғы қатарлы озық технологияны қолдана отырып, жылына 2-3 рет өнім алу бойынша 316 жобаны жүзеге асыру басталған. Бір айналымнан 41959,7 тоннаның өнімі өндірілсе, екінші айналымнан 1400,15 тонна бақша және көкөніс өнімдері өндіріліп, диқандарымыздың табысы еселенуде. Ал, жылыжай бойынша айтар болсақ, біздің Келес ауданының климаты әу бастан егін шаруашылығына қолайлы. Кәсіпкерлер де бұл салаға көптеп инвестиция салып жатыр. Үш жылда 71,8 гектар жылыжай құрылысы салынған болса, 106 мал бордақылау алаңы ашылды. Оның алды елу басқа дейін мал бордақыласа, ең азы он-он бес малды бордақылауға қауқарлы. 
– Жері жомарт, ауа райы жылы Келес ауданының даму потенциалы жоғары екенін білеміз. Бірақ, тіршілік көзі саналатын судан таршылық көріп жататыны да жасырын емес. Бұл мәселе қалай шешіліп жатыр?
– Дұрыс айтып отырсыз, біздің аудан шекаралас аймаққа орналасқандықтан ағын суға келгенде көрші елдерге тәуелдіміз. Бірақ, бұл мәселе де өз деңгейінде шешіліп келеді. Біз өз тарапымыздан бар суды үнемдеуіміз керек. Бұл – заман талабы. Үш жылда ауданымыздағы 339,7 шақырым болатын 74 канал, 22 қашыртқы және 2 лоток механикалық тазалаудан өткізілді. Аудан орталығынан ағып өтетін 3,8 шақырымды құрайтын Араншы-1 каналы күрделі жөндеуден өткізілді. Осы жұмыстардың нәтижесінде енді су сыртқа ағып, ысырап болмайды. Яғни тұрғындардың ағын судан таршылық көреміз деп алаңдауына ешқандай негіз жоқ. Ауыз су, табиғи газ тарту жұмыстарында да қарқын бар. 2018 жылдан бері 22 елді мекенде 456,6 шақырымды құрайтын ауыз су құбыры тартылды. Жыл соңына дейін тағы 15 елді мекенді ауыз сумен қамту жоспарланған. Бүгінде тұрғындардың ауыз сумен қамтылуы 81,6 пайызды құрап отыр. 
Ауданда табиғи газ тарту жұмыстары да қарқынды жүріп жатыр. Қазіргі таңда 85,6 шақырымды құрайтын 9 елді мекенде табиғи газ құбырының құрылысы жүргізілуде. 83 елді мекеннің 45-і бүгінде табиғи газды тұтынып отыр. Жыл соңына дейін тағы 14 елді мекенге газ келсе, жалпы қамтылуы 76,6 пайызға жетеді. Ал, сапалы электр энергиясымен қамту бойынша айтар болсақ, 2018 жылдан бері 16 елді мекенде 85,5 шақырым болатын электр желілері ауыстырылып, трансформаторлар орнатылды. Жыл соңына дейін тағы жеті елді мекенді сапалы электр қуатымен қамту жоспарда бар. 
– Келестің көркейіп келе жатқанын аңғару қиын емес. Көшелер жарықтандырылып, жолдар кеңейіп қалыпты. Абаттандыру жұмыстарына ерекше басымдық берілген сияқты?
– Жаңадан құрылған аудан болған соң құрылыс саласына ерекше басымдық берілгені рас. Аудан орталығындағы 15 көшенің бойына 26,4 шақырым болатын жолаяқтар салынып, 114 орындық, 130 қоқыс жәшігі орнатылды. Сондай-ақ, жол жиегіндегі суағарлар да жаңартылды. Жиырма мыңға жуық көшет отырғызылды. Ауданымыздың символы болып табылатын Абай Құнанбаевтың ескерткіші М.Артықов көшесі бойына орнатылса, Е.Байбеков атындағы саябақ ішіндегі Ардагерлер аллеясына Ауған соғысы ардагерлеріне арналып ескерткіш орнатылды. Сонымен қатар, Келес ауданың кіреберісіне «Келес ауданы» аркасы орнатылды. Орталықтағы 37 көшеге жарықшамдар орнатылса, жеке кәсіпкерлер есебінен тағы он көше жарықтандырылды. 
– Жаңадан бой көтеріп жатқан нысандардың қаншасы әлеуметтік нысандар? 
– Үш жылда үш мектептің құрылысы жүргізілді. Атап айтсақ, Абай атындағы №46, Р.Қошқарбаев атындағы №37 және №29 жалпы орта мектептер жаңадан салынса, О.Есімов атындағы №1, Т.Бигелдинов атындағы №13 жалпы орта мектептері мен Оқушылар үйі күрделі жөндеуден өтті. Ақтөбе ауылдық округі Қызыләскер елді мекеніндегі емхана мен аурухана ғимараттары да күрделі жөндеуден өткізілді. Сондай-ақ, екі стадион күрделі жөндеуден өтіп, жеті спорт алаңшасы салынды. 
– Дәл қазір қарбаласқа толы жұмыстарды өте тар жерде, аядай кабинеттерде отырып атқарып жатыр екенсіздер. Бұйыртса, әкімшілік қызметкерлері де жайлы да кең орынға көшетін шығар?
– Бұл жерде біз уақытша отырмыз. Аудан әкімдігінің ғимаратымен бірге төрт ауылдық округ әкімі аппаратының ғимараты да заман талабына сай қайта жөнделіп жатыр.  Атап айтсақ, аудан әкімдігінің ғимараты, Мәдениет үйі, А.Сәтбаев көшесінің бойындағы №8 үйде орналасқан ғимарат, Бірлесу, Жүзімдік, Бірлік және Ұшқын ауылдық округі әкімі аппаратының ғимараттары таяу күндері пайдалануға берілмек. 
– Ендеше, іске сәт, Ақментай Үсенұлы! Қолға алған жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз! 

Сұхбаттасқан Аман ЖАЙЫМБЕТОВ,
«Ońtústik Qazaqstan».

2 пікір

Пікір қалдырыңыз