2014 жыл: Еуропа мен Қазақстан арасы... 600 шақырымға жақындады

Жыл басында қазақстандықтар назарын аударған оқиға – теңгенің девальвациясы еді. 11 ақпанда ұлттық валютамыздың долларға шаққандағы бағамы 185 теңге болды. Жұрт әбігерге түсіп, жаппай валюта сатып ала бастады. Айырбастау пункттерінде ұзын-сонар кезектер пайда болды, кейбірі жабылып қалды. Осыдан кейін «девальвацияның екінші толқыны болады, кейбір банктер банкротқа ұшырайды» деген қауесеттер тарай бастады. Бірақ, Ұлттық банк «бәрі жақсы болады, қорқатын ештеңе жоқ» деп түсіндірудің арқасында жағдайды уыста ұстай алды. Ұлттық банктің бұрынғы басшысы Григорий Марченконың мәлімдеуінше, қауесетті айырбас пункттерінің иелері өз пайдасы үшін таратқаны кейін белгілі 
болды. 

2014 жыл Қазақстанда атқарушы биліктегі ауыс-түйістердің жиі болуымен де есте қалды. 2 сәуірде Серік Ахметов басқарған Министрлер кабинеті отставкаға кетті. Кейіннен тамызда тағы өзгерістер болып, Үкімет қайта жасақталды. 
17 министрлік пен 9 агенттік ықшамдалып, 12 министрлік пен 30 комитет қалды. Қаржы полициясы қысқартуға ұшырады, Төтенше жағдайлар міндеті Ішкі істер министрлігіне берілді. Мәдениет және спорт министрлігі, Энергетика министрлігі, Ұлттық экономика министрлігі және Инвестиция мен даму министрлігі құрылды. Бұл өзгеріс қараша айында қайта жалғасып, Қорғаныс министрлігі қызметінен Серік Ахметов кетіп, оның орнына Иманғали Тасмағамбетов тағайындалды. Иманғали Тасмағамбетовтің орнына Астана қаласы әкімі қызметіне Әділбек Жақсыбеков келді.
Осы жылы Қазақстанда орын алған тағы бір үлкен оқиға – 29 мамыр күні елордадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан, Ресей, Беларусь мемлекеттерінің басшылары Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) құру шартына қол қойып, тарихи құжатты бекітті. Бұл әлемдік ауқымдағы аса маңызды оқиға болатын.  
Сонымен, үш елдің арасында құрылған, таяу аралықта қатары жаңа мемлекеттермен толыға түсетін бұл экономикалық одақ елімізге тауарлардың, қызметтер мен капиталдың және жұмыс күштерінің еркін қозғалысына мүмкіндік беретін болады. Осылайша Еуразия кеңістігінде дүниеге келген интеграциялық одақ нәтижесінде 2030 жылға қарай жиынтық ішкі жалпы өнімнің өсімі түріндегі интеграциялық тиімділіктің перспективасы шамамен 900 миллиард АҚШ долларын құрай алады. Қазіргі уақытта тек қатысушы үш ел экономикасының жиынтық көлемі 2,2 триллион АҚШ долларын құраса, шығарылған өнеркәсіп өнімінің жалпы көлемі 1,5 триллион АҚШ долларына жуықтаған. Мәселен, 2009 жылдан бері Қазақстанның Еуразиялық экономикалық кеңістік және Кеден одағы әріптестерімен тауар айналымы 88 пайызға артып, 24,2 миллиард АҚШ долларына жетіп отыр. Қорыта айтқанда, Елбасы Н.Назарбаев атап өткендей, Еуразиялық экономикалық одақ – бұл масылдық емес, халықтың және біздің ұлттық экономикамыздың игілігіне айналуы тиіс.
2014 жылғы тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы тағы бір елеулі оқиға – елімізге қатысты Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі туралы шешім қабылданды. Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Бельгияға ресми сапары кезінде Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақ арасындағы Кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісім табысты болып, Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі мәселесі жөніндегі келіссөздер түбегейлі аяқталды. Мұны халықаралық сарапшылар да тәуелсіз Қазақстан тарихының жарқын беттерінің біріне балаған болатын. Осынау тарихи сәтті Елбасы: «Бұл маңызды оқиға, оған қол жеткізу үшін 15 жыл жұмыс істедік, барлық 160 мемлекетпен келіссөз жүргізу оңайға соққан жоқ. Мен оған тікелей араласып, АҚШ, Ресей президенттерімен, барлық мемлекеттермен, Еуроодақпен сөйлестім. Қазір біз қорытынды кезеңде тұрмыз» деп жеткізді. 
2014 жылы 17 қаңтарда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын жариялады. «Қазақстандықтар ертеңіне, елінің болашағына сеніммен қарайды. Халықтың 97 пайызы әлеуметтік ахуалдың тұрақтылығын және оның жыл өткен сайын жақсара түскенін айтады. Бүгінде Отанымыздың жетістіктері – әрбір азаматтың ұлттық мақтанышы. Күшті, қуатты мемлекеттер ғана ұзақ мерзімдік жоспарлаумен, тұрақты экономикалық өсумен айналысады. «Қазақстан–2050» Стратегиясы – барлық саланы қамтитын және үздіксіз өсуді қамтамасыз ететін жаңғыру жолы. Ол – елдігіміз бен бірлігіміз, ерлігіміз бен еңбегіміз сыналатын, сынала жүріп шыңдалатын үлкен емтихан. Стратегияны мүлтіксіз орындап, емтиханнан мүдірмей өту – ортақ парыз, абыройлы міндет!» деді Елбасы өз Жолдауында. 
7 ақпанда Ресейдің Сочи қаласында XXII қысқы Олимпиада ойындарының алауы тұтанды. 
5 наурызда Мәскеуде Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысы өтті. Отырысқа Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей президенті Владимир Путин және Беларусь президенті Александр Лукашенко қатысты.
29 сәуірде Беларусь астанасы – Минскіде  Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысы өтті. Жиын барысында Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістік аясында бүгінгі күнге дейін жүргізілген интеграциялық үдерістердің жай-күйі мен перспективалары, сондай-ақ, ЖЕЭК-тің бұрынғы отырыстарында қол жеткізілген келісімдерді іске асырудың негізгі мәселелері талқыланды. Бұдан бөлек, Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шарт жобасы қаралды.
21 мамырда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қытайдың Шанхай қаласында өткен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің IV саммитіне қатысты. Саммитте Қазақстан басшысы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету ең өзекті мәселенің бірі болып отырғанын, ол үшін өңірдің барлық мемлекетінің кешенді күш-жігері қажеттігін, соның ішінде, АӨСШК желісі бойынша азық-түлік өндірісіне байланысты нақты тетіктерді әзірлеу керектігін және басқа да өзекті мәселелерді қозғады.
5 маусымда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Түркияның Бодрум қаласында түркітілдес мемлекеттер Ынтымақтастық кеңесінің мемлекеттер басшылары деңгейіндегі төртінші саммиті өтті. Оның қорытындысы бойынша ынтымақтастықты одан әрі дамыту туралы декларация қабылданды. 
19 маусымда Ақордада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елімізге мемлекеттік сапармен келген Корея Республикасының президенті Пак Кын Хемен кездесті. Кездесуде екіжақты байланыстарды нығайту, сауда-экономикалық және инвестициялық-технологиялық ынтымақтастық аясын кеңейту мәселелері сөз болды. 
20 маусымда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елімізге жұмыс сапарымен келген Иордания королі II Абдалламен кездесті. Кездесу барысында сауда-экономикалық, инвестициялық, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективалары талқыланды. Астана күні қарсаңында елордада жаңадан салынған Ұлттық музей ашылды.
4 шілдеде Президент Нұрсұлтан Назарбаев Астана күнін мерекелеудің басталғанын білдіретін Мемлекеттік туды көтеру рәсіміне қатысты. Елордадағы «Атамекен» этно-мемориалды кешенінде өткен бұл жиында Мемлекет басшысы: «Болашақты бағдарлап, Есілдің бойында ел қондырған еңбегіміз ақталды. Астана татулық пен тұрақтылықтың құтты ордасына айналды» деді.
19 қыркүйекте Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне қатысты. Елбасының арнайы Жарлығымен, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демо-графиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның ұйымдастыруымен еліміздің 14 облысы мен Астана және Алматы қалаларын қамтыған «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауында Түркістан қаласынан келген Бимаханбетовтер отбасы жеңімпаз атанды.
11 қарашада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын жариялады. 
Осы жылы қарашада Алматыда ауыр атлетикадан әлем чемпионаты өтті. Қазақстан жалпыкомандалық медальдар есебінде үшінші орын алды. Қазақстандық ауыр атлеттердің қоржынына үш алтын және екі күміс медаль түсті. Олимпиада чемпионы Илья Ильин алтын медаль алды. 26 жастағы қазақстандық жұлқа көтеруде 190 келі, ал, серпе көтеруде 242 келіні еңсеріп, әлем рекордын жаңартты. 
3 желтоқсанда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Иран президенті Хасан Рухани, Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердымұхамедов Иран мен Түркіменстан шекарасында бас қосып, салынуы 2008 жылдан бастау алып, құрылысы жуықта ғана аяқталған Өзен–Қызылқия–Берекет–Этрек–Горган (Қазақстан–Түркіменстан–Иран) теміржол желісін ресми түрде ашты. Бұл жол Қазақстанды Еуропаға 600 шақырымға жақындата түсті. 
15 желтоқсанда елордадағы «Астана Опера» театрында еліміздің қастерлі мерекесі – Тәуелсіздік күніне орай салтанатты шара өтті.     
Саясат бөлімі.

Пікір қалдырыңыз