Күретамыр

1996 жылы еліміздің астанасын Сарыарқа төсіне көшіру туралы әңгіме қозғалғанда күмәнмен қарағандар көп болды. Қазақта «басы қатты болса, аяғы тәтті болады» деген сөз бар ғой. Жаңадан елорда атанған шаһарымыз бірте-бірте аяққа тұрып, гүлденген, көркейген, аты әлемге жайылған қалаға айналды. Бүгінде көпшілік Нұр-Сұлтан қаласын Еуропа мен Азияны байланыстырушы «күретамыр қала» деп атайды.
Сөздікке жүгініп, парсы түбірінен қазақша түсінігін іздейтін болсақ, «астана» – табалдырық, босаға, кіреберіс, сарайдың қақпасы, салтанатты орда есігі деген ұғымдарды білдіреді. Парсыша үндестігі «астан» (асетан) деп келеді. Келе-келе қазақта жұрт бас қосар орын, халық жиналып ақылдасар жер, ел ағалары байлам-бәтуа айтар орталық мәніне ие болғанға ұқсайды.
Жаңа астананың келешегі бүтіндей XXI ғасырдың еншісінде жатыр. Сарыарқаның сары белінде, Қанжығалы қарт Бөгенбай елінде ұлан-байтақ қазақ жерінің қасиетті орталығында мемлекетіміздің жаңа астанасының бой көтеруі, жаңа бір мәдени-ғылыми һәм саяси-экономикалық алып ортаның, Отанымыздың күретамырына қан жүгіртетін, жан бітіретін сәулетті, қуатты орданың дүниеге келуі, әлбетте, барша жақсылықтардың, игіліктердің шоғырлануы.Тарихқа үңілсек, 1830 жылдың маусым айында Есіл өзені бойындағы Қараөткел тұсында қазіргі елордамыздың алғашқы іргетасы қаланған екен.
Әр елдің астанасы – сол елдің төлқұжаты. «Астанасына қарап елін таниды» деген Елбасы сөзінде терең мән бар. Нұрсұлтан Әбіш-ұлы «Еуразия жүрегінде» атты кітабында: – қалалардың да адамдар сияқты өз тағдыры болады. Олардың әрқайсысының өз аты, қайталанбайтын өмірбаяны, дүниеде ешбір жерге ұқсамайтын өзіндік айрықша мінезі мен белгілері бар» деп жазыпты. Британдық «The Sunday Times» газеті өзінің 2005 жылғы 20 ақпандағы нөмірінде: «Астанада атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымы адам нанғысыз» деп жазды.
Ендеше, бүгінгі елордамызды – Елбасының тарихи қолтаңбасы десек жарасады. «Біз жаңа астананың негізін салдық. Бұл – бостандық туралы ежелден далалық арман мекен еткен қала. Бұл – біздің он бес жылғы жолымыз бастап әкелген және бүгінде осы жол енді ғана басталатын қала. Бұл – біздің жол, Қазақстан жолы» дейді Н.Назарбаев.
Жаңа Астананың жарқын келбеті қалыптаса бастады. Бұрын Астананы тыңгерлердің астанасы ретінде ғана біліп келсек, енді тәуелсіз Қазақстанның бас қаласына айналды. Бұл – үлкен мәртебе. Бүгінде тұрғындарының саны жарты миллионнан жәй асқан Астана Орталық Азия өңіріндегі күрт дамып келе жатқан қала. Президент әкімшілігі, Парламент, министрліктердің орталық аппараттары қоныстанған тамаша сарай-резиденциялар пайда болды. Келісті қонақүйлер мен жаңа тұрғын үй орамдары салынуда. Шетелдің дипломатиялық өкілдіктері үшін резиденциялар тұрғызылуда.
Жаңа, тәуелсіз Қазақ-станды бейнелейтін жаңа елордамен қазақстандықтардың барлық ұрпақтарының арманы мен үміті астасып жатыр. Астана, бір жағынан, жаңа Қазақстанның мақтанышына, екінші жағынан – ұлттық идеяны орнықтырудың және елді біріктірудің нышанына айналды. Ол елдің орталығында, тарихи кезеңдерде Еуропа мен Азияның транзиттік күретамырын байланыстырған, дамыған индустриялық өңірде орналасқан.
Нұралы ДАВЛЕТЯРОВ, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты.