Ауғанстан – үрей синдромы

Қазақстанға қауіп бар ма?

Жұрттың қазіргі әңгімесі Ауғанстан, ондағы билік басына содырлардың ешқандай қарсылықсыз келуі жайлы болып кетті. Тәліптерге бағынғысы келмейтіндер сыртқа қашып жатыр. Олардың алдымен өздеріне көршілес елдерде бас сауғалайтыны айдан анық. Содан соң біртіндеп төңіректегі қамсыз жатқан өзге  елдерге кіріп, жан тыныштығына қолайлы орын іздейтінін ешкім де жоққа шығара алмайды. Қазақстандық саясаттанушы Ерлан Саиров осы үшін де Қазақстанның  алаңдауына негіз бар дейді. Ұлттық қауіпсіздік қызметі төтенше жағдай жариялап, діни экстремизмнің өршіп кетпеуін қадағалауы керектігін айтады. Себебі, діни фанаттар босқын кейпінде келіп, біздің бейбіт елімізде өзінің идеологиясын ары қарай жалғастыруы ықтимал деген күдігін жасырмайды. Ал, саясаттанушы Тазабек Сәметбай: «Ауғанстан мәселесіне келгенде шектен тыс әсірелеулер көп сықылды. Ауғанстан үшін азаматтық соғыс деңгейінде қауіп-қатер төндіргенімен, бірақ көрші елдерге әсері жоқ» дегенді айтады. Дос Көшім де жұрттың тәліптерді неге содырлар деп айыптайтынын, олардан неліктен жанұшыра қорқатынын түсінбейтін көрінеді. «Ауғанстанда көптеген террористік, соның ішінде Сириядағы ИГИЛ секілді басқа да экстремистік топтар бар. Олар, сөз жоқ, әртүрлі жолдармен Орта Азия мемлекеттеріне, Қазақстанға кіруге тырысады. Біз теледидардан көріп жүргендей бастарына шалма орап, сақалмен келмейді. Олар интелигентті киіммен келеді» дейді белгілі саясаткер Амангелді Айталы. 
Қалай болғанда да әлем дүрлігулі. Десе де тәліптер қозғалысы Ауғанстан билігін өз қолдарына толықтай алды деп бәрі шулап жатқанда, елде олардың бақылауына кірмеген жалғыз аймақ – Панжшер бар екенінен хабардар болдық. Ол Кабулдан солтүстікке қарай 120 шақырым жерде орналасқан. Сол Панжшер провинциясы бүгінде тәліптерге қарсылық орталығына айналыпты. Мұнда 
1980-1990 жылдары дала командирі және қорғаныс министрі болған, Панжшер арыстаны лақап атымен белгілі Ахмад Шах Масудтың ұлы Ахмад Масуд тәліптерге қарсылық ұйымын жариялады. Сондай-ақ, Ауғанстанның вице-президенті Амрулла Салех те сол жерге барып, өзін елдің уақытша басшысы деп жариялап, тұрғындарды тәліптерге қарсы соғысуға шақырды. Мұнан бөлек, генерал Абдул-Рашид Дустумның қарулы құрамалары да Ауғанстанның Панджшер провинциясына  келді. Қол астындағы он мыңға жуық әскерімен өзбек генералы вице-президент Амрулла Салехтың күштерімен бірігіп, тәліптерге қарсы соғыс ашпақ.

Желге ұшқан ақшалар

2001 жылы 11 қыркүйекте Нью-Йорктегі террорлық шабуылдан кейін АҚШ пен одақтастарының әскері Ауғанстанға кіргені белгілі. Ондағы мақсаты – жауыздық шабуылды ұйымдастырушылардың жазасын беру. Айтқандарындай, 
2011 жылы американдық арнайы күштер Ауғанстаннан көрші Пәкістанға жасаған рейд кезінде №1 терроршы Усама бен Ладеннің көзін жойды. Алайда, американдықтар қайтып кеткен жоқ, Кабул мен Кандагарда тағы 10 жыл қалды. Қалуларының себебін бұл жерде демократия құрамыз деп түсіндірді. Елді 1996 жылдан бері басқарған «Талибан» биліктен кетсе де, кейінгі 20 жылда ұрысты тоқтатпаған еді. 2300 американдық сарбаздың өмірін қиған Ауғанстандағы соғысқа шамамен триллион доллар жұмсалды. Оның ішінде әлемдегі ең кедей елдің біріне 20 жылда гуманитарлық көмектің барлық түріне 133 миллиард доллар бөлінді. Ал, бұл Маршаллдың екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Еуропаны қайта қалпына келтіру жоспарына жұмсалған қаржыдан да көп еді. Бірақ, соңында осы соманың 90 пайызы мақсатсыз жұмсалды, ал, 40 пайызы гуманитарлық көмекті таратушы жемқор шенеуніктер мен мердігерлердің қалтасына түсті. Бұл елдің ең ықпалды газеті «Вашингтон пост» келтірген АҚШ-тың бақылаушы органдарының есептерінен алынған ресми мәліметтер.
Әңгімемізді әрі қарай сабақтасақ, 2006 жылы Желалабад ауданында «көмек бағдарламасы» аясында типтік жобада бес мектеп салына бастайды, мұндағы жобалық сметаның 80-90%-ы американдық мердігерлерге тиесілі. Олардың жергілікті серіктестері аз болса да айтарлықтай соманы алады. Сондай-ақ, атақты дала командирі Абдул-Рашид Дустумға американдық сарбаздарға оқ атпауы үшін айына 100 мың доллар төленеді. Сонымен қатар Пентагон демократияны қорғау үшін «Ауғанстанның қабілетті ұлттық армиясын құруға» тырысып, жергілікті офицерлердің жалақысына гранттар бөледі. Ақша Кабул банкі арқылы өтеді. 
2010 жылы осы банктен кәсіпкерлер – жергілікті шенеуніктердің туыстары үшін жалған несиелер арқылы 1 миллиард доллар алғаны белгілі болды. Олар бұл ақшаны американдық офшорларда сенімді жерде сақтайды. Яғни американдықтардың миллиардтаған бюджеттік долларын игеру үшін жасаған бүкіл ауғандық науқаны сәтті өтті. Бірақ, бәрінің бір күні аяқталатыны белгілі еді. Бұрынғы президент Дональд Трамп та, оның қазіргі мұрагері Джо Байден де Ауғанстаннан әскерді шығаруға уәде берді. Оның үстіне, коронадағдарысқа байланысты барлық ел негізсіз шығындарды азайта бастады. Сондықтан уәдені орындау қажет. 
Сонымен, америкалықтар ауғандық  әскери серіктестеріне хабар берместен Баграмадағы ірі авиабазадан аяқ астынан ұшақтарына отырды да ұшып кетті. Олар штабта ноутбуктерін және қару-жарақ стволдарын, ал, басқа базаларда қару-жарақ, автомобиль, бронетранспортер сияқты мол олжаларды тастап кете барды. НАТО сарбаздары дүниенің бетіне қарамайтын соншалықты ақымақ емес, әрине. Егер олардың мақсаты – бұл қаруды содырлардың қолына түсіру болса, онда бәрі өте қисынды. Көптеген елдерде террористік деп танылған «Талибан» – исламдық фундаменталистер қозғалысы бірден бас көтеріп шыға келді. Арада екі күн өтер-өтпесте Талибан Ауғанстанның 398 ауданының 162-сіне бақылау орнатты. Оның үстіне, кейбір жерлерде халық оларды қуанышпен қарсы алып жатты. Себебі, тұрғындар енді өте қатал болса да тұрақты билік орнайтынына сенім артты. Оның үстіне  келгендер өздері жау санайтын жатжерліктер емес, өз қандастары, өз жерлестері. 

Босқындардың арасында кімдер жоқ?

Ауған серіктестерінің көмегімен американдықтар  20 жыл бойы мұнда демократия орнатуға тырысты. Серіктестері арасында аудармашылар, жүргізушілер, кішігірім шенеуніктер де болды. Бір сөзбен айтқанда, «ібіліс ұлдарына жұмыс істегені үшін» тәліптер оларды болашақта түрмеге жабуы немесе өлім жазасына кесуі ықтимал. Қас қылғанда американдықтар осы «одақтастарын» тастап кетті. Оларды АҚШ-қа эвакуациялауға ешкім бармайтыны анық. Айтқандай, Кабул – Вашингтон рейсінің билет құны 1000 доллар тұрады. Бірақ, американдықтар өздерінің «Ауған оккупациялық әкімшілігінің» әр қашқын қызметкерін қабылдағаны үшін Өзбекстанға жүз есе көп ақша төлеуге дайын. Бұл жерде әңгіме мыңдаған, ал, дәстүрлі көпбалалы отбасы мүшелерімен бірге ондаған мың адам туралы болып отыр. Орта Азия үшін орасан мол ақша болып есептелетін бұл сомаға бәлкім Ташкент келісетін шығар. Ал, шілде айының басында Ауған армиясының мыңға жуық жауынгері талибандардан қашып Тәжікстанға өтіп кеткен еді. Қару-жарақпен келген мұндай босқындарды қауіпсіз деп кім айта алады?! Олардың арасында американдық барлау органдарының агенттері де, сондай-ақ жасырын террористер де болуы әбден мүмкін...
Соңғы жеткен ақпараттардың бірі бойынша, «Талибан» қозғалысы Ауғанстанның демократиялық ел болмайтынын және мемлекеттің шариғат заңы бойынша өмір сүретінін мәлімдепті. Тәліптердің өкілі Вахидулла Хашимидің айтуынша, елді арнайы құрылған кеңес басқаратын болады. Жаңа биліктің діни көшбасшысы ретінде тәліптердің басшысы Хайбатулла Ахундзада тағайындалмақ. Сонымен қатар олар жаңадан қарулы күш жасақтамақ. Оған бұрынғы үкімет әскерінің сарбаздары мен офицерлеріне кіруге ұсыныс жасалып отырған көрінеді.

Ары қарай не болмақ?

Талибан Ауғанстанды 1996-2001 жылдары басқарды. Сол кезде олар  Орта Азияға шабуыл жасаған жоқ. Саясаттанушы Тазабек Сәметбай айтқандай, бәлкім қазір де олар сол позицияларында қалатын шығар... Бір білеріміз, Кабулдағы Талибан да, халықаралық деңгейде танылған үкімет те Иран, Түркия, Қытай және араб монархияларымен байланыс орнатқан. 
Қазіргі таңда Қазақстаннан көмек сұраушылар көбейді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев СІМ-не Ауғанстандағы қазақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қажет болса тарихи Отанына қайтару бойынша барынша көмек көрсетуді тапсырыпты. Осыдан соң кейінгі уақытта өздерін ауған қазақтарымыз дейтіндер көбейген. СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров іс жүзінде олардың ешқандай дәлелдемелері жоқтығын алға тартады. Олардың кейбіреулері қазақ тілінде де сөйлей алмайды. Сондай-ақ, ата-бабаларының Ауғанстан аумағына қоныс аудару тарихы мен ру-тайпалық байланыстары туралы айта алмайды. «Біз этникалық қазақтардың тарихи Отанына оралуына көмек көрсету туралы барлық өтініштерге тексеру жұмыстарын жүргіземіз» деді А.Смадияров.

Дайындаған Баян ДАРҒОЖИНА, «Ońtústik Qazaqstan».

1 пікір

  • Балауса
    Балауса

    сонымен бұл немен бітеді ары қараи нәтижесі

Пікір қалдырыңыз